Әлеумет

Ирригация жүйелері жаңғыртуды қажет етеді

Ирригация жүйелері жаңғыртуды қажет етеді

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Тараз қаласын ағын сумен қамту жағдайы қаралды. Баспасөз мәслихатында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қала аумағын ағын сумен қамту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Осы бағытта қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, шаһар экономикасын жақсарту бағытында жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды.

– «Түйте» каналына тоқталар болсақ, біз де бұл бағытта жеке тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өйткені, канал бойында көптеген құрылыс нысандары салынған. Каналға басқа да ағын сулардың құйылуы және оның бойын қамыс басуы, құрылыс заттарының тасталуы салдарынан арна көзі жабылып қалған. Сондықтан, оны механикалық тазалаудан өткізу қажет. Бұл каналдың бойында тұратын қала тұрғындары мен кәсіпкерлік нысандарына ескерту де жасалған. Бірақ, жеке кәсіпкерлік тарапынан ол ескертулер ескерусіз қалып келеді, – деді қала басшысы. Қала әкімі осы және басқа каналдардың табанын тазалауға көңіл бөлініп отырғанын, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын айтты. Дегенмен, қаладағы ирригация жүйесінің тозуы 90 пайызға жеткенін, сондықтан бұл мәселе төңірегінде көп жұмыс атқаруға тура келетінін жеткізді. Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында облыс әкімдігіне қарасты қаржы басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Дамир Досанов биылғы жоспар бойынша бірқатар каналдарға жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Жиын соңында Тараз қаласының әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ