Әлеумет

Жылжымайтын мүлікті тіркеуде қандай өзгерістер бар?

Жылжымайтын мүлікті тіркеуде қандай өзгерістер бар?

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласы 2018 жылдың 30 шілдесінен бастап Әділет органынан алынып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына берілген болатын. Осылайша тіркеу бағыты мемлекеттік корпорацияға өткен соң халыққа ыңғайлы бірқатар өзгерістер орын алды. Ол қандай өзгерістер, бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ облыстық филиалы тіркеу басқармасының басшысы Шыңғыс Смайылов Өңірлік коммуникация қызметінің баспасөз алаңында жан-жақты түсіндірді.

– Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу барысында меншік иелері Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңының 9-бабының талаптарына сәйкес, тұлға құқық туындауы үшін негіз болып табылатын заңдық факт басталған, оның ішінде шартты нотариат куәландырған, сот шешімі күшіне енген, өзге де құқық белгілейтін құжаттар берілген кезден бастап алты айдан кешіктірмей мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен жүгінуге міндетті болатын. Сонымен қатар, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің» 460-бабы, 1-тармағына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берудің «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңда белгіленген мерзімін бұзуы ескерту жасауға әкеп соғады. Сондай-ақ, 2-тармаққа сәйкес, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет жеке тұлғаларға 10, заңды тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бұл дегеніміз, жоғарыда аталған заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, құқық бұзушылар ескерту немесе айыппұл түрінде жауапкершілікке тартылып отырды. 2021 жылдың 26 қаңтарындағы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңының негізінде, «Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің» 460-бабымен «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңының 9-бабы қолданыстан алынды. Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасының 2021 жылғы 16 қыркүйектегі №451 бұйрығына сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқықтарды жедел түрде тіркеу құны бекітіліп, 2021 жылдың 20 қыркүйегінен бастап қолданысқа енді. Бұл ретте, жылжымайтын мүлікке құқықтарды жедел түрде тіркеу артықшылығы, мемлекеттік тіркеу мерзімі үш тәуліктен екі сағатқа дейін қысқарды. 2022 жылдан бастап екінші деңгейлі банктердің жылжымайтын мүлік нысандарына кепілді тіркеу мақсатында «Блокчейн» бағдарламасы қолданысқа енді, – деді Шыңғыс Өсербайұлы. Блокчейн – жалпы желіге қосылған көптеген компьютерлер арқылы таратылатын деректерді шифрлауға және сақтауға арналған технология. Бұл бағдарлама қызмет алушылардың халыққа қызмет көрсету бөлімдеріне барып кезек күтіп, әуреленбеуіне көмектеседі.  

Қамар ҚАРАСАЕВА