Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла, соңғы қоңырау!
Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла, соңғы қоңырау!
– Облысымыз бойынша 248 мыңнан аса оқушы кезекті оқу жылын табысты аяқтап отыр. 12 мыңнан аса оқушы алтын ұя мектептерімен қоштасты. Биылғы оқу жылында облыс оқушылары халықаралық, республикалық деңгейдегі білім, спорт, өнер байқауларында айтарлықтай жетістіктерге жете білді. Атап айтсақ, республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 14-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді. Қоғамдық- гуманитарлық бағыт бойынша өткен республикалық олимпиадада облыс командасы 1-орынды жеңіп алды. Робототехникадан республикалық турнирде облыс командасы 1-орынды иеленіп, ел кубогына ие болды. Елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін жақсарту үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда, – деген аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов барша балаларды құттықтап, жас түлек пен оқушыларға, ұстаздарға деген лебізін жеткізді. Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі тиімді шешілуде. Былтыр облыста 8 мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы 10 жаңа мектеп пен 4 мектепке жапсарлас құрылыс пайдалануға беріледі. Шара барысында мерекеге арналған «Біз – бақытты баламыз!», «Бақытты балалық шақ» вокалды-хореографиялық қойылымдары көрсетілді. 1-сынып оқушылары түлектерге арналған тілектерін жеткізді. Бақытты бала шақтан жарқын болашаққа қадам басқан түлектер қалыптасқан дәстүрге сай ел үшін аянбай еңбек етуге, Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы үшін адал болуға ант берді. Шара соңында қоштасу вальсі биленіп, соңғы қоңырау сыңғырлады.
Гүлжан РАХМАН