Әлеумет

Думанды Меркі – өнердің көркі

Думанды Меркі – өнердің көркі

Меркі ауданында оңтүстік аймақтың вокалды-аспапты ансамбльдерінің басын қосқан бәсекеге толы байқау өтті. Ауданның құрылғанына 95 жыл, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаевтың туғанына 75 жыл және «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің құрылғанына 45 жыл толуына орай ұйымдастырылған вокалды-аспапты ансамбльдердің аймақтық байқауына Алматы, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан келген 13 ансамбль қатысты.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен және аудан әкімінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған іс-шараны аудандық мәдениет үйі қызметкерлері жоғары деңгейде өткізді. Байқау шарттарына сәйкес, қатысушылар А.Қоразбаевтың бір әнін, заманауи эстрада аспаптарына қазақтың ұлттық аспаптарын қосып дайындаған бір музыкалық композиция, әлем және Қазақстан композиторларының ретро стиліндегі бір әнін орындады. Алматы қаласының Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы директорының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Есқайыр Абаханов байқаудың қазылар алқасына төрелік етті. Сонымен қатар, қазылар алқасының құрамында облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев пен Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы «Алатау» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі, фольклорист Дастан Көреген, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері, дәстүрлі және эстрада әншісі Алма Аманжолова болды. Үміткерлер ішінен үздік деп танылған меркілік «Мерей» вокалды- аспапты ансамблі І орынды иеленіп, 500 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Түркістандық «Тарлан» вокалды-аспапты ансамблі мен Сайрам ауданының «Ақсу әуендері» вокалды-аспапты ансамблі жүлделі ІІ-орынды иеленіп, 300 мың теңгеден қанжығаларына байласа, алматылық «Мерей», Т.Рысқұлов ауданының «Сұлутөр» және тараздық «Republik Band» ансамбльдері ІІІ- орынды иемденіп, әрқайсысы 200 мың теңгеден қаржылай сыйақы алды. Ал, аудан әкімінің арнайы жүлдесіне ие болған Қордай ауданының «Бастау» вокалды-аспапты ансамблі 200 мың теңгемен марапатталды. Сондай-ақ, қалған қатысушылардың барлығына 100 мың теңгелік сертификаттар мен арнайы номинациялар берілді. Байқауда үздік өнер көрсеткен ансамбльдер гала концертке қатысып, көрерменнің көзайымына айналды. Іс-шараға бастан-аяқ қатысып, туған жерге деген сағынышын әнмен жеткізген Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев жерлестеріне өз ризашылығын білдірді. Дәстүрлі және эстрада әншісі Алма Аманжоловамен бірге ән шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мен аудан әкімі Жорабек Баубеков мерейтой иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті.  

Нұрсезім ЖАРҚЫНБЕК,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 3-курс студенті

Меркі ауданы.