Әлеумет

Қазақтың ең жақсы сусыны - қымыз, ал, үлкен тойы - Қымызмұрындық

Қазақтың ең жақсы сусыны - қымыз, ал, үлкен тойы - Қымызмұрындық

Қазақ халқы ерте заманнан салт-дәстүрді берік ұстанғаны, әр дәстүрдің өзіндік тәрбиелік мәні болғаны белгілі. Дегенмен, технология дамыған қазіргі заманда ата-баба салты ұмыт болып бара жатқандай көрінетіні жасырын емес. Бұл ретте ескіні жаңартып, бұрынғыны жаңғырту ұлттық руханиятымызды көтеру, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, салт- дәстүрлерімізді дәріптеу үшін аса маңызды. Бұлай жасамасақ, өзімізге тән болмысымыз бен ділімізден айырылып қалу қаупі бар. Сол үшін де ата-бабаларымыз салған сара жолмен жүріп, мирас еткен мұраларына адалдық таныту, өткенді ұмытпай, жаңаша кейіпте әспеттеу идеологиялық тұрғыдан өте өзекті.

Қазақ халқының жаз жайлауға жеткенде тойлайтын ұлық мерекесі бар. Ол «Қымызмұрындық» деп аталады. Жылқының маңдайына май жағу – мерекенің басы. «Тоқшылық пен молшылық болсын» деген ізгі тілекпен ақ жаулықты аналар күбі басына орамал тағады. Ел-жұрттың ақ батасымен желіге құлын байланып, бие сауылады. Сабаға құйған саумал баппен пісіледі. Мерекеде бұлжытпай орындалатын «Ақ тамақ» дәстүрі бойынша қазан-қазан ет асылып, берекелі дастарқан жайылады. Мың да бір дертке шипа болған бал қымыз құйылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен үлкен-кішіге тегіс ұсынылады. Айтулы іс-шара «ALMALY» этно-туристік кешенінде «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған «Қымызмұрындық» этно-фестивалі дәл осы ұлттық дәстүрімізді ұлықтауға, әдет-ғұрпымызды дәріптеуге арналды. Ашық аспан астында жаңаша форматта өткізілген шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен аймақтың бар игі-жақсылары қатысып, дәстүрлі мерекені тамашалады. Іс-шара Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралының құттықтау сөзімен ашылды. – Қазақ халқының ұлттық қазынасына жататын мәдени рәсімнің бірі – Қымызмұрындық. Білген адамға бұл – Наурыз мейрамы сияқты көнеден тамыр тартқан қазына. Ерте замандағы шетел тарихшылары мен саяхатшыларының жазба деректерінде «Сақтардың ең жақсы сусыны – қымыз, ал үлкен тойы – Қымызмұрындық» деп жазылғаны талай сырды аңғартып тұрса керек. Ғасырлар бойы жалғасқан сол дәстүрлі мереке Кеңес кезеңінде үзіліп қалып, тек кейінгі жылдары қайта жаңғырды. Қазір де халқымыздың ұлттық сусыны – қымыз әзірленіп, саумал күбіге құйылып, қазанда түрлі тағамдар пісіріліп, қазақтың ән-күйі шырқалып жатса, жұртшылық үшін одан артық қандай мереке қажет? Осынау дәстүрлі мерекенің жер-жерде өтіп жатқаны көңілді нұрландырады. Қымызмұрындықты республикалық деңгейдегі мерекеге айналдырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Ендігі кезекте ата- бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді, мәдени-рухани құндылықтарымызды жандандырып, сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу – асыл парызымыз, – деді ол. Әкімнің сөзін жалғаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев: «Біздің алтын қазығымыз, адастырмас ақ жолымыз – ұлттық салт- дәстүріміз. Жылқы малын алғаш рет қолға үйреткен қазақ халқының бие сүтінен жасалатын сусынға қатысты дәстүрлерінің бірі – Қымызмұрындық. Халқымыздың бұл дәстүрі бірлік пен қонақжайлылықты, жомарттық пен мәрттікті білдірсе керек. Біз мерекені тойлау арқылы ата салтты ардақтаймыз, қымыздың емдік және тағамдық ерекшеліктерін жаһанға танытамыз, қадір-қасиетін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіреміз», – деп аудандық тарихи- өлкетану мұражайына Қымызмұрындық дәстүрінің символы саналатын көлемді торсықтың макетін естелік ретінде тарту етті. Фестиваль барысында көпшілік назарына аудан тарихынан сыр шертетін көрнекіліктер, қолөнер көрмелері ұсынылды. Арнайы тігілген екі киіз үйдің біріндегі көрме де жұртшылық назарынан тыс қалмады. Екінші киіз үйде ақ жаулықты әжелер жүн түтіп, ұршық иіріп, келі түйіп, ауылдың алты ауызын айтты. «Дарын» театрының әртістері мерекелік қойылым қойса, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев биебау батасын берді. Ұлттық нақышта киінген бұрымдылар қымыздың қалай жасалатынын көрсетіп, қымыз түрлерімен таныстырса, жігіттер жағы қымыз ішіп жарысты. Ұл-қыздар алтыбақан тепсе, айтыссүйер қауым қыз бен жігіт айтысын тамашалады. Сондай- ақ, қазақ күресі, қол күрес, ләңгі тебу, садақ ату, асық ойнау, дойбы, арқан тартудан жарыстар ұйымдастырылды.  

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ,

журналист.

Жамбыл ауданы