Тәуелсіздік – тірегім, елім деп соққан жүрегім
Тәуелсіздік – тірегім, елім деп соққан жүрегім
Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында қаламыздағы Абай атындағы орталық кітапханада «Тәуелсіздік – тірегім, елім деп соққан жүрегім» тақырыбында әдеби керуен ұйымдастырылды. Әсем әнмен әрленіп, биші қыздардың мың бұралған биімен әдіптеліп отырған кеш барысында ел егемендігінің тарихы кеңінен таныстырылып отырды. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің алған асулары, бағындырған белестері кітапханашылар әзірлеген материалдар, бейнероликтер арқылы көпшіліктің назарына ұсынылды. Сонымен қатар ел еркіндігін кеңінен баян еткен бірқатар кітаптардың мәні мен мазмұнына шолу жасалды. Оның ішінде Мырзатай Жолдасбековтің «Тәуелсіздік тағылымы» атты туындысы да бар. Тіпті, тәуелсіздік құрдастарының жазбалары да назардан тыс қалмағаны қуантты. Әдебиет әлемінен сыр шертіп отырған әсерлі кеште жас ақын Марал Хантөреқызы «Қазақстан» атты өлеңін оқыса, кішкентай бүлдіршіндер Шерағаның аттасы Шерхан Мұртаза, Әби Арын, Марал Әбутәліп, Жалғас Әбенов, Салтанат Сансызбай, Замира Зәрулер де жырдан шашу шашып, өз шығармаларын тарту етті. Әдеби-сазды кеш өз мәресіне жақындаған тұста ұйымдастырушылар жергілікті қаламгерлердің шығармаларына кеңінен тоқталып өтті. Оның ішінде жазушы Арғынбай Бекбосынның «Фәнилік драма» атты рубаяттары әңгімеге арқау болды. Сонымен қатар, газетіміздің директор-бас редакторы, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының «Жаралы жапырақтар», «Аран» атты шығармаларының көркемдігін, әдеби қуатын ұйымдастырушылар кеңінен сөз етті. Кеш соңында жас ақындар «Арай» газетінің тілшісі Есет Досалы мен «Ақ жол» газеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі Табиғат Абаилдаевтар бірнеше өлең оқып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Соңыра қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Әлібекова келген қонақтардың бәріне ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
«Ақ жол-Ақпарат».