Әлеумет

Әлеуетті жобалар жүзеге асырылуда

Әлеуетті жобалар жүзеге асырылуда

Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев Сарысу ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Ол ең алдымен Түркістан ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандары аралап көрді. Сондай-ақ, ауылдық округке қарасты Ә.Бүркітбаев, Үшбас, Арыстанды елді мекендерінің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты. Аталған елді мекендердегі мектептер мен клубтарда, кітапханаларда, ауылдық мешіттер мен балабақшаларда болды.

Аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Ілияс Баймағамбетов және ондағы әлеуметтік нысандардың жетекшілері өз тараптарынан атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Жеткен жетістіктері мен өздері отырған нысандардың алдағы қысқы маусымға дайындығын баяндады. Арыстанды ауылында Еркін Құлымбайұлы ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген сұрақтардың бақылауда болатындығын айтты. Күрді ұлтының өкілдері көбірек шоғырланған ауылдағы жиында ұлтаралық келісімді нығайту тақырыбында келелі әңгіме қозғалды. Содан кейін ауылда салынып жатқан мешіттің құрылыс жұмысын көріп, бүгінде елде қалыптасып отырған діни ахуал мен мешіттердің қызметі жөнінде айтып өтті. Мұнан кейін Жаңатас қаласында биыл күрделі жөндеуден өткізілуі тиіс Абылай хан атындағы мектеп-лицейінде және М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында болды. Ғимараттарға жүргізілетін жөндеу жұмыстарының сапалы болуын әрі уақтылы аяқталуын қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін Өндіріс ауылындағы клубтың және Жаңаталап ауылындағы орта мектепке жапсарлас салынып жатқан спорт зал мен асхананың құрылыс жұмыстарымен танысты. Жөндеу жұмыстарына байланысты жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді. Ауылдық округтердегі жұмыс барысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.  

Есен ӨТЕУЛІ

Сарысу ауданы