Саясат

Жерлесіміздің жетістігі жастарға үлгі

Жерлесіміздің жетістігі жастарға үлгі

Сегіз жасынан боз кілем үстіне шығып, бағын сынап жүрген Ойық ауылының тумасы Нұрдәулет Қалтайдың бағындырған белесі де аз емес. Серік Қапалбаевтың қарамағында жаттығатын ол Алматы облысы Іле ауданында өткен Халық батыры Райымбек Түгелұлына арналған турнирде жүлдегерлер қатарынан көрініп, аймақ мерейін өсірген болатын. Боз кілемнің қыр-сырын меңгерген Нұрдәулеттің бұл алғашқы жүлдесі емес. Талай байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген оған жерлестері де үлкен сенім артады.

Жуырда Н.Қалтай Семей қаласында өткен «Жас сарбаз» әскери патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілерінің арасындағы «Жас сарбаз барысы» турнирінде 1-орынды, 150 мың теңгенің сертификатын және «Алтын белбеуді» иеленді. Бұл енді тынымсыз ізденіс пен табанды еңбектің жемісі. Ол туралы палуанның өзі: – Қандай жарыс болмасын, спортшылар тыңғылықты жаттығудан өтіп, жүлдеге үміт артып келеді ғой. Бұл жолғы бәсеке жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Боз кілемге шыққан палуандар да кіл мықтылар. Маған олармен белдесу оңайға соққан жоқ. Дегенмен, алдыма үлкен міндет қойып, тілеулестерімнің сенімін ақтауға тырыстым. Алда үлкен жарыстар күтіп тұр. Ендігі жерде жаттығуларымды жалғастыратын боламын, – дейді. Үлгі боларлық ұстаным мен үздік нәтиже еленбей қалмайды. Жерлесіміздің еңбекқорлығы, ісіне деген құнттылығы лайықты бағасын алып жатыр. 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Ақордаға шақырту алған Нұрдәулетке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты тапсырылды. Онда жерлесіміздің болашағына сенім білдірген Ел Президенті: Айналайын, Нұрдәулет! Сені Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Өскелең ұрпақ – ел болашағы. Өрендеріміздің терең білім, өнегелі тәрбие алып, отаншыл әрі еңбкқор болып өсуі өте маңызды. Біз жастарға сенеміз. Саған зор денсаулық, бақ-береке тілеймін, – деп тілек білдірген. Ұрпаққа үлгі боларлық жастар осылай қалыптасса игі. Мұның алдында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек арнайы қабылдап, «Жас сарбаз барысы» атанған жерлесімізге Алғыс хат тапсырған болатын. Адам болашағын арман жетелеп, қайраты тасыған жастық шағында қалыптастырады. Осы кезеңнен бастап жеткен табыстар келер күнге азық, алдағы жоспарларға бағыт болады. Мұны «Парасат» колледжінің студенті, он жеті жастағы Нұрдәулет Қалтай жақсы түсінеді.  

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист.

Талас ауданы