- Advertisement -

Жыр жауған күн

94

- Advertisement -

Талайға тайсалмас батырымен де, таусылмас тағылымымен де, тағдырлы тарихымен де, ақеділ ақынымен де белгілі Байзақ ауданы қазыналы қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегін қалдырып келе жатқан өлке. Датқаның атымен аталып, даңқы төске өрлеген ауданда ауылда жүріп, Алаштың жүрегін қозғайтын жыр жаза білген ақын Жанатбек Тұрғынбаев асқаралы 60 жасқа толды. Ақынның туған күні туған жер төрінде өлең мерекесіне ұласты.

Еске сала кетсек, газетіміздің өткен №60 санында «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы жазған «Жанатбектің жанры» атты жазбасы қалың оқырманға жол тартқан еді. Онда алпысты алқымдаған ақынның азаматтық қырлары, жастық жалыны, өлең мен өмірдегі болмысы жан-жақты суреттелген болатын. Бұл жолы Сарыкемер ауылындағы мәдениет үйінде өткен әдеби сазды кеш барысында ақынның жазбадағы әрбір ізгі қасиетіне көзбен көріп куә болдық. Айтулы кешке Маңғыстау өңірінен арнайы ат терлетіп кеш иесінің замандасы, Алаштың Айт-Маны атанған белгілі ақын Светқали Нұржан бастаған, азулы шайыр Маралтай Райымбекұлы қостаған қаламгерлер келді.

– Талайғы Тараздың топырағынан кімдер өтпеген, не дәурендер көшпеген… Бұл жерден Жүсіп Баласағұнидан бастап бүгінгі Маралтайға дейін қаншама тақ-тақтар, қаншама шайырлар, қаншама сөз жебеген дүлдүлдер, берендер өтті. Өзіміз көзін көре қалған небір тұлпар замандастар – Артығали Ыбыраевтар, Серік Томановтар, Бауыржан Үсениндер бірге жүрген достарымыз еді. Өмірлерінің келте болғаны ғана өкініш. Біздің әдебиетте француздардан қалған ұғым бар еді «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген. Біз оны «ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» дедік. Бірақ, кейін сол ұғымды жоққа шығарған адуынды ақындарымыз бар. Ауылда тұрып, елдің ортасында жүріп-ақ әдебиет жасаған, шынайы шаһқар поэзия туғызған тұлғалар жетерлік. Тараз топырағында Жақсылық Сәтібеков, сөз суретшісі Қуанық Шолақ ағаларымыз сондай еді. Сол секілді орталарыңызда жүріп, қазақтың сиқырлы сөзін көкірегінде өлтірмей, өшірмей жүрген Жанатбек құрдасымның мерейтойы құтты болсын. Жазары таусылмасын, қаламы мұқалмасын, – деп Светқали Нұржан ақын замандасына шығармашылық шалқар қуат тіледі.

Сол секілді кешке арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, ақын Маралтай Райымбекұлы сөз тізгіндеп, Жанатбек ақынның жастық шағы, поэтикалық потенциалы, бүгінгі қарымы, азаматтық асыл қасиеттерін сөзге сүйеу, тілге тиек етті. Сол секілді мерейтойға арнайы келген қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы, Меңлібай Әбілұлы, ақындар Ғайни Әлімбекқызы, Үміт Битеновалар кеш иесіне жылы лебіздерін жеткізіп, жыр оқыды. Шара барысында Жанатбек ақынның сөзіне жазылған лирикалық әндер шырқалды. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов мерейтой иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті. Кеш соңында ақ дастарқан жайылып, ақынның жаңа жасы әдеби мерекеге ұласты.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support