Әлеумет

Адам үйінде немесе басқа жерде қайтыс болған кезде шақырылатын (жүгінетін) ұйымдар

Адам үйінде немесе басқа жерде қайтыс болған кезде шақырылатын (жүгінетін) ұйымдар

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» № 518-ІV Кодексінің 269, 270-баптарына сай, қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда (АХАТ) жүргізіледі.

Азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесінде медициналық ұйым берген қайтыс болуы туралы құжат болған кезде қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу автоматты түрде жүргізіледі. Ал, азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесінде медициналық ұйым берген қайтыс болу туралы құжат болмаған кезде қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу мүдделі адамның өтініші бойынша қайтыс болуды мемлекеттік тіркеуге негіз болып табылатын құжаттар беріле отырып жүргізіледі. Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу міндетті түрде медициналық ұйымы, атап айтқанда, жалпы тәжірибе дәрігерінің (учаскелік терапевт, учаскелік педиатр) үйдегі өлім туралы куәлік негізінде жүзеге асатыны бекітілген. Адам үйінде немесе басқа жерде қайтыс болған кезде міндетті түрде жедел медициналық жәрдем бригадасы (дабыл қағазын береді), полиция қызметкерлері шақырылады (зорлық-зомбылықтан болғанына күдік болмаған жағдайда, анықтама береді). Өз кезегінде, жедел медициналық жәрдем бригадасы дабыл қағазын берген болса, полиция қызметкерлері өлімнің зорлық-зомбылықтан болғанына күдік болмаған кезде, тиісті анықтама береді. Осы екі құжат негізінде, медициналық ұйым (жалпы практика дәрігері) үйдегі өлім туралы куәлік (№ 045/у нысаны бойынша қайтыс болу туралы медициналық куәлік беріледі) береді. Ал, өлім туралы куәлікті жалпы тәжірибе дәрігерлері беруден бас тартқан жағдайда, міндетті түрде азаматтарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптары негізінде, дау айту құқығы туындайтын – жауап хат берілуі тиіс. Өлімнің тікелей себебі анықталмаған жағдайда, жұбайының (зайыбының) немесе жақын туыстарының бірінің не заңды өкілінің жазбаша келісімі болған кезде, патологиялық- анатомиялық диагностика жүзеге асырылады. Жерлеу зират қорымының әкімшілігіне қайтыс болуды тіркеуді жүзеге асыратын тіркеуші орган берген қайтыс болу туралы куәлікті және (немесе) медициналық ұйымның медициналық куәлікті не «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алынған қайтыс болу туралы хабарламаны ұсынғаннан кейін ғана зират қорымының аумағында жүргізіледі.  

Жанат ДҮЙСЕБАЕВА,

Тараз қалалық сотының судьясы.