- Advertisement -

Халықты жұмыспен қамту шаралары үш бағытта жүзеге асырылуда

90

- Advertisement -

Әр белестен өткен сайын жеткен жетістіктерімізді саралап, кемшіліктерді зерделеп, келешекке бағыт-бағдар белгілеп отыру – заңды құбылыс. Еліміздің өткеніне шолу жасап, алда болатын оңды өзгерістердің жаршысына айналған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаулары осындай игі мақсаттардан туындап отыр.

Президентіміз экономикамыздың барлық саласын қамти отырып, әр салада атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді. Соның ішінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы бойынша да біз өзімізге бекітілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарып келеміз.

Жалпы, мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын, соның ішінде Президент Жолдауындағы әлеуметтік мәселелерді іске асыру облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан негізгі үш бағытта жүзеге асырылуда. Олар – халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға жәрдемақылар төлеу, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету.

Мемлекетіміздің ең пәрменді әлеуметтік саясаты өнімді еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын жасақтау болғандықтан, Президенттің Жолдауларында халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді.

Жолдауға сәйкес, халықты жұмыспен қамту бағытындағы жаңа саясат тетіктері белгіленіп, оны жүзеге асыруда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыс халқының саны 1 миллион 220,5 мың адамды құраса, жұмыс күші – 571,1 мың адамға жетті. Жұмыспен қамтылған халық саны 543,2 мың, оның ішінде жалдамалы жұмысшылар 361,8, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 181,4 мың адамды құрап отыр. Жұмыссыздар саны 28 мың адам, жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз.

Негізі халықты жұмыспен қамту мәселелері өткен жылдан бастап кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Жоба аясында биыл облыс бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 54 156 адамды тарту жоспарланып, 1 мамырдағы есеп бойынша 23 847 адам тартылды. Жоспар 44 пайызға орындалды. Сондай- ақ, жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 45 242 адам болса, есепті кезеңге 16 863 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 37,3 пайызға орындалып отыр.

Сонымен қатар, Жұмыспен қамтудың өңірлік карталары аясында электронды еңбек биржасына енгізілетін жұмыс орындарының жоспары 67 968 орын болып бекітілсе, оның ішінде тұрақтысы – 52 360. Есепті кезеңге барлығы 22321 жұмыс орны құрылып, жоспар 32,8 пайызға орындалса, оның ішінде 12 374 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 955 адамды жолдау жоспарланып, есепті мерзімге 978 адам жолданды. Олардың 48-і жұмыстарын аяқтап, 42 адам немесе 87,5 пайызы тұрақты жұмыс орындарына жіберілді.

Жастар тәжірибесіне 3044 түлекті жолдау жоспарланып, бүгінде 631 адам жолданды. Олардың 69-ы жұмыстарын аяқтап, 55-і немесе 79,7 пайызы тұрақты жұмыс істеуде. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 8765 адам тарту көзделсе, есепті мерзімге 7333 адам тартылған. «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 574 адамды қамту қажеттігі бар. Қазіргі таңда 149 адам жұмыс істеуде. Зейнетке дейінгі азаматтарды қолдау бағытында қолға алынған «Күміс жас» жобасымен 743 адамды қамту көзделіп, оның 602-сі жұмыстарын атқаруда.

Халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасқан 705 адамның 651-інің еңбек шарты тіркелді.

Бүгінде қайтарымсыз гранттар әлеуметтік осал топтарды қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі болып отыр. Биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1054 адамға «Ұлттық жоба» аясында кәсіпкерлікті дамытуға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып, бүгінде 267 адам 368,4 миллион теңгенің грантын алды. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша онлайн оқыту курстарына 4982 адам жолданып, 3347 адам оқуларын аяқтады.

Ел Президентінің Жолдауына сәйкес, биыл жастарға 2,5 пайызбен микрокредит беру қаралып отыр. Осы мақсатта облыс бойынша 347 адамға 1735 миллион теңге көлемінде шағын несие беру жоспарға енді. Несие беру наурыз айында бастау алып, бүгінде облыс жастарынан құны 1419,1 миллион теңгені құрайтын 309 жоба қабылданып отыр. Биыл атаулы әлеуметтік көмекпен 58340 адамды қамту жоспарланып, оларға барлығы 4,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Осы жылдың 1 мамырына атаулы әлеуметтік көмек 6581 отбасындағы 34778 адамға 1,4 миллиард теңге тағайындалып, 5968 отбасындағы 31446 адамға 1,1 миллиард теңгесі төленді.

Халықты жұмыспен қамту бағытындағы маңызды шаралардың бірі – жастарды жұмыспен қамту. Президент өз Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін атай отырып, еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс берілетінін жеткізді. Осы жұмыстардың алғышарты ретінде жастарды жұмыспен қамту бағытында да жұмыстар жүргізілуде.

Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес аз қамтылған отбасыларына жәрдемақылар төлеу бағытында да түбегейлі оңды өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасын енгізу басталған. Бұл карта – әлеуметтік мәртебесіне қарай кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы әрбір азаматқа ақпарат берудің құралы. Яғни, азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы». Осы Карта әлеуметтік көмек алатын азаматтарға тиісті органдарға жүгінбей-ақ, мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады.

Қорыта айтқанда, Жолдау жүктеген ауқымды міндеттерді өз құзіреті шегінде жүзеге асыру біздің басқарманың басты міндеті болып қала бермек.

 

Еркін КЕЛЕСОВ,

облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар

басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support