- Advertisement -

ТМД-дағы жалғыз туындының авторы

525

- Advertisement -

Еселі еңбек – еңселі экономиканың қозғаушы күші. Ал, ел экономикасының алынбас қамалы – құрылыс саласы. Жалпы, Ұлы Жібек жолының
бойындағы Тараз шаһарында түркілік дәуірден бастап сәулет өнерінің қарыштап дамығанына
дәлел жетерлік. Жер-ананың жеті қабатына іргесі қаланған жауһар қала – бекзада бабалардың өшпес қолтаңбасы. Осы киелі топыраққа кіндік қаны тамған азаматтардың арасында, тәуелсіз елдің астанасына өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген құрыш қолды құрылысшылар аз емес. Солардың бірі де бірегейі – саналы ғұмырының жарты ғасырдан астамын осы салаға сарп еткен майталман, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, «Бәйтерек» құрылысшылар одағы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері, жерлесіміз Жамбыл Мелдебайұлы.

Түркі дүниесінің тарихи құнды құжаты – «Құтты білікті» жазып шыққан әйгілі әулие Жүсіп Баласағұн «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік. Екіншісі – ұят, үшіншісі – әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады» деген. Кешегі алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деген мазмұны терең, асыл сөзі қанша заман өтсе де өзектілігін жоймай, қайта мәні арта түсуде. Ұстанымынан ұраны басым бүгінгідей қоғамға әрине, кешегі Жерұйықтың заманауи прототипі – Мәңгілік елді құру және оның іргетасын мықтап қалау үшін сан салада ұлттық мінез ауадай қажет. Рас, өз ісінің жілік майын шағатын білікті
майталмандар әр салада жоқ емес, бар. Бірақ аз ғана. Өкініштісі, елдің дамуы жолында толарсақтан саз кешіп еңбек етіп жүрген ондай мамандардың еңбегі елене беруі екіталай. Сондай салмақты саланың бірі, әрине құрылыс саласы. Ертегідегі Ертөстіктей сағат санап өсіп келе жатқан елордамыздан бастап, Отан-ананың әр қаласы бұл күнде көз ілеспес жылдамдықпен құлпырып келеді. Бірақ, біз тек игі істің түп- тамырын емес, тұғырын ғана, ғибратты есіл еңбекті емес, зәулім ғимараттарды ғана көретініміз жасырын емес. Ал сол бір ғана ғимаратқа қаншама маманның маңдай тері сіңді десеңізші…

Осынау жауапкершілігі мол саланың сардары Жамбыл Мелдебайұлының еңбек жолы да көпке үлгі, ұрпаққа өсиет деп айтсақ, асып айтқандық болмас. «Әкесі Мелдебай ақсақал да сұрапыл соғыстан кейінгі жылдары нардың жүгін арқалап, қиындыққа тап келген талай отбасыға қолұшын созып, сын сағатта сүйеу болып, риясыз ел алғысына бөленген еңбексүйгіш, жаны жомарт ақеділ азамат еді», деп жақсылығын айтудан жарысады көзкөргендер.

Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы Ақтоғай елді мекенінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген Жамбыл Мелдебайұлы сол әке тағылымымен шаруаға ерте араласты.

Байқадамдағы интернатта қара танып, Қаратау қаласындағы құрылыс техникумында білім алды. Саланың жас маманы ретінде сол кездегі жас қала – Жаңатастың өсіп-өркендеуіне ә, дегеннен атсалысты. Абай хакім айтқан «көрсем, білсем» деген жастық құштарлықпен білімін толықтырып, политехникалық институттың өнеркәсіп- азаматтық құрылыс факультетін тәмамдады. Осылайша участок бастығы, инженер, құрылыс басқармасының басшысы қызметіне дейін өз еңбегімен өсті. Жаңатастың ажарын арттырып, керегесін кеңейткен, ізгілігін ілгерілетіп, шаңырағын биіктеткен талай құрылыс нысанында оның табандылығының табы қалды. Өміріндегі кезіккен кедергілерді еңсеріп, қиындыққа мойымай, әрбір белесіне адал еңбегімен жеткен ол облыс орталығы – Таразға табан тіреп, құрылыс-монтаж басқармасын абыроймен басқарды.

Ауылдан басталған еңбек жолы асау Талас өзенінің екпінімен арқаның Есіліне жетіп, Елорданың еңселі ғимараттарын салуға бар ерік-жігерін жұмылдырды.

Отанның жүрегіне айналған астананың тарихын кітаптай кірпіштермен қаттап жазды. Құрылысшы туралы:
…Үйлерім көп орасан, Біреуінен бірі артық. Тамашалай қарасаң,
Көз алмайсың құмартып. Қалада да,
Далада
Сап түзесе сан үйлер,
Қуанады бар ана,
Қуанады сәбилер, – деп ақын
Әбдірахман Асылбек айтпақшы, бір сөзбен айтқанда, Жамбыл Мелдебайұлы – құрылыстың құлаш-құлаш сатысынан құлшыныспен құламай өтіп, саланың сайыпқыранына айналды. Сондықтан да оның еңбек жолын отандық құрылыстың энциклопедиясы деп айтуға болады.

Осынау тасқыны тас жаратын өмірде халықтың қалыбына құйылып, қынабынан шыққан ол құрылыстағы қордаланған мәселелерді шешіп, жетістігі мен жеңісін шынайы жеткізуге де белсенді атсалысып келеді.

– Қаратаудағы техникумнан 1972 жылы инженер-техник мамандығын алып шығып, бірден Жаңатасқа жолдамамен бардым. Ең алдымен бетон қалаудан бастадым. Үш айдың көлемінде шебер болдым, іле сол уақыт тәртібімен әскерге алып кетті. Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін де бригадир, прораб, аға прораб, бас инженер, мекеме басшысы қызметтерін атқардым. Әкем марқұм үнемі «естігеніңді ешкімге айтпа, көргеніңді жақыныңа айт, уәде берсең орында, орындай алмасаң ескерт» деп отыратын. Сол ұстаныммен жұмыс істедім. Әкем де, шешем де өмірден өтіп кетті. Жаңатаста орыстар мен еврейлермен қызметтес болдым. 1987 жылға дейін Жаңатаста бірнеше өндірістік нысандар, қалалық аурухана, 110 тонналық автомашиналарға арнайы автобаза, қалалық училищенің құрылысын салуға қатыстым. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде мен де істі болып, бір жетіге қамалдым. Десек те, ел алдындағы перзенттік парыздан сүрінбеуді серт етіп жұмысты жалғастырдым. Зайсандағы жер сілкінісі кезінде де баспанасынан айырылған отбасыларға үй салдым. Арменияның Спитак қаласында болған зілзаладан кейін де құрылыс жұмыстарына атсалыстым. Еліміздегі еуростандарт үйлердің де бой көтеруіне бірінші болып үлес қостық, – дейді сала майталманы.
Рас, оның қолтаңбасын кез келген әлеуметтік нысаннан, өндіріс ошағынан кездестіруге болады.

Ел тағдыры сын сағатта болған аумалы-төкпелі кезеңдерде де ол ісінен жаңылған емес. Қайта жігерін қайрап, намыспен еңбек етті. Шынайы елінің патриоты екенін даурықпа сөзбен емес, десте-десте іспен көрсетті. Замана желі мемлекеттің сан саласына салмақ артып, салқындық сездіргенде жеті жылдай салық саласында да абыройлы қызмет атқарды. Жай күндері жауапкершілігі атан түйеге жүк боларлық салаларда бейнетті кезеңде бел жазбай еңбек етті.

Сүрлеу жолы кейінгіге бағыт-бағдар болған уақытта да тоқырап, тоқтап қалмады. Кейінгіге аға, кедергіге тап болған сала мамандарына пана бола білді. Ел етек- жеңін жиып, қолы аузына жете бастаған тұста жұртына дәнекер болды. Ағалық жасқа жетсе де «болдым», «толдым» демей, өзі қалай үйренуден жалықпаса, үйретуден де солай жалыққан жоқ. «Қайығым өзеннен өткенше» деп емес, «қаймана халқымның есіктегі басы төрге жеткенше» деп табандылықтан таймады.
Жасыратыны жоқ, кезінде ауыл баласының әрбірінің басынан өткен көріністердің бірі – киіз үй тігу болатын. Әрбіріміз үшін бұл іс айран-асыр мереке еді. Сонда көпшіліктің біреуі бақанмен шаңырақты көтеріп тұрса, қалған жұрт керегелерді мықтап байлап, уықтарды нықтап сайлайтын еді. Міне, еліміз шаңырағын көтеріп, егемендіктің еңсесін көтерген тұста Жамбыл Мелдебайұлы өз саласының уәделі уығына берік болды. Өз саласының керегесін кемеңгерлікпен қалқалады.

Өз саласының ой-шұқырын бес саусағындай білетін ол еліміздегі құрылысшылардың одағын құрды. Бұл – заман талабынан туындаған қажеттілік еді. Себебі саланың мәселесі шаш-етектен келетін. Құрылыстағы қордаланған мәселелер әлі де аз емес. Дейтұрғанмен, олардың оң шешілуіне одақтың ықпалы зор. Өз саласының қордаланған мәселелері өзегін өртеген майталман таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы ұсыныс-хат та жолдапты.

– Жалпы, қоғам үшін маңыздылығы жағынан мұғалімдер мен дәрігерлер, содан кейін құрылысшылардың еңбегі ерен. Десек те, көбіне осы құрылысшылардың еңбегі еленбей жатады. Құрылысшылар одағын да олардың еңбегін ескеру мақсатында құрдым. 2007 жылдан бері он мыңнан астам маманға марапат беруге ықпал еттім, кәсіби мерекені де назардан тыс қалдырған емеспін. Оған қоса, 2008 жылдан бері «Жасампаз құрылысшы» атты кітап шығарып келемін. Әр облыстағы мамандарды топтастырып, шығарып келе жатқан онтологиялық кітап жинағымның көлемі бүгінде 12 томға жетті.

Одан бөлек, Құрметті құрылысшыларды бөлек жинақтап, «Құрмет кітабын» шығарып келемін. Биыл жетінші кітабым қалың оқырманға жол тартпақ. Ондағы мақсат – құрылысшылардың атын, еңбегін ел тарихында қалдыру. Себебі, бізде құрылысшыларымыз тарихта қалатындай жағдай жасалмаған. Салада әлі де шешілмеген мәселелер өте көп. Еліміз егемендік алған жылдары Отанымызда қаншама зауыт қирап, тоналып, сыртқа сатылып кетті. Соның салдарынан да қазіргі таңда елімізде  үйдің бағасы қымбат.

Бұрын Жаңатас қаласында 9 қабатты, 6 подъезді үйді небәрі үш айда тапсыратын құрылыс зауыты болатын. Оны Кеңес одағы ыдырап, қиындық туындаған кезде қытайлықтар сатып алды. Мұндай зауыт сол жылдары тек Жаңатаста, Новосібірде, сосын Киевте ғана болатын еді.

Аталған үйлер сол уақытта Қаратау, Байқоңыр және қазіргі Қонаев, бұрынғы Қапшағайда ғана салынған еді. Ол үйлерде әлі де көптеген отбасылар тұрып жатыр. Дәл қазір ондай отандық зауыттар жоқ. Бұрынғы өз зауыттарымыз болғанда қазір үйдің шаршы метрі 450- 500 мың теңге емес, бар болғаны 100-150 мың теңге айналасында болар еді.

Сондай-ақ, бізге сырттан келетін құрылыс материалдары да өте қымбат. Шекараға дейін 10 теңгемен келетін материал, шекарадан өткеннен кейін 100 теңге болып шыға келеді. Ол үшін Ресей, Белоруссия елдерінен келетін құрылыс материалдарына отандық өнімдерді көптеп қосу керек. Сондықтан отандық зауыттарды іске қосуымыз қажет.

Тендер мәселесін де толыққанды реттестіруіміз тиіс. Сонда ғана халықтың баспана мәселесі түбегейлі шешіледі. Осындай халықты алаңдатқан мәселелерд ікөтеріп, ел Президентіне арнайы хат жаздым. Хатта салалық министрлік құру туралы өз ұсынысымды жеткіздім. Арнайы ведомство болса саладағы мәселелерге жүйелі әрі кешенді бақылау болар еді, – дейді Жамбыл Мелдебайұлы.

Жерасты шахтасынан баста Алматыдағы әйгілі телемұнара, Назарбаев университетінің адам өмірін ұзартуға бағытталған зертханасына, елордадағы Үкімет үйінің құрылысына да еңбегі сіңген Құрметті құрылысшы былтыр қайтадан туған өңірге – Таразға оралып, кіндік қаны тамған киелі өңірде халқына қызмет етуде. Өмірінде талай жақсылықты да, сатқындықты да көрген білікті құрылысшы жастардың тәрбиесіне көбірек назар аударатынын, өзі кезіккен кедергілерден бөлек, саладағы басқа да келеңсіздіктерге көңілі алаңдайтынын жасырмады.

Алдағы уақытта Астанада құрылысшылар музейін салуды жоспарлап отыр.

– Әкем үнемі «Жақсылық тек жақсы адамның ғана қолынан келеді» деуші еді. 2016 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Ұлттық музейдің директоры болып тұрған тұста екеуміз ақылдаса келе, құрылысшыларға ескерткіш орнату, жеке музей салу қажеттігін талқыладық. Ұтымды идеяны тиісті министрлікке ұсынып, жолдарын біліп, әкімдік арқылы мың құбылған жерінің мәселесін де әзер дегенде шештік. Нәтижесінде 2020 жылы ғаламдық пандемияға, карантиндік жағдайға қарамастан, құрылысшыларға еңселі ескерткіш орнаттық. Алдында 33 метрлік үлкен стелласы бар. Ал, ескерткіштің өзін граниттен жасадық. Оған ешқандай үкіметтің қаржысы жұмсалған жоқ. Бар шаруаны құрылысшылардың көмегімен, демеушілігімен тындырдық. Айта кету керек, құрылысшыларға арналған мұндай ескерткіш күллі ТМД мемлекетінде жоқ. Тіпті дүниежүзі бойынша жалғыз деп айта аламын. Енді сол ескерткіштің жанында заманауи музей салуды жоспарлап отырмын. Оның жері де, жоспары да дайын тұр. Тек құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты, инвестор іздеп жатырмыз. Шын мәнінде, бұл – ел астанасының абыройы, мемлекеттік маңызы бар мәселе. Соған сәйкес, билік орындары да мемлекеттік көзқарас танытар болса, бұл құрылысшыларға арналған ел тарихындағы тұңғыш музей болады, – дейді Жамбыл Мелдебайұлы.

Құрылыстың қыр-сыры ғұмырымен біте қайнасып жатқан ол өзінің туып- өскен ауылына да перзенттік парызын, азаматтық борышын адал іспен өткерген. Ауыл мектебінің алдына өзіне дейінгі аға буынға арнап еңбек ардагерлеріне ескерткіш тұрғызған. Көсегенің Көкжонындағы М.Әуезов атындағы мектепте бірге оқыған 1969 жылғы түлектерінің қолдауымен қазыналы, қарт Қаратаудың «Аққырқа» асуына «Қаратау қыраны» обелискасын орнатуға өз үлесін қосты. Қазіргі уақытта жоғарыда өзі атап өткен кітаптарын жазып, мұражайдың мәселесін шешумен айналысуда. Оның ұлтжандылығы, отансүйгіштігі, іскерлігі, ізденімпаздығы, еңбекқорлығы қатар жүрген замандастарын таңғалдырады.
Өзінің ұрпақтары да қазір әке жолын жалғастырып келеді. Үш ұлының бірі құрылыста, екіншісі заң, енді біреуі денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етуде. Немерелерінің үлкені Фариза өткен жылы университетті тәмамдап, Астанадағы архитектура саласында еңбек жолын бастады. Одан кейінгі Олжас та құрылыс мамандығы бойынша жоғары білім алып жүр. Десек те, Жамбыл Мелдебайұлының өмірлік ұстанымы, елеулі еңбек жолы өзінің ғана емес, жалпы ұлт ұрпағына өнеге деп айта аламыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады. Себебі отаншылдық, ең алдымен, туған елінің игілігі үшін қызмет ету деген сөз. Ол үшін, әрине еңбекқор, іскер болу керек. Ұлы Абай айтқан «толық адам» ұғымы – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекқор адам дегенді білдіреді», деп дәл осындай еңбек адамдары туралы айтты. Себебі, халықты Сіз бен біз жарыса айтудан алдымызға жан салмай жүрген жарқын болашаққа тек осындай атпал азаматтар ғана алып барады. Ол – өмір дәлелдеген шындық.

Тарих куә болған дәлел. Сондықтан биыл жетпістің жотасына аяқ басып отырған Жамбыл Мелдебайұлының «Елім, халқым, ұлтым» деген ұмтылысына, еңбегіне тау қопарар қуат, тас ерітер шуақ, халықтан алғыс һәм толағай табыс тілейміз.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support