- Advertisement -

Ұлт саулығы салауатты өмір салтын ұстанудан басталады

169

- Advertisement -

Бірде ұлы данышпан Сократтан «Өмірде адамға қайсысы қымбат: байлық па, атақ па?» деп сұраса, «Адамды шын бақытты ететін атақ та, байлық та емес. Ауру патшадан дені сау кедей бақыттырақ» деп жауап берген екен. Демек, адамның бақытты болуына, ең бірінші денсаулық керек, ал денсаулықтың кепілі – салауатты өмір салтын ұстану.

Конституциямызда көрсеткендей, «Мемлекеттің басты байлығы – адам» екенін ескерсек, еліміздің әрбір азаматының саулығы мемлекет үшін маңызды. Сондықтан да халықтың салауатты өмір салтын ұстануына көбірек көңіл бөлген абзал. Ал, әрбір адамның денсаулығы оның ұстанған өмір салтына, денсаулығына қалай қарайтынына тәуелді. Сол себепті әр адам өз денсаулығына өзі жауапты. Мемлекетіміз «бұл жауапкершілік өзіңнің мойныңда» деп, халыққа ысырып салмай, салауатты өмір салтын насихаттауда біршама жұмыс атқаруда.

«Ұлт саулығы – мемлекет болашағының кепілі» екенін қоғамдық ұстаным еткен ел билігі бұқаралық спортты дамытуға да көңіл бөлуде. Халықтың 30 пайызын спортпен айналысуға тарту мақсатында спорт және жаттығу алаңдары көптеп салынуда.

Осы мақсатта ұлт болашағын ойлайтын мемлекет ретінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларды қорғау, сапалы біліммен қамту, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайту, инфрақұрылымды дамыту мақсатында спорттық үйірмелерді көбірек ашуға басымдық беріп келеді. Қазақстандағы 6 миллионнан астам бала үшін бұл қайтарымы мол мәуелі мүмкіндік. Қазіргі уақытта бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне баса назар аударылып, әр облыста, ірі аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де спорт үйірмелері ашылып, «Балалар үйірмесі» қызметі қайта қалпына келтірілді. Әрі ол үйірме жұмыстары тегін жүргізілуде. Спортпен шұғылданған адам денсаулыққа зиянды әдеттерден, ішімдік ішуден, шылым тартудан, нашақорлықтан бойын аулақ ұстайды. Дұрыс тамақтануды қолға алады. Бұл әрі қазіргідей қимыл- қозғалысы аз, смартфонға телмірген балалардың бір мезгіл спортпен айналысуына жақсы мүмкіндік болады.

Қазақстан ұлт саулығын ойлайтын мемлекет ретінде барлық мүмкіндікті, жағдайды жасап отыр. Еліміздің жарқын болашағын ойласақ, әрбір азамат өз денсаулығын қолға алып, мемлекет жасап жатқан барлық мүмкіндікті қолдануы тиіс. Дені сау, күш-жігері мықты, рухани бай, дене бітімі келіскен, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстайтын жастар – келешекте мықты қоғамды түзейтінін ескерсек, салауатты өмір салтын ұстануды тал бесіктен бастағанымыз абзал.

 

Сая ЕСБЕРГЕН,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 3-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support