Форель өсіру – аудан экономикасының локомотивіне айналмақ
Форель өсіру – аудан экономикасының локомотивіне айналмақ
Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фушанлоның айтуынша, округте балық шаруашылығы қоры қалыптасқан, соның арқасында балық шаруашылығы таяу жылдары аудан экономикасының локомотивіне айналмақ. «Округте аудандық Индустрияландыру картасына енген екі ірі «KordayFish» және «TarazEkoFish» балық шаруашылықтары жұмыс істеуде. 2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында кәсіпорындарды одан әрі дамыту үшін мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Серіктестіктер негізінен форель балығын өсіреді», – дейді округ әкімі. «Korday Fish» ЖШС-д е форельдің екі түрі өсірілуде, атап айтсақ, янтарь түсті және түрлі түсті форель. Форель шаруашылығы қазір бұлақтан су келетін су қоймасының жағасында төрт гектардай аумақты алып жатыр. Мұнда он бассейн бар. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 300 тоннаны құрайды. Биыл 180 тонна балық өсіру жоспарлануда. Өткен жылы шаруашылық аумағында шабақтарды басқа қалалардан сатып алмас үшін өз күшімен өсіретін инкубациялық цехтың қарқынды құрылысы жүргізілді. Қазіргі таңда форель өсіретін кешен пайдалануға берілді. Құрал-жабдықтар Түркиядан әкелінген. Былтыр инкубаторға түрлі түсті форель жұмыртқасының он мың болатын бесінші партиясы салынды. Уылдырық Еуропадан әкелінген. Сондай-ақ, 50 мың дана сынама үшін лосось тұқымдасының басқа тұқымы кумжа балығы инкубацияланды. Инкубатордағы балықты дернәсілден шабаққа дейін өсіру процесі өте қызықты. Сонымен, құрылғының поддоны (науа) личинкалар орналасқан торлы платформадан, ал төмен жағынан су келіп тұрады. Инкубаторлық науаларды серіктестік қызметкерлері күнделікті тексереді. Қабық пен өлі жұмыртқаны дереу алып тастау керек. Бұл жерде шабақтарды өсіру резервуарларына жібермес бұрын олардың дұрыс даму сатысында екеніне көз жеткізу маңызды. Инкубациядан кейін шабақтар тоғандарға жіберіледі. Форель тауарлық салмаққа жеткенде сатуға жіберіледі. Бұл ретте кәсіпорында қатаң карантин сақталған. Сондай-ақ, серіктестік басшысы Рамазан Харсановтың жоспарында балықты өңдеу және оны ыстау да бар. Ал, бұл – консервілеу, ыстау цехтары, мұздату цехы ашылады деген сөз. Жұмыстың барлық кезеңдері аяқталғаннан кейін жылына 300 тоннаға дейін тауарлық балық өндіруге қол жеткізу, сонымен қатар бес миллионға дейін «личинкаларды» инкубациялау жоспарлануда. 2025 жылға дейін жоспарланған барлық жобалардың толық көлемде іске қосылуы балық өнімдерін жақын өңірлерге ғана емес, республикадан тыс жерлерге де экспорттауға мүмкіндік бермек. Ал, екінші кәсіпорын–«TarazEkoFish» ЖШС норвегиялық және түрлі түсті форель, бекіре балықтарын өсіру жобасымен өткен жылдан бері айналысып келеді. Өндірістің жобалық қуатын 2025 жылға дейін 200 тоннаға дейін жеткізу көзделген. Биыл 60 тоннадан астам балық өнімі алынбақ. Бүгінгі таңда бес гектар аумақта 32 балық бассейні орналасқан. Бастапқыда оларға Алматыдан жеткізілген 70 мың шабақ жіберілген. Серіктестік басшысы Харсан Буларов шаруашылық жұмысын бастамас бұрын осы саланың мамандарын тартып, су қоймасын таңдап, осындай шаруашылықтардың тәжірибесін зерделеді. Сапалы жемазық пен құрал-жабдықтарды жеткізуге келісіп, ең жақсы шабақтарды тапқан. Бір қызығы, форельді өсіру өзеннің жылдам ағынын қажет етеді – секундына 21 сантиметрге дейін, температура режимі 5-тен 18 градусқа дейін болуы керек, судың мөлдірлігі және оттегімен қанықтылығы – мұның бәрі үлкен бұлшықет массасы бар форельді өсіруге мүмкіндік береді. Мұндай жағдайларда форель бір жарым- екі жыл ішінде үш килограмм салмаққа жетеді. Судың оттегімен қанығуын қамтамасыз ету үшін бассейндерде «катамарандар» орнатылады, оларды айналдыру арқылы су оттегімен қосымша байытылады, араластырылады, бір температуралық режим қалыптасады және балық өсіруге өте ыңғайлы болады. Шаруашылықта балық өсіру үшін жем өндіретін және сататын әлемдік компаниялардың жемазығы пайдаланылады. – Біз шаруашылықты дамытуға қомақты қаражат салып келеміз, ұсақ-түйекке үнемдемейміз, өйткені өніміміз жақсы болғанын қалаймыз. Сапа деңгейін сақтамайтын фирмалардан жем сатып алмаймыз. Негізінен жеткізушілеріміз Польша, Түркия, Балтық жағалауы елдері, – дейді серіктестік басшысының көмекшісі Юсуф Нусыров. Юсуф Нусыровтың айтуынша, қалыптасу кезеңінде бірқатар қиындықтар туындаған. Бұл бағыттардың дамуы мен кеңеюіне түрткі болыпты. Осылайша, олар балықты тасымалдау кезінде «қауіпсіз мұздату» принципін қолдана бастады. Бұл әдіс өнімді бөлшек сауда орындарына жақсы сақталған күйде жеткізуге үлкен көмек беруде. Сондай-ақ, серіктестік басшылығы толық жүйедегі балық шаруашылығының барлық элементтерін – инкубациялау, балық өсіру, аулау, өңдеуді қамтитын кластер құруды жоспарлап отыр.
Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА,
журналист.
Қордай ауданы