Әлеумет

Көптің назарын аударған нысан

Көптің назарын аударған нысан

Тараздағы Ы.Сүлейменов көшесінің бойында соғылып жатқан 1200 орындық мектептің құрылысы бір айдан бері тоқтап тұр. «Amanat» партиясы бақылау комиссиясының да назарын аударған мәселе осы болды. Күні кеше «Amanat» партиясының облыстық филиалы жанынан құрылған бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері «Ұлы Дала» шағынауданында салынып жатқан осы мектептің құрылысымен танысты. Ондағы жағдайды көзбен көрген комиссия мүшелері мәселенің мәнісін анықтауға тырысты. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай бүгінде құрылыс жұмыстарының тоқтап тұрғанын айтып, қазіргі таңда барлық мәселе шешімін тапқандықтан жақын күндері жұмыс жандана түсетіндігін жеткізді.

– «Ұлы Дала» шағынауданында 1200 орындық қос мектептің құрылыс жұмыстарын бастадық. Аталған білім ошағы бұған дейін мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған. Ал, биылдан бастап «Білім беру инфрақұрылымын қаржыландыру» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жаңа жоба болғандықтан, тіркелу жұмыстары біраз уақытты алды. Дейтұрғанмен, қазіргі уақытта бұл мәселелер толығымен шешілді, – деген ол қос нысанның бірін келер жылдың сәуір айына дейін, кейінгісін осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтты. Ондағы мектептердің құрылыс жұмыстарын «Агроспецстрой» мен «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізуде. Жаңа ғимаратта 25 оқушыға есептелген оқу кабинеттері, аудиториялар мен зертхана бөлмелері жасақталады. Ал, 5-11-сыныптар үшін жобада еңбекке үйрету шеберханалары, 300 орындық акт залы, 2 спорт залы қаралған. Бұдан бөлек, жобаға сәйкес 46 орындық оқу залы бар кітапхана, дәрігерлік кабинет пен 402 орындық асхананың да қабырғалары қаланған. Құрылыс жұмыстары қаржылық жағдайларға байланысты тоқтап тұрғанымен, аталған нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстарының 60 пайызы аяқталған. Жалпы нысанның жобалық-сметалық құны 3 миллиард теңгеден асып жығылады. Ал, құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаралғаны – 2 миллиард 310 миллион теңге. Құрылыс алаңында болған партиялық бақылау тобы нысан құрылысының оған қаралған қаржысына сай сапалы болуы маңызды екендігіне басымдық беру керектігін айтты. Нысан бұдан былай да партияның бақылауында болатындығы мердігерлерге ескертілді. Атап өтерлігі, бақылау жұмысы барысында комиссия мүшелері құрылысқа жауапты мамандарға өз талаптарын қойды. Мәселен, комиссия мүшесі Әйгерім Дәулетбаева қаладағы кейбір мектептерде мүмкіндігі шектеулі оқушыларға тиімді жағдай жасалмағанын айтып, жауапты өкілдерге осы мәселеге ерекше көңіл бөлуді қатаң тапсырды. Айта кетейік, «аманаттықтар» биылдан бастап әлеуметтік қажеттілігі бар маңызды бақылау жұмыстарын әр ай сайын жүргізбек.  

Серікболсын СЕРПЕН,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті.