Спорт және туризм

Павлов қола жүлдегер атануға жақын

Павлов қола жүлдегер атануға жақын

Ауыр атлетикадан Алатаудың баурайында, Алматы қаласында өткен әлем біріншілігінде алтын жүлдені жеңіп алған албан Даниел Годдеи допингпен ұсталғандықтан төртінші орын иегері қазақстандық Кирилл Павлов әлемдік сынның қола жүлдесін алуы керек. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы жариялаған «қара» тізімде Алматыда өткен әлем чемпионатында барлығы сегіз спортшы «допинг қолданды» деп айыпталып отыр. 77 келіде албан Даниел Годдели чемпион болған. Қытайлық Гуошин күміс, қола Квонг Сонгке (КХДР) бұйырған. Ал Кирилл Павлов өз жеке рекордын орнатып, төртінші орын алды. Енді Годдели алтынды Гуошинге беруі тиіс. Квонг Сонг күмісті, Павлов қола иеленуі керек. Дегенмен, албан спортшысы екінші рет допинг тест тапсырады. Егер онда таза болып шықса, атағын сақтап қалады. Алайда тарихта бірде-бір ауыр атлет екінші қайтара тесттен таза шыққан емес. Нақты шешімді жыл соңында IWF шығарады. Сонымен қатар, допинг қолданғаны анықталған жағдайда спортшылар медальдарынан айырылып қана қоймай, екі жылға спорттан шеттетілуі мүмкін. Екі жылға спорттан кетіп жатса, Рио олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен айырылатынын да айта кетейік.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».