Спорт және туризм

Жаңа жұлдыз

Жаңа жұлдыз

<оксшы Иса Ақбербаев қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді

Бірінші ауыр салмақтағы қазақстандық кәсіп­қой боксшы Иса Ақбербаев кәсіпқой рингтегі кезекті жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін он үш қарсыласынан айласын асырып, оның онын нокаутпен жеңіп келген қазақ боксшысына беларусь үміті Игорь Караваев та қарсы тұра алған жоқ.

IBO тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпион атағы бар жерлесіміз рингке шыға салысымен бірінші нөмірмен жұмыс жасады. Караваев сәт сайын алдыға ұмтылған жерлесіміздің қарқынын қанша жерден басуға тырысып, алдыңғы қолымен (джеб) қарсы алып отырғанымен, бірінші раунд бел ортасынан ауа бере Ақбербаевтың қысымына шыдас бере алмады. Караваевқа арыстандай атылған жерлесіміздің оң қолымен қапталдан жасаған жойқын соққысы оны рингтің бұрышына кескен теректей құлатты. Рефери беларусь боксшысының ес жиып үлгермегенін есепке алып, кездесуді тоқтатты. Осылайша бұған дейін Джованни Сарран, Моррис Окола, Брайан Клукей, Мауро Ордиалес секілді бірқатар тәжірибелі боксшыларды естен тандырған қазақ боксшысы кезекті жеңісін тойлады. Ақбербаевтың рейтингі осы жеңісінен кейін тағы да бірер позицияға жоғарылайтыны анық. Қостанай бокс мектебінің түлегін бокс мамандары алдағы жылдары әлем чемпионы атағына таласа алады деседі. «Иса Ақбербаев қазірге дейінгі кездесулерінде өзін жақсы қырынан танытып келді. Әрине, тұжырымдардың бірінде әлем чемпионы атағына таласу үшін әлі де рейтингін жоғарылатуы керек. Ол оның қолынан келетін тірлік. Жойқын соққыларымен көзге түсіп үлгерген қазақстандық боксшының алар асуы әлі алда. Ақбербаев алдағы жылдары чемпион атанып жатса, оған таңқалудың реті жоқ. Өйткені ол өз еңбегімен биіктерді бағындыра алатын жігіт» дейді мамандар қазақ боксшысының қарымына баға беріп. «Бұл кездесуде мен өзімнің кәсіпқой рингтегі ең жылдам жеңісіме қол жеткіздім. Алайда әуесқой бокстағы рекордыма әлі түзету енгізе қойған жоқпын. Әуесқойда жүрген кезде қарсыласымды он секундта жеңген кезім бар. Игорь Караваев өте қарымды боксшы. Жас та болса алғашқы кездесулерінің бәрін-де дерлік нокаутпен жеңіске жеткен. Бұл жекпе-жекке мен тыңғылықты дайындалдым. Одан қауіп те күттім. Бірақ, рингте не болғанын өздеріңіз көрдіңіздер. Келесі кездесуімді алдағы жылдың басында өткізу ойымда бар. Қарсыластың кім болатыны әзірге белгісіз. Онымен менеджерлерім айналысады. Жақсы қарсылас керек, рейтингтегі жағдайды түзеу үшін» дейді боксшының өзі алғашқы әсерімен бөлісіп. Иә, Иса Ақбербаевқа шынында да қарымды қарсылас керек. Тек мықтыларды жеңу арқылы ғана ол мұхиттың арғы бетіндегі шеберлерді мойындатып, чемпиондық тәжге таласуға мүмкіндік алады. Менеджерлері де осы бастан қарымды қарсылас іздеп жатқан көрінеді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».