Дәмхана желісі ашылды

Дәмхана желісі ашылды
Атап айтқанда, «Дәмді себет» сауда желісі №15 «Ұлы дала» шағын ауданында дәмхана өндірісін іске қосты. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың айтуынша, бұл биыл қалада жүзеге асырылып отырған айтулы жобаның бірі екен. – Кәсіпкерліктің қарыштауы ел экономикасына да зор серпін береді. Тараз қаласында да бұл бағыттағы ілкімді істер қолға алынуда. Соның бірі Тараз қаласында ашылған «Дәмді себет» дәмхана өндірісі. Бүгінде аталған желінің облыс бойынша 36 сауда орны халыққа сапалы қызмет көрсетуде. 800-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып, еліміздегі жұмыссыздық мәселесінің де шешілуіне ықпал етуде, – деді Қайрат Әбілханұлы. Бұл жобаның жалпы құны 700 миллион теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан 0,5 гектар жер телімі берілген. Жаңа өндіріс ошағы нан, торт және өзге де наубайхана өнімдері мен жылдам тамақтануға арналған түрлі тіскебасарлар дайындаумен айналысады. Кәсіпорын өкілдері фабриканың өндірістік қуаттылығы жылына 2 160 тонна өнім өндіруге жететінін айтады. Мұнда Украина мен Ресейде шығарылған арнайы кәсіби қондырғылар орнатылған. Кәсіпорында 105 адам жұмыспен қамтылып, орташа жалақы 120 мың теңгені құрауда.
Серікболсын СЕРПЕН,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің конвергенттік журналистика мамандығының 2-курс студенті.
Тараз қаласы