- Advertisement -

Қоспасы бар өнім қауіпті ме?

90

- Advertisement -

Жаймашуақ жазға қадам бастық. «Көкке ілінген қор болмас» демекші, жеміс-жидектің бәрі дәрумен. Қалада жеміс-жидек сатылатын сауда нүктесінің маңы қара нөпір, қызу алыс- беріс ортасы. Алма 400 теңгеден жоғары. Алмұрт 800, мандарин 1300 теңге. Осыдан 4 ай бұрын сортына қарай ең арзан мандарин 600 теңге болатын. Бүгінде дәл сол мандарин 1300 теңге. Нарықтағы бағаның өскенін осыдан-ақ білуге болады.

Байқап қарасақ, бүгінгі таңда базардан алған алмадан гөрі, ауылдағы ағаш басынан алып жеген жемістің аңқыған иісі мен дәмі бөлек. Неге? Өйткені, оған ешқандай дәрі-дәрмек қосылмаған. Негізі, кез келген өсімдік дәмін, пішінін өзгертсе, ол табиғи емес, гендік модификацияланған өнім. Ал, гендік модификация мәселесі бүгінде халықаралық тағамтану институттары ғалымдарының зерттеп, түрлі пікір айтып жүрген мәселесіне айналды. Бұл бүгінгі таңда ғылымның ауыз толтырып айтатын табысты жемісі дегенімізбен, оның зияны туралы да дабыл қағылып, түрлі дәйектеме айтылып жүр.

Қазақ бұрыннан «Денің сау болсын десең, асыңды түзе», «Ас – адамның арқауы» деп бекер айтпаған. Қазір сөре толы көздің жауын алған жеміс- жидекке қоспа қосылғанын, одан келер қауіптің жетіп-артылатынын біліп тұрып, тұтынамыз.

Себебі, сыртқы көрінісіне қарап, адам ағзасына зиян деуге көңіл қимайды. Елімізге ол өнімдер негізінен сырт елдерден тасымалданады. Ал, сырттан келген өнім жолда бұзылып кетпеуі, ұзақ сақталуы үшін міндетті түрде қоспа қосылады.

Негізі гендік модификация өнім құрамындағы тағам қоспасының тізімінен анықтауға болады. Сондықтан, тағамды сатып алмастан бұрын мұқият қарап шыққан жөн. Кейде азық-түліктердің сыртынан «ГМО-сыз» деген белгіні көзіміз шалады. Осы өнімдер таза, табиғи.

– Гендік модификацияланған, яғни, қоспасы бар жемістердің барлығы әдемі қалпында ұзақ сақталады. Бұрындары сұрыптың жаңа түрін шығаруға ондаған жылдар қажет болса, қазіргі уақытта тек бір-екі жылдың өзі жетіп жатыр. Көбінесе, олардың қатарында соя, бидай, қызылша, жүгері, рапс, картоп, құлпынай бар. Бұл қалай жүргізіледі? Егер, қандай да бір белгіге жауап беретін генді алып тастасақ, белгі біржолата жойылады. Ал, оған жаңа бір генді енгізсек, өсімдікте немесе жануарда жаңа қасиет пайда болады. Барлық кондитерлік, әсіресе, кәмпиттер, печеньелер, ұн, шоколад түрлерінің құрамында трансгендер бар, бірақ зиянды екенін айта бермейді,– дейді облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Алибаева.

Гендік модификацияның пайда болуының себебін ғалымдар жер шарында адам санының жыл санап өсіп келе жатқанымен байланыстырады. «Гендік модификация жер шарындағы адамзат баласын аштықтан құтқармақ түгілі, ұрпақсыз қалдырып, мүлдем жойып жіберетін жойқын күшке айналуы мүмкін», – деп ғалымдар дабыл қағуда. Статистикаға көз жүгіртетін болсақ, жер бетіндегі адам саны 2050 жылға дейін 9,5- 11 миллиардқа көбейеді деген болжам бар. Жер шары осыншама адамды асырай алмауы мүмкін екен. Адам өмір сүруі үшін жарық, ауа, қорек қажет. Жарық пен ауа өз алдына, адамдардың аштыққа шыдамасы анық. Сондықтан да ғалымдар гендік модификация арқылы әлем тұрғындарын аштықтан аман алып қалудың жолын осылай тапқан сыңайлы.

Мамандардың айтуынша, мұның кең таралуының себебінен адамдар мен жануарлар арасында бедеуліктің дамуы, қатерлі ісік ауруларының көбеюі, тұқым қуалайтын кемтарлықтың ерекше түрлеріне ұшырауы, өте қауіпті аллергиялық реакциялардың пайда болуы, асқазанның сілемейлі қабатының құрылымының, зат алмасудың бұзылуы, иммунитеттің төмендеуі, жалпы ауру түрлерінің көбеюіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Бірақ, бұл өзгеріс бірнеше ұрпақтан кейін байқалатыны өкінішті.

Қазіргі таңда гендік өзгеріске ұшырап, кең тарап отырған көкөністер мен жемістерге жүгері, бидай, қызылша, мақта, темекі, құлпынайлар жатады. Гендік инженерия бүгінде жануарларға да келе бастады. Осының салдарынан адам ағзасының мутациялануы да ғажап емес. Гендік өзгеріске ұшырап, будандастырылу арқылы алынған жануарлардың жаңа түрлерінен де ұрпақ өрбімейтін көрінеді.

Неміс фермері Годфрид Голувмер 1997 жылы алғашқылардың бірі болып, сиырларды асырау үшін қоспасы бар жүгеріні егіс алқабында өсірген. Нәтижесі жаман болмаған. Зиянкестерден зиян көрмей, біркелкі әрі қаз-қатар тізіліп өскен. Көздің жауын ала жайқалып өнген жүгеріні жеген сиырлар апта өтпей бірінен соң бірі ауруға шалдыққан. Осы әдіспен пайда көрмек болған Голувмердің артынша 70 бас сиыры өліп қалған. Тәуелсіз сарапшылар жүргізген зерттеу трансгенді жүгерінің құрамында 100 пайыз у болғаны анықталған. Бұл құрт-құмырсқа, жәндіктерді бірден өлтіріп жіберетін у.

Табиғат-ананың өзі реттеп қойған заңдылықты бұзып, өзгертуге тырысу қаншалықты дұрыс? Модификацияланған тағамды жеп өскен баланың болашағы не болмақ?! Атам қазақ «ауру астан» деп бұрын да айтып қойған. Тағамға түрлі зиянкесті қосудан бұрын, ішкен-жегені қымыз-қымыран, айран-сүт, құрт пен ірімшік, талқан мен ет, мінгені арғымақ болған ата-бабамыз саламатты өмір салтын ұстанғаны, қоспасыз ас-ауқатты ғана тұтынғаны анық. Көшпелі ғұмырында тек көшелі сөз айтып, сыбай-сылтаң, ат үстінде жүріп те, абыжауқын ас ішпеген атам қазақтың үрім-бұтағын қатерлі қоспадан қайтсек арашалап қалмақпыз?!

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support