Білім

Биыл 12 мыңнан аса жамбылдық түлек мектеппен қоштасуда

Биыл 12 мыңнан аса жамбылдық түлек мектеппен қоштасуда

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мен Соңғы қоңырау мерекесіне арналған «Бақытты бала шақтан – жарқын болашаққа!» атты салтанатты шараға қатысты. Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №45 гимназияда өткен мерекелік шарада аймақ басшысы барша балаларды құттықтап, жас түлек пен оқушыларға, ұстаздарға деген ізгі лебізін жеткізді. Сондай-ақ, өткен оқу жылы табысты аяқталғанын атап өтті.

Облыс әкімі бүгінде өңірдегі мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі тиімді шешіліп жатқанын да жеткізді. Өткен жылы облыста 8 мектеп пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы 10 жаңа мектеп пен 4 мектепке жапсарлас құрылыс пайдалануға беріледі деп күтілуде. 17 білім нысанында  күрделі жөндеу  жұмыстары жүргізіледі. Мерекелік шара барысында гимназияның өнерлі оқушылары ән-биден шашу шашып, «Біз - бақытты баламыз!» вокалды-хореографиялық және «Әрқашан күн сөнбесін» композицияларын көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, 1-сынып оқушыларының түлектерге арналған тілектері, түлектердің ант беруі, вальсі, қоңырау соғу рәсімдері орындалды. Айта кетейік, биыл қала сыртындағы лагерьлерде 7 мыңнан аса жамбылдық оқушы демалатын болады. Қалған балалар қосымша білім беру ұйымдарындағы түрлі үйірмелермен клубтарға, спорт секцияларына тартылады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы қала сыртында жыл бойы жұмыс істейтін оқу-сауықтыру орталығы ашылады.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі