Жаңалықтар

87 ЖЫЛДАН СОҢ...

87 ЖЫЛДАН СОҢ...

1927 жылы түсірілген сурет ақын Шәкәрімнің бейнесі болып шықты

Осы уақытқа дейін ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының үш фотосуреті сақталған екен. Бірақ, оның ішінде ақынның бүркіт ұстап түскен фотосы дау туғызып келген болатын. Себебі, еліміздегі көптеген кітаптарда бұл сурет «Бүркіт ұстаған аңшы» деп қана берілген. Кейбіреулер мұны «Қазақтың белгісіз ақсақалы», десе, екіншілері «Бұл – Шәкәрім Құдайбердиев» деп дауласқан.

Бүгінде Абай мұражайының қызметкерлері бұл дауға нүкте қойды. Олар Ресейге барып, суреттің қолдан жасалмағандығын, түпнұсқасы сақталғандығын дәлелдеп қайтты. Мәскеу мұрағаттарында Шәкәрімнің кітапта берілген осы фотосы және басқа да фотолары табылыпты. Нақты айтсақ, Ресей Федерациясы Мәдениет және өнер комитеті, Мәскеу этнология және антропология институтының мұрағатында табылған түпнұсқа сыртында «1927 жыл, Шәкәрім» деп жазылған. Фотоға түсірген орыс зерттеушісі Федор Фиельструп екен. Ғұлама оған құс салып, аң аулау және қазақтың сүт тағамдары жайлы әңгімелеп берген. – Бұл сурет тұңғыш рет елімізге нақты анықтамасымен расталып жетіп отыр, – дейді Абай мұражайының директоры Жандос Әубәкір. – Бұған дейін кітаптарда «Бүркіт ұстаған аңшы» деп аталған болатын. Осы сурет арқылы Шәкәрімнің этнографияға қосқан үлесін де анықтауға болады.

«Ақ жол-Ақпарат».