- Advertisement -

Жанатбектің жанры

76

- Advertisement -

Суретші… ақын… ұстаз…
Ұстаз… суретші… ақын…
Әлде, ақын, суретші, ұстаз шығар…
Қалай болғанда да, бір қарағанға томаға-тұйықтау көрінетін Жанатбектің бойында осы үш өнердің үшеуі де бар.

Баяғыда, мың да тоғыз жүз тоқсаныншы жылдары ма екен, оның «Жауыннан соң» деген суретін көріп, «мына жігіттің қанында қылқаламның құдіретін түсіне білетін бір ерекше қасиет бар екен-ау» деп тәнті болғам. Суретке қарап отырып жаңбырдың суына малшынған «киімдерін» көтере алмай, «екі иығы» салбырап тұрған ауылды, сол ауылдағы талдарды, жолдарды, үйлерді танығам. Өйткені, бала кезден санамда сақталып қалған сондай бір етене жақын, сондай бір көзтаныс көрініс. Мен ғана емес, жаңбырдан соң үйінен сыртқа шыққан кез келген адам дәл осындай пейзажға тап болатыны анық қой. Сондай бір сәттің Жанатбек жадында да жатталып қалып, оның әсерлі өнер туындысына айналғаны қандай ғанибет. Жанатбектің «Дауыл алдында» деген суретінен де түнерген аспанды, тағдыр- тәлейінен дауыл екпініне тағы бір рет төтеп беруді сұрап қол жайып тұрғандай көрінетін арса-арса кәрі ағаштардың сұрқай тұрпаттарын аңғарғам.

Ең қызығы, осы суреттердің авторы ендігі бір сәтте қылқаламы мен бояуларын қоя салып, ақын боп толғанып кетеді.

Дүлей дауыл демімен сурет салады,
Көк жүзінде көп бейне билеп барады.
Әлде қайдан әлдекім асықтырып,
Ақ сүңгімен әрбірін түйреп қалады.

Лақтырады найзасын жау көрінгендей,
АҺ ұрады қайсысын дәлдерін білмей,
Бүтін дүние бүк түсті жондарын тосып,
Бас көтеріп қарауға әлдері келмей.

Аласұрған ғаламнан сыр алғым келеді,
Мөлдір сезім мөлт етіп құлап үлгереді.
Мұңын менің миыма сыйдыра алмай,
Күңірене тылсым көк жылап жібереді.

«Суреткерлік» деген сөздің астар-әдебін түсінбейтін жазармандар да бар. Суреткер деген қазақтардан Бейімбет Майлы, Мұхтар Әуез, Ғабит Мүсіреп, Әбдіжәміл Нұрпейіс, Бердібек Соқпақбай, Шерхан Мұртаза, Тынымбай Нұрмағамбет, Дулат Исабек, орыстардан Лев Толстой, Михаил Шолохов, башқұрттардан Мұстай Кәрім, грузиндерден Нодар Думбадзе, абхаздардан Фазыл Ескендір дегендей және тағысын тағылар. Олардың жазғандарынан өзің бір жерден көрген адамдарыңды танып, үнін естіп, «өй, мынау анау ғой» деп қайран қап отырасың. Барлық ақын-жазушының мұраты, міне, осындай ұлы суреткерлікке жету. Бірақ құрғақ баяндауға құмбыл жазбагерлер ол мақсаттарына жете алмай, орта жолда желкесі үзілуі де мүмкін.

Қызыл шарабын төкті де,
Күн құлады жиекке.
Қызуы жүрекке жетті ме,
Кеткендей балқып сүйек те.

Тартты да мүлгіп тереңге,
Тыныштық басты жан-жақты.
Тудырып ала көлеңке,
Ай дірілдеп шам жақты.

Әлемге тұрған құбылып,
Қалмағандай бір ие,
Не деген жұмсақ жылылық,
Не деген тылсым дүние?!

Алқызыл түсте атырап,
Аспанда жұлдыз гүлдепті.
Өлең екеуміз бақылап,
Тұр едік сол суретті.

Шыққанын қара бүліктің,
Көңілге енді желік бір.
Ай астында жігіттің,
Құшқысы қызды келіп тұр.

Әрине, Жанатбектің «Көктемгі бір кеште» деген бұл өлеңі де, «Нөсері» де, суреткерлік жолындағы талап. Кейбір «кедір-бұдырларына» қарамастан, жас кезіндегі тырнақалды дүниесі ғой, ізденіс. Ең бастысы, суреткерлікті мақсат тұтып, оның мәнін түсінген, ол мәннің не екенін білген өнер иесінің қолтаңбасы.

Ақын көңілі мен суретші жаны бір. Екеуі де сұлулыққа, нәзіктікке, тылсым дүниеге іңкәр. Таластың бойында жүріп Жетісуды аңсап, ағынан ақтарылып жыр арнап жатса, ол үшін оны кінәлай алмайсыз.

Сұлу өлкем, керім өлкем, кең өлкем,
Жетісуға барсам деймін мен ертең.
Бекзат елге басымды иіп алдымен,
Жүрекжарды жырларымды жөнелтем.

Асқар тауын ақша бұлттар көмкеріп,
Алтын аспан төбеден нұр төңкеріп.
Жеті өзені құшағына алғайды,
Жетісуға жатқан кезде мен келіп.

Қапылыста қалап соны бір Құдай,
Жетісуға барсам деймін, шіркін-ай!
Жеті түнде сырын айтса дірілдеп,
Қара түннің қайырылған кірпігі-ай!, – деп келетін өлеңі де ақын жанының «дүниені құтқарып қалады» дейтін сұлулықты, сол құтқарушы-құдіреттен нұр боп таматын мейірім деген мөлдір тамшыларды аңсайды.

***

Мың да тоғыз жүз сексенінші жылдардың екінші жартысы. Нақты айтсам, 1987 жыл. Бір күні дударбас сары бала қызмет бөлмеме имене басып келді. Үркектеп тұр. Редакция табалдырығынан алғаш рет аттаған кезде басымыздан өткен жағдай ғой, жан дүниесін бірден түсініп, жылы шырай таныттым. Әлгі бала өлең әкеліпті. Аты – Маралтай екен. Фамилиясы – Ыбыраев. Райымбекұлы болғаны кейін ғой. Жамбыл педагогикалық институтының бірінші курс студенті екен. Өлеңін жарияладық. Одан кейін тағы келді. Енді бұрынғыдай именбейтін, үркектемейтін болды. Ол бізге, біз оған үйрендік.

Бір күні қасына Жанатбекті ертіп келді. Ол да өлең жазады екен. Ол да суретшінің оқуын оқып жүр. Жамбыл педагогикалық институтының көркем графика факультеті суретшілерді емес, ақындарды дайындап жатқан сияқты таңғалдым.

Мен жоғарыда келтірген өлеңдер Жанатбектің сол кезде жазған жырлары, мен тамсанған суреттері де сол кезде сызылған. Ол суреттер қазір алғашқы шыққан кітабында ғана бар, онда да көмескілеу. Ал, жырлары тасқа басылып, кітап боп шыққандықтан сақталып қалыпты.

Екі ақын, әлде екі суретші деймін бе, тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай екі айырылды. Маралтай – Тараздың тар көшелері мен тар құжыраларындағы «жорықтарына» біржолата нүкте қойып, Алматыға аттанды. Ал, Жанатбек өзі туып-өскен Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемерді байырқалады. Жырлары да салмақтана бастады.

Айдындай мөлдір аспаны керім,
Аймалап өпкен асқары көгін.
Төсінен сүттей сорғалап бұлақ,
Өрнектеп гүлмен тастады жерін.

Балаған ақық асылға тасын,
Заңғар таулардың басында жасын.
Найзағай намыс ойнаған өлке,
Өр кеуде ешкім басынбаған, шын!

Шынарын ұлпа ақ бұлт көмкерген,
Самалды таңы шаттықпен келген.
Бұлағы қыздың бұрымы сынды,
Шолпысын тағып, пәктікпен өрген.

Сәйгүліктерінің алатын терін,
Сал-сері, ақын табатын төрін.
Батыр бабалар сақ пен ғұндардан,
Мұраға қалған жәннаты жердің.

Тұтастық, бірлік арайын жағып,
Ұғынған туыс, ағайын халық.
Елдіктің туын көтерген мәңгі,
Достықтың алтын сарайын салып.

Жерұйық басқа таба аласың ба,
Ерлікті тағдыр бағалар сында.
Өткенді жалғап, бастады көшін,
Қазақстаным жаңа ғасырға!

Басалқалы бұл жыр – ақыл тоқтатқан ардагердің, байсал тартқан бай-қуатты ақынның, ұлты ұлық тұтқан қызмет – ұстаздың азаматтық үні. Қазағы мен Қазақстанын жырламаған ақын жоқ, тек солардың әрқайсысы әліне қарай шабады да. Біздің Жанатбек, міне, сол жүйріктердің қалың шоғырының ортасында.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, алпыс жасқа келген ғұмырында қаншама шәкірттерді қарлығаштың балапанындай қанаттандырып, ұшырды. Жоғары самғауды да, төмен құлауды да үйретті. Ұстаз болса да, ұстаздардың басшысы болса да, сол білім мекені – мектептен қара үзіп көрген емес.

***

Сонымен, Жанатбек Тұрғынбаевті кім дейміз?
Суретші… ақын… ұстаз…
Ұстаз… суретші… ақын…
Әлде, ақын, суретші, ұстаз шығар…
Қалай болғанда да, бір қарағанға томаға-тұйықтау көрінетін Жанатбектің бойында осы үш өнердің үшеуі де бар.

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және «Құрмет» орденінің иегері.

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support