- Advertisement -

Керімбай бабаны тұғырына қондырған мектеп оқушысы

232

- Advertisement -

Нұртас ҚОРҒАНБАЕВ, Керімбай атындағы №12 орта мектебінің бұрынғы директоры:

– Керімбай атындағы №12 орта мектебіне 1998 жылы директор болып тағайындалдым. Кезінде Мұрат Мұнатаев ағамыз директор болғанда, осында математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген едім. Сондықтан, бұл білім ұясының мен үшін әр тасы ыстық, тарихы да таныс еді. Қызметке бірден бел шешіп кірісіп кеттім.

Содан бір жылға жетер- жетпес уақытта, қателеспесем, 1999 жылғы ақпанда №12 мектептің 7-сынып оқушысы Қуат Әуесбайдың қалалық газетке шыққан «Керімбай баба кім болған?» атты мақаласы облыс көлемінде үлкен резонанс тудырды. Шыны керек, әуел баста қаршадай бала бұл мақаланы өзі жазды дегенге көпшілік күмәнмен қарағаны рас. «Мектеп директоры өзі ұйымдастырды ма?» деген күдік те айтылды. Бірақ мәселе орынды көтерілген, айтылғанның бәрі ақиқат қой. Оқушымыз тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді сұрап, бастама көтеріп жатса, біз неге оның меселін қайтарып, «неге жаздың, кім жазғызды?» деп орынсыз жазғырамыз? Қайта керісінше, ештеңеге бей-жай қарамайтын ұрпақ өсіп келе жатқанына қуанып, бастаманы іліп әкетуіміз керек деп ойладым.

Ол кезде еліміз тәуелсіздік алғанына 7-8 жыл болса да, ұлттық құндылықтарымыз бен тұлғаларымыздың есімін қайта жаңғырту бағытында әлі де шешімін күткен, қордаланған мәселе шашетектен еді. 1992 жылғы 17 сәуірде Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласы әкімінің №345 шешімімен, оған дейін Карл Маркс атымен аталып келген білім ордасы «Керімбай атындағы №12 орта мектебі болып» өзгертілді. Бірақ өкінішке қарай, тарихи шешім біразға дейін заңды күшіне енбей, құжат күйінде қалып қойды. Яғни, 1999 жылға дейін оқушымыз Қуат секілді, мәселе көтеріп, «Ау, ағайын, біздің мектеп енді Карл Маркстың атымен аталмайды, мектеп ауласында неше жылдан бері мызғымай тұрған К.Маркс ескерткішін тұғырынан алайық, орнына Керімбай Бұралқыұлының мүсінін орнатайық» деп айтпаған-ау, шамасы. Ондай мәселе көтерілмегенінің бір себебі, мектептің екі тілді болуында деп ойлаймын. №12 мектеп – қаланың қақ ортасындағы, орналасқан жері де өте ыңғайлы, білімі де беделі де биік білім ордасы ғой. Онда өңірдің кілең сүт бетіне шығар қаймақтарының, басшылардың балалары оқыды. Көпшілігі орысша білім алғаны да рас. Енді оларды таратып, «таза қазақ мектебін жасаймыз, Карл Маркстың орнына Керімбайдың ескерткішін қоямыз деп, бар жауапкершілікті өз мойнына алу ұстараның жүзімен жүргендей өте шетін мәселе еді.

Десе де, мектеп оқушысының қалалық басылымда жарық көрген мақаласы көкейімізде жүрген көп іске түрткі болды. Тіпті сең бұзып, серпіліс туғызды деуге болады. «Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, біз де қарап қалмай, осыдан кейін қала әкіміне барып «№12 мектепті таза қазақ тілінде оқытатын білім ордасына айналдырайық, Керімбайдың есіміне қатысты әділеттілікті орнатайық» деп ұсыныс айттым. Облыс әкіміне де бірнеше рет осы мәселемен бардым. Қазір айтуға оңай көрінгенмен, ол кезде бұл жалаң қолмен от көсегендей шаруа еді. Тым белсеніп шыға келгеніңді әлдебіреулер сан-саққа жүгіртіп, басшылыққа әсірелеп, құбылтып жеткізуі әбден мүмкін. Бірақ не де болса, «тәуекел, әрі кетсе қызметпен қош айтысармыз» дедім, өйткені мүмкіндігі туып тұрғанда, әрекетсіз қалсақ, ең үлкен өкініш сол болар еді. Ол уақытта облыс әкімі Серік Үмбетов болатын, «арыз көп болатынын түсініп отырмын, бірақ бұл өте орынды көтеріліп отырған мәселе, бастама баянды болсын» деп қолдау танытты. Сөйтіп бұл мәселені біржақты еткен соң, ескерткіштің шаруасына кірістік.

«Ақ жол» газетінің сол кездегі бас редакторының орынбасары, белгілі қаламгер Бақытяр Әбілдаевқа барып, Керімбай Бұралқыұлы жайлы мағлұмат жинауға, ұрпақтарын табуға көмектесуді сұрадым. Тағы да бірнеше азамат қолдау білдірді. Керімбайдың шөбересін тауып, сол кісінің айтуынша бабамыздың портретін салдырып, ескерткішін жасаттық. Оның алдында бір қызметкерімізді Ташкент қаласына жіберіп, болыстардың 1924 жылы түсірілген фотосы бар деген ақпаратқа сүйеніп, архивтен Керімбайдың суретін іздеттіріп едім, табылмады. Ал жалпы Керімбай Бұралқыұлы туралы Өзбекстанның Орталық архивінің 17-қорындағы №610, 3370 МФА – 141 беттерінде деректер бар еді.

Керімбай бабамыздың кім болғаны, оның ел-жұртқа сіңірген еңбегі туралы өз алдына бөлек тақырып.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support