Сұхбат

7-сыныпта Маркстің орнына Керімбай ескерткішін орнатқызған

7-сыныпта Маркстің орнына Керімбай ескерткішін орнатқызған

Осыдан 24 жыл бұрын, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің 1999 жылғы 18 ақпандағы №7 санында «Керімбай баба кім болған?» деген тақырыппен №12 орта мектептің 7-сынып оқушысы Қуат Әуесбайдың мақаласы жарық көрген болатын. Сол кезде небары 13 жастағы мектеп оқушысының мақаласында Әулиеата өңірінде қазақ балаларына арнап, өз қаржысына мектеп, мешіт салдырған Керімбай Бұралқыұлының есіміне қатысты тарихи әділетсіздік мәселесі қозғалған. Нақты айтсақ, Кеңес өкіметі жылдарында Керімбай болыстың ел-жұртына сіңірген еңбегі кейінгі ұрпақтарынан қасақана түрде жасырылып келгені, ал ол кісі ашқан мектепке Карл Маркстің есімі беріліп, тіпті еліміз тәуелсіздік алған кезде де пролетариат көсемінің ескерткіші мызғымай тұрғаны туралы орынды мәселе көтерілген.

Мектепті бітіргеніне 20 жыл толып отырған, сол кездегі ұшқыр ойлы, зейінді бала Қуат Әуесбай бүгінде – республикаға белгілі журналист, «Ақпарат саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Таразға түлектер кездесуіне келген сапарында әріптесімізден 24 жыл бұрын болған тарихи жағдайдың жай-жапсары туралы сұрадық. – 1999 жылы еліміз егемендігін алғанына аз да емес, көп те емес 8 жыл уақыт өтсе де, ұлтымыздың аяулы азаматтарының есімдеріне, олардың ел-жұртқа сіңірген еңбектеріне қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мәселесі баяу жүргені рас. Ол кезде ойын баласы болсақ та, осы тақырып қатты алаңдататын. Қарапайым ғана мысал, біздің мектептің алдындағы аялдаманы автобуста «Карл Маркс мектебі» деп хабарлайтыны маған еш ұнамайтын. «Бұл Карл Маркс емес, Керімбай атындағы мектеп» деп жүрген жерімде айтып, дәлелдеп, кейде пікір таластырып жүретінмін. Бірақ мектебіміздің алдында күн көсемнің мүсіні қасқайып тұрған соң, ол да көңіліңе кірбің салмай тұрмайды екен. Осы жайтты қағазға түсіріп, мектебіміздің жанында орналасқан газет редакциясына апарып бердім. Марқұм, журналист Сапарғали Әлібай ағамыз мақаламды оқып, көздері оттай жанды, «міне, азамат!» деп қолымды қысып, «кешіктірмей жариялаймыз, өте орынды мәселе көтергенсің» деді. Расында, ұзақ күттірмей, мақала жарық көрді. – Естуімше, сол кезде бұл мақаланы 7-сыныптың оқушысы жазды дегенге күмәнмен қарағандар болыпты ғой. Мұғалімдеріңіздің, мектеп директорының тарапынан қандай да бір ескерту айтылды ма? – Газет шыққан күні қаперімде ештеңе жоқ, сабақта отырсам, мектеп директоры Нұртас Қорғанбаев кабинетіне шақырды. Әдетте, директордың кабинетіне бұзықтық жасаған оқушылар шақырылушы еді, ал менің бүлдірген ештеңем жоқ. Директордың бірінші сұрағы «мұны кім жазды?» болды. Ұрыспады, бірақ. «7-сыныптың оқушысы мұндай мәселені қалай көтеріп жүр?» деп расында күмәнданыпты. Ешкімнің айтуынсыз, өзім жазғанымды, егер мәселе шешілмейтін болса, республикалық басылымдарға жазуды ойлап отырғанымды қасқайып тұрып айттым. «Шешеміз, енді сабағыңа бара бер» деді директор қысқа ғана. Ертеңіне мектептің спортзалында барлық сыныптарға арнайы жиын өтіп, директорымыз «Керімбай Бұралқыұлының есімін жаңғырту мақсатында мектебімізде бірнеше іс-шара ұйымдастырылатынын, 1 желтоқсанда бабамыздың туған күні аталып өтілетінін, алдағы уақытта ескерткіші тұрғызылатынын жеткізді. Расында да солай болды. Жарты жылға жетер-жетпес уақытта Карл Маркс ескерткіші тұғырынан алынып, орнына Керімбай бабамыздың мүсіні қойылды. – Осы жаңалықтардың бәріне сіздің мақалаңыз себепкер болып тұр ғой. «Оқушымыз орынды мәселе көтерді» деп, сізге алғыс айтқан болар? – Алғыстың үлкені, ынталандырудың зоры – жазған мақалаңнан нәтиже шыққаны, шешімін тапқаны ғой. Одан артық ештеңе қажет емес. Сол кездері Тараздағы теміржол вокзалының алдында да Лениннің еңселі ескерткіші шаһардың келімді- кетімді меймандарын «қарсы алып, шығарып салып» тұратын. Ол мәселені де жергілікті газет бетінде көтеріп, артынша «күн көсем» тұғырынан алынған болатын. Облыстық телеарнаға қатысты сынымызды, «бала» демей, дұрыс қабылдап, сол уақыттағы телеарна директоры Әлмұқан Исақ ағамыз газет бетінде жауап жазған еді. Әйтеуір, ол кезде мектеп оқушысы болсақ та, кез келген жағдайға бей- жай қарамай, шама-шарқымызша қаламға сүйеніп тұратын дағдымыз кейін журналист мамандығын таңдауымызға сеп болды. Университетте оқып жүргенімізде де «тыныш жүрмей» «анау неге бұлай емес, мынау неге бұлай?» деп қоғамдағы кемшіліктерді түзеуге талпынып жүретін едік. Жоғары оқу орнын бітірер кезде үш жүзден астам материалымыз басылым бетін көрген екен, сол материалдар негізінде «Студент Қуат Әуесбайдың шығармашылығы» деген тақырыпта диплом қорғадым. Ондағы мақсат – атымды шығару, мақтану емес, өзімізден кейінгі іні-қарындастарымызға қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну тұрғысынан ой салса деген ниет еді. Өйткені, қоғамның бір мүшесі ретінде ондағы процестер, кемшіліктер қай-қайсымызды да алаңдатуы керек деп ойлаймын. Ал алаңдау деген – жауапкершілікті сезіну. Немқұрайлылық, бойкүйездік меңдеген қоғам дамымайды ғой, жалпы. – Оныңыз жөн. Биыл мектеп бітіргеніңізге 20 жыл толып, ұстаздарыңыз бен, сыныптастарыңызбен білім ордасында бас қосқалы жатыр екенсіз. – Оқу жылының аяғында бұрынғы түлектер бас қосып, арқа- жарқа, мәре-сәре болып жатады. Дейтұрғанмен, бұл жай кездесу емес, өзімізден кейін өсіп келе жатқан іні-қарындастарға тағылым, үлгі-өнеге алатындай әсерлі кеш болады деген ниеттеміз. Өзіміз білім алған білім ордасына барып, сый-сияпатымызды жасап, тағылым алатындай кеш өткізіп, оқушыларға бағыт-бағдарымызды берсек деген ниеттеміз. Осы мектепте бізге білім берген, тәрбиенің мәйегін сіңірген ұстаздарымыз, бұрынғы мектеп директоры Нұртас Қорғанбаевқа, Қуаныш Күзембаев пен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, сынып жетекшіміз Салтанат Әліпбаеваға және басқа да ұстаздарымызға алғыс айтамыз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші ұстаздарымыздың арасында марқұм болған химия пәнінің мұғалімі Мейрамкүл Көшкінбаева апайымыз бен өз қатарымыздан жастай аққан жұлдыздай ағып өтіп кеткен бауырымыз Бауыржан Өсербаевты еске алып, Құран бағыштағалы отырмыз. 20 жылдық кездесуде ойымызға осындай бір ойлар келетіні рас. Осы басқосуымыз бір пайдалы тағылымды кездесу болады деген ойдамыз.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ.