Білім

«Жайлы мектеп». Ол қандай мектеп?

«Жайлы мектеп». Ол қандай мектеп?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатындығын айтқан еді. «…Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Осы арқылы апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», деді Мемлекет басшысы. Жайлы мектеп деген не? Жалпы, Жамбыл облысында жайлы мектеп бар ма? Бұл мәселе қалай шешімін тауып жатыр? Осы сауалдарды алдымызға көлденең тартып көрген едік. Бұл жоба аясында, мектептер жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Ауылда да, қалада да бірдей болады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқып, әр блоктың өз оқу кабинеттері, дәретханалары, спорт залдары болады. Балалар үшін қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Яғни, бейнебақылау орнатылады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар жасалады. Жобаның тағы бір артықшылығы–құрылыс толығымен қаржыландырылған. Бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындап келген болса, қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де шешімін табады. Осыған дейінгі білім ошақтарынан ерекшеленетін жайлы мектеп деген – осы. Осыған дейін де «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы жүзеге асты. Осы 100 мектебіміз біздің мектеп мәселемізді шешіп беріп пе еді? Жоқ. Еліміз бойынша мәселе екібастан шешілмеген болса, аймағымыз бойынша да ауыз толтырарлықтай нәтиже жоқ. Себебі сол, облысымызда әлі күнге дейін апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер бар. Оқу жылын 4 мектеп осындай жағдайда аяқтап отыр. Олардың қатарында Қордай ауданының Қарасу ауылындағы №7 А.Пушкин атындағы орта мектебі, Меркі ауданындағы №21, 48 мектептері және Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейі бар. Бір мектеп апатты жағдайда тұр. Сондай-ақ, бұған орын тапшылығы бар №53, 55 мектептерін де қосуға болады. «Бір бөлігі апатты болып тіркелген Шу ауданындағы Ғани Мұратбаев атындағы мектептің де мәселесі шешімін таппай отыр. Себебі, бастапқыда Шу ауданы әкімдігі тарапынан спорт зал, асхана, мәжіліс залын соғу үшін арнайы құжаттар әзірленген болатын. Бүгінде сол құжаттар сараптамадан өтуде, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек. Қалай десек те, білім саласының бастан өткермеген реформасы жоқтың қасы. Оның табысты жүзеге асқаны да, маңдайы тасқа тигені де бар. Тіпті, үш ауысымдық мектептер мәселесі қордаланып кетті. Бұл туралы Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында: – Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан, осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуы тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын, – деген болатын. Былтыр аймақта 73 мектеп жаңарса, биыл тағы 75-тен астам мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осының өзінде мәселе әлі өткір күйінде қалып отыр. Сондықтан, ұлттық жоба барысында облысымыз бойынша 2025 жылдың соңына дейін 9500 орындық 13 жаңа, заманауи, жайлы мектептер салу жоспары әзірленді. 2024 жылы 8 мектеп, 2025 жылы 5 мектеп пайдалануға беріледі. «Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады. Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал, таңғы сағат 8-ден кешке дейін дене шынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт зал болады. Сондай-ақ, мұғалімдерге де жағдайлар жасалады. Бұған қоса, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталады. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады», – дейді №62 мектептің директоры Нағима Біртәнова. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің жауапкершілігін де күшейтеді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру аймағымыз бойынша да жаңа жайлы орын құруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына өз әсерін тиігізеді. Қалай десек те, жайлы мектеп аты айтып тұрғандай, оқушыға да, ата-анаға да ыңғайлы, қатынауға қолайлы, жайлы болса болғаны.  

Гүлжан РАХМАН