- Advertisement -

21 мектепте асхана мәселесі шешілмей тұр

88

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс үшінші сессиясын облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, жүргізіп отырды. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалардың және басқа да тиісті мекеме, ұйымдардың басшылары, сондай-ақ, онлайн режімде қала және аудан әкімдері қатысты.

Сессияда облыста білім саласында сапаны қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарын бақылау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева баяндама жасады.

– Біздің мекеме облыстың білім беру ұйымдарында білім саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Соның ішінде, білім беру ұйымдарының мемлекеттік аттестаттауы, профилактикалық бақылау, білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру, білім туралы құжаттарды апостильдеу және жоспардан тыс тексерулер жүргізу сияқты негізгі бағыттар бойынша жұмыс істейді. Мәселен, мемлекеттік аттестаттау бойынша биылғы қаңтар-мамыр айлары аралығында 8 балабақшаға, 55 мектепке және 32 колледжге мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. Нәтижесінде 2 балабақша, 3 мектеп, 5 колледж алғашқы аттестаттаудан өтті. Аттестатталмаған 19 мектеп пен 27 колледжге әдістемелік көмек беріліп, кемшіліктер жойылды. Дәмеш Шайхықызы облыстың білім саласындағы мәселелерге де тоқталып өтті. Баяндамашының айтуынша, облыста балабақшаларға кезек саны 6218 орынды құрайды. Ең үлкен кезек Тараз қаласында. Бұл мәселені шешу мақсатында 17 жекеменшік балабақша ашу көзделуде. Қордай ауданы, Бәйтерек ауылындағы №45 мектеп 1999 жылы ауыл тұрғындарының көмегімен салынған. Мектеп ғимаратының қабырғалары каркастан тұрғызылған. Бүгінгі таңда 241 бала білім алуда. Мектепте спортзал, акт залы, шеберханалар жоқ. Асханада темір контейнерден жасалып, бейімделген. Аталған мәселе бойынша департамент облыстық мәслихаттың сессиясында жаңа мектеп салу мәселесін көтеруінің нәтижесінде оның құрылысына 685 миллион 522 мың теңге қаражат бөлініп, құрылысы 28 сәуірде басталған. Шу ауданы Төле би ауылында жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан әл-Фараби орта мектебінде жұмыстар тек 70 пайыз орындалған, осымен екінші жыл балалар төрт мектепке бөлініп оқуда. Бұл жағдайлар білім сапасына кері әсерін тигізетіні белгілі. Мектепті пайдалануға беру мерзімі 2023 жылдың аяғына белгіленген. Алайда, департамент басшысы білім сапасы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау қажет деп санайды.

Облыста 36 мектеп асханамен қамтамасыз етілмеген (Байзақ ауданында – 6, Жамбылда – 9, Меркіде – 5, Мойынқұмда – 1, Т.Рысқұловта – 5, Шуда – 4, Сарысуда – 3, Таласта – 2, Таразда – 1). Осы мектептердің 15-інде асхана жаңа мектеп құрылысы салынуымен шешілетін болса, 21 мектепте асхана мәселесі шешімін таппай тұр. Ал, қыркүйек айында 1-4-сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілуі керек.

Депутаттар алдына облыстың білім беру саласындағы осындай өзекті мәселелерді қойған Дәмеш Шайхықызы халық қалаулылары Керімқұл Бегалиев, Дауыл Бейсенқұлов, Алтай Райқұлов, Бегалы Ералиевтің тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға жауап берді. Облыстың білім саласына қатысты қойылған сауалдар бойынша жауаптарды облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек толықтырып отырды.

Сессияда облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев депутаттардың қарауына «Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағын беру қағидалары туралы» облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 12 қарашадағы №40-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы», «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағын беру жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 9 желтоқсандағы №19-4 шешімін жою туралы» және «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағын беру жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» мәселелерді ұсынып, нәтижесінде аталған шешімдерге енгізілген өзгерістер мен комиссия құрамы бірауыздан мақұлданды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support