- Advertisement -

Бала ғой қара орманың, құрыштай болат қорғаның!

139

- Advertisement -

Бұл күн бұрынғы күннен өзгерек. Жыл сайын естен кетпес естеліктерге толы мереке болып есте қалатын бүгінгі күні бір бала бастауышпен қоштасса, бір бала мектеп бітіріп, болашаққа жолдама алып жатыр. Өйткені, жыл сайын 25 мамырда соғылатын соңғы қоңырау биыл балалар мерекесімен тұспа-тұс келді. Дәл бүгін облыс мектептерінен 400 мың оқушы оқу жылын аяқтап, 11 мың түлек түлеп ұшады.

Бұл өмірдің базары да, ажары да – бала. Перзентін көңілдің гүліне, көздің нұрына теңеп, жүрек түкпіріндегі үлкен үміттерінің иесіне балайтын қазақ 1 маусымда тойланатын мерекені де ерекше күтеді. Бүгінде облыс халқының үштен бірін 20 жасқа дейінгі жеткіншектер құрайды. Олар облыстағы 574 мектепке дейінгі, 492 орта білім беру және 44 техникалық және кәсіптік білім ошақтарынан биылғы оқу жылын тәмамдайды.

Аймақ балаларының білім додасына келгенде бәсі артық. Олардың арасында жыл бойына өткізілген түрлі ғылыми жобалардың, халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары – жарық жұлдыздарымыз баршылық. Облыс командасы 14 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша да республикалық олимпиадада облыс командасы жүлделі 1-орынды жеңіп алды.

Мектеп бітірушілердің 7500-і алдағы ҰБТ-ға қатысып бақтарын сынайды. Ұстаздары 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан аяулы шәкірттерімен қоштасатын сәт те – осы.

Әсілінде, академик Қаныш Сәтбаев бұл күнді өмірдің үлкен жолына бастап, асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн екенін бекер айтқан жоқ. Өйткені, бұл күні қиялдарын қанаттарына байлап, армандарын арқалаған сан мыңдаған бала алтын ұяларымен қоштасады. Олар үшін сыңғырлаған жез қоңыраудың үні соңғы рет соғылады.

Бұл күн – ерекше тебіреніс пен толғанысқа толы күн. Мектеп атты кеменің ескегін есіп көрген кез келген пендені бейжай қалдырмайтын ұлы мереке. Бұл күн – қимастық пен қуанышы қатар өрілген жас түлектер үшін ең бір қымбат, ең бір ұмытылмас күн. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмірге топшысын қатайтып ұшыратын ұстаздардың күні бұл. Білім беруге ұмтылған ұстаздарынан жақсы білім алып, болашаққа осылай жолдама алатын шәкірттердің де күні. Бұл күн – түпсіз білім тұңғиығына бойлауға асыққандардың күні.

«Бар жақсылық – балаларға» дейтін қазақ үшін қатар келген қос қуаныш құтты болсын!

 

Гүлжан РАХМАН

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support