Спорт және туризм

Таразда ҚР VI Жазғы Cпартакиадасының салтанатты ашылуы өтті

Таразда ҚР VI Жазғы Cпартакиадасының салтанатты ашылуы өтті

Таразда Қазақстан Республикасының алтыншы Жазғы Спартакиадасының салтанатты түрде ресми ашылуы өтті. Орталық стадионда өткен ауқымды шараға құрметті қонақтар және көпшілікпен бірге ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты. Тараздың терең тарихы сыр шерткен «Көне Тараз» бейнеролигі, «Бабалар рухы» дауылпаздар қойылымдары жиналғандарға ерекше әсер сыйлады. Бұдан соң ортаға спартакиаданың туы шығарылды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов төрт жылда бір өтетін шараның маңыздылығын атап өтіп, барша жиналғандарды құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, министр Мемлекет басшысының қолдауымен бүгінде ел спортының қарқынды дамып келе жатқанын, ол үшін барлық тиісті жағдайлар жасалуда екенін атап өтті.

Сондай-ақ, министр жақында ғана Ташкент қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында жеңіске жеткен спортшылардың жеке жаттықтырушыларына Қазақстан Республикасының Презитенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасын табыстады. Ал Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов төрт жылда бір өтетін шараның салтанатты ашылуы киелі Тараз төрінде өтуі мерейлі мәртебе екендігін жеткізді.

Бүгінгі спорттық шараға қатысушы барлық спортшылар мен жаттықтырушыларға сәттіліктер тілеймін,-дей келе облыс әкімі спартакиаданы ашық деп жариялады. Бұдан соң спартакиаданың алауы жағылып, төреші, спортшы, жаттықтырушылардың ант беру рәсімі өтті. Салтанатты шара эстрада жұлдыздарының және жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламаға және мерекелік отшашуға ұласты.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі