Әлеумет

Бауыржанның биігі

Бауыржанның биігі

Өткенге көз жүгіртсек, еліміз егемендік алған алғашқы жылдары біз ешқандай да әлемдік рейтингке ел қатарлы ене алмадық. Дегенмен, елдегі жаңа экономикалық реформалар алға алып шықты бізді. Елбасының ішкі және сыртқы саясаттағы батыл қадамдары алдамапты. Біз қазір бәсекеге қабілетті деген елулікке кірдік. Енді алдымызға сол межені отыздыққа дейін жеткізсек деген ниет қойдық.

Елбасымыз 2006 жылы сол елулікке ену туралы мәселе қойған кезде мұның мүмкін еместігін сөз еткендер де табылды. Дегенмен, біз бұл биікті небәрі жеті жылдың ішінде бағындырдық! Бұл Еуразия атты алып құрлықтың ойып тұрып ортасынан орын алған Қазақстандай мемлекеттің экономикалық әлеуеті мықты, сәйкесінше халқының бірлігі мен берекесі мығым ел екенін әлемге кезекті рет паш етті.Бұл жетістіктің түп тамырында ең алдымен үлкен еңбек жатыр.

Еңбек демекші, мақала кейіпкері Бауыржан Әжібеков еңбек етіп жүрген «Қазфосфат» ЖШС зауыттарының ел еңсесінің тіктелуіне қосқан үлесі орасан. Кезінде аздап қиналыңқырап барып ес жиған «Қазфосфат» Қазақстандағы жетекші компаниялардың қатарында қазір. Ал, химия саласының көшбасшысы. Осының арқасында облысымыз елдегі химия өндірісінің Отанына айналған. Мұнда мыңдаған адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қырықтың қырқасындағы Бауыржан бүгінде «Қазфосфат» ЖШС-ның Тараз іргесіндегі Минералды тыңайтқыштар зауытында тұрақты жұмыста. Ол зауыт цехтарының бірінде ажырату аппаратының алтыншы дәрежелі маманы. Бұған дейін жолаушылар тасымалы саласында нәпақасын тауып, отбасының қамын күйттеп келген ол 2005 жылдан бері біржола осы салаға бет бұрған. Елдегі өндірістің өркендеп келе жатқанын саналы түрде бағамдай білген ол өз болашағын химия өндірісімен байланыстырыпты. Амандық болса, еңбектегі мемлекет белгілеп берген миссиясын химия өндірісі ардагері ретінде осында тәмамдамақшы, яғни зейнетке дейінгі еңбек жолын тыңайтқыштар зауытында өткізуді жоспарлап отыр. Әрине, мұндай шешімдер бәрібір уақыт еншісінде қалады. Дегенмен, оның өз жұмысына деген бар ынтасы мен ықыласы қиялындағы арманын көпке жетелейтін сияқты. – Нағыз өндіріс ортасы болғандықтан зауыттағы қайнаған тіршіліктің қашанда қиындығынан гөрі қызығы жеңіп кетіп жататындай көрінеді маған. Өйткені, адам өмірі сол қиындықтарды жеңумен қызық. Үлкен өндіріс ошағы болғандықтан, мұнда жауапкершілік те көп, сондықтан сақтық шаралары біз үшін аса маңызды мәселе. Ал, қалған қиындықтарды өндіріс барысында «жеңіп» жатамыз, – дейді Б.Әжібеков. Осында келгеніне он жылға жуықтаған Бауыржан бүгінде шәкірт тәрбиелеуге жарап қалған. Қарамағында бір жас маман бар екен. Ал, үйдегі тәрбиедегі балаларының да бірі бойжетіп, екіншісі ержеткен. Қызын қияға қондырған. Негізінен ТМД елдеріне және еліміздің ауылшаруашылығына минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытта Бауыржан Әжібеков сынды білікті мамандар көп-ақ.Ол өз биігін тапқан сыңайлы. Себебі, кезінде тұрмысты қаржыгер, экономист, банкир сынды элиталы мамандықтар ғана «билейді» деген таяз түсінік жылдан-жылға өзінің өміршеңдігін жойып келеді. Бұған – бүгінде елімізде техникалық мамандықтардың жаңа дәуірі басталғаны дәлел.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.