- Advertisement -

Жобаларының жүзеге асатынына сенімді

152

- Advertisement -

Тараздық өнертапқыш Марат Аюбаев отыздан астам жаңалық ашып, барлығын патенттеп алған. Өкінішке қарай, оның ашқан жаңалықтары бүгінге дейін тиісті мекемелер тарапынан қолдау таппай отыр. Ашқан жаңалықтарының қатарында жанар-жағармай бекеттерінде орын алатын жарылыстың алдын алуға мүмкіндік беретін, ғимараттарды өрттен сақтайтын жобалары да бар. Сонымен қатар, өнертапқыш әлемді толғандырған коронавирус пен құс тұмауына тосқауыл болатын амалдарды да ойлап тауып қойыпты.

– Мен табиғи және техногенді өрттерді тез сөндіру үшін қандай тәсіл жасау керектігін зерттеп, ойға түйген болжамдармен, есептік дәлдіктерді нақтылап қорытып, жаһандық деңгейде таңғаларлық жаңалық ашқан болатынмын. Енді бұл жаңалықтарды жүзеге асырсақ бұл салада талай мемлекетті басып озған болар едік. Ойлап тапқан жаңалықтар жүзеге асырылса, оның азаматтарға көп пайдасы тиер еді, – дейді ол.

Марат Аюбаевтың өрт сөндіруде ұсынатын жобасы көп-ақ. Ол өз жобасы туралы: «Ойлап тапқан көпмақсатты өрт сөндіру машинам өртті 24 сағат бойы тоқтаусыз сөндіруге мүмкіндік береді. Бұл машинаны түрлі салада пайдалануымызға болады, атап айтсақ, денсаулық, ветеринария, құрылыс пен жанармай қоймаларында. Өртті сумен, бумен, су араласқан бумен және инертті газ арқылы төрт тәсілмен сөндіреміз», – дейді.

Өнертапқыштың айтуынша, машинаның үстіне бу қазандығы орналастырылады. Ол жаңалық физикалық, химиялық, биологиялық заңдылықтарға негізделген екен. Оны тиісті мамандарға апарып, тиімділігін дәлелдеп те берген. Бірақ, неге екені белгісіз, қолдау таппаған.

«Физиканың заңдылығына сүйенсек, бір көлем судан бес мың көлем бу алуға болатыны дәлелденген. Өртті бумен өшіру технологиясын бірнеше жыл бұрын сынақтан да өткізіп көрген едік. Өрт сөндіру мамандары, төтенше жағдай саласының өкілдері және сарапшылар өз қорытындыларын шығарып та берді. Бұл машинаны тікұшақта, өрт сөндіруден басқа салаларда да пайдалануға болады. Медицина саласына да тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Бөлмелерді, ауланы залалсыздандыруға да пайдалануға болады. Бумен залалсыздандырудың экологиялық тұрғыдан тиімді екенін де ұмытпаған ләзім. Қыстың күнгі қатты аязда қатып қалған құдық суларын ерітуге де мүмкіндік бар. Машина 130-150 градустық бу бөлетінін ұмытпаған жөн. Дүкендердегі өртті бумен немесе инертті газбен өшірсек, ондағы азық-түлікке ешқандай зақым келмейді. Сонымен қатар, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан ғимараттың сыртқы ескірген бояуын да осы машинаның көмегімен өшіруге болады. Қысқасы, мен ойлап тапқан жаңалық еліміз үшін барлық жағынан тиімді», – дейді өнертапқыш.

«Бұл мәселені көтеріп жүргеніме ұзақ жыл болды. Кезінде Төтенше жағдайлар министрлігі менің тәсілім жер жүзінде кездеспейтінін айтып хат та жолдады. Кейіннен «Инертті газдарды пайдалана отырып өрт сөндіру халықаралық тәжірибеде қолданылмаған нәрсе (сол үшін патент алып отырмын). Сондықтан, біз әлемдік тәжірибеде қолданылып отырған көбік арқылы өрт сөндіру тәсілін пайдалана береміз», деп жауап берген болатын. Жанармай қоймасында өртті болдырмауға қатысты сынақты өткіздік. Қатысқан мамандар жаңалығымды бірауыздан қолдады», – дейді ол өз ойымен бөлісе келіп.

Өзінің жаңалығының жүзеге асқанын көргісі келген өнертапқыш осы уақытқа дейін Төтенше жағдайлар министрлігінен көп үміт күткен. Тіпті, уақытында жаңалығы жүзеге асатындай көрінген де кездері болыпты. Алайда, олардың барлығы арман күйінде қалып келеді.

«Менің жобама назар аудармақ түгілі, тыңдағысы да келмейтін басшылар бар. Алайда, мен ойлап тапқан техниканы құрастырсақ, әлем бізден өрт сөндіру машинасын сатып алар еді. Әттең, осыны еститін құлақ, көретін көз болмай тұр. Мәселе Президенттің құлағына жетпей, оң шешім таппайтын секілді», дейді ол.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support