Әлеумет

Саяси құрбандарды еске алуға арналды

Саяси құрбандарды еске алуға арналды

31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай өткен аптаның соңында департаменттің оқу сыныбында жеке құрамға «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» тақырыбында семинар өтті.

Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің кадр саясаты басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Алмас Жұматаев өз баяндамасында «Алжир» және «Карлаг» лагерлері туралы айтты. ХХ ғасырда Қазақстан аумағында «Гулаг» құрылымының ең ірі лагерлері – «Алжир», «Степлаг», «Карлаг» болды. Республика бір үлкен түрмеге айналып, қуғын-сүргін жылдары Қазақстанның лагерьлеріне 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтерге сәйкес, тұтқындардың жалпы саны бұл көрсеткіштен едәуір асып түседі. Осы кезеңдерде ғылым мен мәдениеттің көрнекті қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров және басқалар қуғын-сүргінге ұшырады. Жиында сөйлегендер саяси қуғын-сүргіннің бір түрі – халықтардың өз Отанынан жаппай заңсыз қоныс аударылуы, 30 жылдардың аяғы, 40 жылдардың басында бірқатар ұлттардың өкілдерін, соның ішінде немістерді, корейлерді, украиндарды, поляктарды және басқаларды Қазақстанға көшіру қалай жүзеге асырылғанын сөз етті. 50 жылдардың ортасында лагерьлерде болған жазықсыз сотталғандарға қатысты үкімдерді қайта қарау және жою процесі басталғаны айтылды. Семинар соңында «Алжир» мемориалдық-мұражай кешені бойынша 3D тур өткізілді.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП