Саясат

«Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті»

«Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті»

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында бүгінде бүкіл әлем жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын, әлемдік экономиканың әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қоймағанын алға тартып, еліміздің жаңа экономикалық саясатын жариялады. Жаңа Жолдаудың көтерер жүгі мен қамтитын ауқымы үлкен. Дегенмен, жыл құжатындағы негізгі міндеттер мен жалпыұлттық ұғымдар туралы әркім әрқалай ой сабақтайтыны сөзсіз.  Біз мұны бірқатар азаматтармен жүргізген сауалнама барысында аңғардық. Сонымен... Біздің сауалнама 1. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауынан қандай ой түйдіңіз? Бұл Жолдаудың бұрынғыларынан ерекшелігі неде? 2. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес жергілікті жерде қандай жұмыстар атқарылуы тиіс? 3. Елбасы айрықша атап өткен «Жаңа Қазақстандық Патриотизм» ұғымын сіз қалай түсінесіз? 18Бақытжан ЖАҚСЫЛЫҚОВ, Тараз қаласы әкімдігі тұрғын-жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: 1. Елбасы-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын барша отандастарымыз секілді мен де асыға күтемін. Себебі, жылдың басты құжатында еліміздің алдағы даму перспективалары айқындалып, нақты міндеттер жүктеледі. Бір сөзбен айтқанда мұның бәрі де тиімділікке әрі жүйелілікке бағытталған қадам. Жолдау жүктеген міндеттер біздің де атқарып отырған жұмысымызға серпін беретіні сөзсіз. Ал, енді Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының мерзімінен ертерек жарияланғанына баршамыз да куә болып отырмыз. Себебі түсінікті де. Әлем елдерінде орын алып жатқан экономикалық дағдарыстар мен қоюлана түскен геосаяси ахуалдың әсері біздің мемлекетімізді айналып өтпесі сөзсіз. Біз мұндай күрделі кезеңнен сүрінбей өтуіміз керек. Міне, сондықтан да Елбасы өз Жолдауында тығырықтан шығатын тура жолды көрсетіп берді. Жиырма жылдан астам уақыт Тәуелсіз елімізді парасаттылықпен басқарып келе жатқан Президент бұл жолы да көрегенділік танытып отыр. Сол себепті де жаңа Жолдау алмағайып уақытта халқымызды адастырмай, асқар шыңдарға жетелейтін құнды құжат ретінде қабылдануда. 2. Баршаға белгілі, Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында жеті негізгі басымдықтың бірі ретінде тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселесіне айрықша тоқталды. Президент осы мақсаттар 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Бұл жаңалық тұрғындардың қуанышын еселей түсуде. Жергілікті атқарушы органдар алдында ауқымды міндеттер тұр. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына сәйкес биылдың өзінде қалада 75 пәтерлі тұрғын үй кезекте тұрған азаматтардың игілігіне берілді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы 65 отбасы баспаналы болды. Жыл соңына дейін тағы бір 65 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға тапсырылады. Оған қосымша әрқайсысы 65 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті. Жас отбасылар үшін таяу күндері 75 пәтерлі бір тұрғын үйді пайдалануға берілмек. Сонымен қатар бір тұрғын үй келер жылға өтпелі нысандар қатарында. Бір сөзбен айтқанда қалада да қоныс той көбейгелі отыр. Мұның бәрі әрине Елбасы Жолдауының шарапаты екендігі даусыз. 3. Еліміздің егемендікке қол жеткізгеніне 23 жылға аяқ басты. Тоқсаныншы жылдары дүние есігін ашқан нәрестелердің өзі бүгінде ат жалын тартып мінген азамат болды. Тіпті олардың алды бүгінде басшылық қызметтерде отыр. Осының өзіне қарап еліміздің өсу деңгейін бағамдауға болады. «Толқыннан толқын туады,толқынды толқын қуады» демекші, жаңа буын қоғамға берік сіңісіп кетті. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Елбасымыздың өзі әр жылғы Жолдауында бүгінгі атқарылып жатқан игілікті істердің ертеңгі мұрагері жастар екенін айтудан жалыққан емес. Аға толқын да жас толқынға дұрыс жол сілтеуді азаматтық парызы санайды. Кешегі кеңестік көмескі идеология жоқ қазір. Жаңа мыңжылдық. Жаңа заман. Жаңа көзқарас. Жаһандану үдерісінде бізді «Жаңа Қазақстандық Патриотизм» ұғымы алға жетелейді. Кең-байтақ жеріміз бен мемлекеттік шекарамыз бар. Төл құндылықтарымыз төрімізден берік орын алды. Саңлақтарымыз дүниежүзіндегі дүбірлі додаларда көктуымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды асқақтата шырқатып жүр. Аз жылда Арқа төсінен айшықты Астанамыз бой көтерді. Тіліміз – тірегіміз, дініміз – діңгегіміз. Татулығы жарасқан халқымыз өзі қалаған кәсіптің тізгінін ұстап, еңбек көрігін қыздырып жүр. Одан артық қандай бақыт керек. «Жаңа Қазақстандық Патриотизм» деген осы! 17Гүлмира ҚУАТБЕКҚЫЗЫ, Тараз қаласындағы «Інжу» балабақша-бастауыш мектеп кешенінің директоры: 1. Президентіміздің «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауының басты ерекшеліктерінің бірі оның «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жариялануы болды деп есептеймін. Себебі, «Нұр Отан» партиясы үшін қоғамның ортақ мүддесі басты басымдық екені баршаға аян. Партияның саяси Доктринасы мен сайлауалды тұғырнамасы міне осы мақсатты жүзеге асырудың бірегей тетігіне айналып қана қоймай, «Қазақстан -2050» Стратегиясын іске асырудың идеологиялық тірегі ретінде бекіді.Осы бас бағдарлардың мүлтіксіз орындалуы біздің халық алдындағы уәделеріміздің үдесінен шығудың, олардың жарқын үмітін ақтаудың алғышарты. Елбасымыздың жаңа Жолдауында межеленген міндеттер осындай құндылықтармен астасып, баянды болашаққа бастар бағытты нақтылап берді. 2. Мемлекет басшысы әрбір Жолдауында өскелең ұрпақтың жай-күйіне, олардың игілігі үшін мектеп, балабақша салу мәселелеріне үнемі назар аударып келеді. «Інжу» балабақша-мектеп кешені де Елбасы Жолдауының нәтижесінде өмірге келген нысан. Жаңа кешендегі мектепте бүгінде 400 бала білім алып жатса, балабақша бөлігінде 280 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жеткіншектер үш жастан бастап үш тілде оқытылады. Мұнда сабақ үдерісінен бөлек түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Жаңадан ашылған өткен жылдың қараша айында Елбасымыздың «Інжуге» арнайы атбасын бұрып, сәттілік тілеуі бізді қанаттандырып тастады. Мемлекет басшысымен дидарласқан бүлдіршіндердің де қуанышында шек жоқ. Олар үнемі жақсы оқуға, үлгілі азамат болуға талпынып келеді. Елбасы бұл жолғы Жолдауында да әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жайын ұмыт қалдырмай, бірінші кезекте апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешуді міндеттеді. «Бұл – біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі» деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырды. Шын мәнінде бүгінде балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер қаншама. Түсіне білсек, бала – болашаққа тартылған инвестиция. Сондықтан да жергілікті жерде мектепке дейінгі мекемелер көптеп салынса деген ойдамыз. Бұл орайда мемлекеттік- жекеменшік әріптестіктің әлеуетін кеңінен пайдаланудың да тиімділігі зор. 3. 1986 жылғы Желтоқсанның ызғары әлі күнге тұла бойымыздан кете қойған жоқ. Қазақ жастары ерлік пен өрлік танытып, елдік мүдде жолында ереуілге шықты. Сол жылы замандастарыммен бірге өзімнің де алаңға шығып, намыс туын жоғары көтергенімді іштей мақтаныш тұтамын. Біз өз көшбасшымыздың болуын, еліміздің егемендікке қол жеткізуін аңсадық. Шүкір, ол күнге де жеттік. Еліміз төл Тәуелсіздігін жариялағанда көзімізден жас ақты. Қуаныштың жасы еді бұл. Тәуба дейік, бүгінде әлем елдерінен асып түспесек, ешкімнен кем емеспіз. Жас мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп, өркендеп келе жатыр. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында кездескен қиындықтарды еңсерудеміз. Алдымызда айқын мақсаттар, жарқын күндер күтіп тұр. Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміз – басқа қонған бақытты бағалау, оның мәнін жүрекпен ұғыну. 16Гүлханум МҰХАМЕДЖАНОВА, Шу аудандық «Насими» әзірбайжан этномәдени орталығының төрайымыөрайымы: 1. 1997 жылы жария етілген «Қазақстан-2030» Стратегиясынан бастап Елбасы-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әр жылғы Жолдауларының өзіндік салмағы бар. Бәрі де елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Соның нәтижесінде біз бүгінгідей белеске көтеріліп отырмыз. Оған шүкір дейміз. Бірақ біз қазіргідей бәсекелестік заманында осы деңгейде қалып қоймауымыз керек. Жолымызда кездескен қандай да бір қиындықтарға қарамастан, алға ұмтылуымыз қажет. Президент өзінің «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауын осындай маңызды міндеттерге арнады. Елбасы өз Жолдауында дағдарыстан шығудың жолдарын көрсетумен шектелмей, елімізді алға жетелейтін ауқымды жобаларды атап көрсеткеніне айрықша тәнті болдым. Қазір әлемдегі мемлекеттік сағыздай созылған экономикалық қиындықтардан қайтсек арыламыз деп бас қатырып отырғанда біз көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, жол салу, баспана құрылысын жүргізу, шағын кәсіпкерлікті өрістету сияқты маңызды міндеттерді тоқтатпай іске асыра беретін боламыз. Бұл нысандарда қаншама адам еңбек етіп, табыс табады. Отбасын асырайды. Оның өзі жұмыссыздықтың белең алмауына сеп болады. Қарап отырсаңыз Елбасы жаңа Жолдауында осының бәрін ескерген ғой. Президенттің алысты болжай білетін көрегенділігіне, ел басқарудағы кемеңгерлігіне өз басым тағы бір мәрте тәнті болдым. 2. Рас, Жолдауда ауқымды міндеттер жүктелді. Бұл бағытта басталған жұмыстар баршылық. Мысалы, Елбасы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне тоқтала келіп, бірінші кезекте жүзеге асырылатын автожолдар қатарында «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автобанын атап көрсетті. Осы жолдың бірқатар бөлігі біздің облыс арқылы өтетіні белгілі. Көзіміз көріп жүргендей, облысымыз жол құрылысын салуда өзге өңірлермен салыстырғанда өзге аймақтардан әлдеқайда озып кеткен. Бұрындары Тараздан Алматыға сегіз сағатқа жуық жол жүріп баратынбыз. Қазір екі аралықты тақтайдай тегіс жолмен төрт-бес сағатта еңсеруге болады. Ал көршілес облыстарда бұл жолдың құрылысы әлі жалғасып жатыр. Сол сияқты Елбасы Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге бағыттауды тапсырды. Қазіргі таңда Шу ауданында 16 кәсіпорынның басын біріктіретін арнайы экономикалық аймақ құрылуда. Бұл жұмыстар Жамбыл өңірінің химия өнеркәсібі саласындағы көшбасшылық рөлін арттыра түсетіндігі сөзсіз. 3. Елбасының Жолдауда айтқан мына сөзі көкейімде сақталып қалды. «Мәңгілік Ел –елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, ХХІ ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі- «Мәңгілік Ел!» деді Президентіміз. «Мәңгілік Ел» тек қазақ халқының ұлттық идеясы емес, ол тағдыры бір, тілеуі ортақ барша отандасымыздың қасиетті құндылығы. Біз осыны ізімізден ерген жас толқынның санасына сіңіріп келеміз. Елбасы айтқандай, «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан». Қазақстанды мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің әрбіріне өз тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін жоғалтпай, сақтауға мүмкіндік жасалып отыр. Бірақ, Елбасы саясаты төңірегіне топтасып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруіміз керек. Бізге бақытты өмір сыйлап отырған Отанымызды сүюіміз қажет. Біз қиын-қыстау уақытта кең құшағын ашқан қазақ халқына, ұлтаралық татулық ұстанымын бәрінен биік қойған Елбасына қарыздармыз. Жүрек түкпіріндегі осынау сезім иірімдерінің бәрі де Жаңа Қазақстандық Патриотизм идеясымен ұштасып жатыр.