Қос дипломды білім алудың жаңа мүмкіндігі
Қос дипломды білім алудың жаңа мүмкіндігі
– Желілік кампус жұмысының басталуы – жоғары білікті кадрларды даярлау ісінде тиімді диалогты дамытып, білім беру ордасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды кезең. Заманауи, креативті тәсілдерді қажет ететін химия өнеркәсібі бүгінде өте қарқынды дамып келе жатқан сала. Қос университет пен «Қазфосфат» серіктестігінің бірлескен жұмысы керемет нәтиже беретініне сенімдімін. Қазіргі таңда облыс басшылығы бұл жобаны дамытуға өз үлесін қосуда. Келесі оқу жылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 55 білім беру гранты бөлінеді, оның 25-і колледж студенттері үшін «химиялық инженерия және процестер» мамандығына беріледі, – деді Еркін Құлымбайұлы. Бұдан кейін сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов желілік кампус арқылы химия өнеркәсібіне кадрлар даярлау ісінде көптеген жаһандық проблемаларды шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Біздің бірлескен жұмысымыз жаңа идеяларды іске асыруға мүмкіндік жасап, химия ғылымының дамуына серпін береді деп сенеміз. Химия өнеркәсібіне ғылым мен өндірісті сапалы жаңа деңгейге көтеретін ақылды, креативті және өршіл мамандар қажет. Желілік кампус аясында студенттер алғашқы екі жылда Дулати университетінде оқыса, келесі жылы Менделеев университетінде білім ала алады. Ал, төртінші курста «Қазфосфат» кәсіпорнында өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқу аяқталғанда студенттер екі университеттің дипломына және «Қазфосфат» серіктестігіне жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болмақ, – деді ол. Сонымен қатар, жиын барысында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің физикалық химия кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты Олег Райтман желілік білім беру бағдарламасы бойынша оқуды таңдаған студенттердің мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Ал, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің персоналмен жұмыс департаментінің директоры Абдинадир Айтматов ұзақ және нәтижелі бірлескен жұмысқа сенім білдірді. Айта кету керек, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің тарихы, сондай-ақ, студенттер туралы бейне презентация іс-шараға қатысушыларға мол әсер қалдырды. Жиын соңында қатысушылар химия өнеркәсібі саласының өзекті мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты. Сондай-ақ, бұл күні М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасының бірқатар қызметкерлеріне «Dulaty» төсбелгісі табысталды.
Есен ӨТЕУЛІ