Жаңалықтар

Көне Тараз қалашығы музейі көрікті орындардың біріне айналады

Көне Тараз қалашығы музейі көрікті орындардың біріне айналады

Ежелгі Тараз қалашығында жүргізіліп жатқан қазба және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі шығарылып, қорытындыланды. Облыс әкімі К.Көкірекбаевтың басшылығымен өткен Жамбыл облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және қалпына келтіру жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің отырысында аталған орында жұмыс жүргізген төрт мердігер компанияның басшылары мен өкілдері есеп берді. Жыл басында мемлекеттік сатып алу Заңына сәйкес «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы», «Археологиялық экспертиза», «Археологиялық экспедиция» және «Қазархеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қазба жұмыстарына бөлінген лоттарды жеңіп алып, жыл бойы тарихи орында тер төккен болатын. 

– Елімізге бүкіл әлемнің назарын аудартып отырған «ЭКСПО-2017» көрмесіне дейін тарихының тереңдігімен ерекшеленетін Тараз шаһарында теңдессіз аспан асты музейін жасап бітіруді алдымызға мақсат етіп қойған едік. Жыл басында арнайы кеңес өткізіп, осы бағыттағы жұмыстарды мейлінше жылдамдатуды тапсырған болатынмын. Жұмыстың қарқынды, жылдам әрі сапалы жүргізілуі үшін облыстық бюджеттен қосымша қомақты қаржы да бөлінді. Бұл нысан барлығымыздың жіті назарымызда. Сондай-ақ, қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай да түрлі шаралар тізбегі жасалуда. Ал, хандықтың біздің өлкеде қазығын қағып, қанатын жайғанын ескерсек, Таразға тағы да жұрт назары ауып тұр. Ендеше, осындай жүктің салмағын сезіне отырып, сіздер бар күш-қайраттарыңызды жұмсап жұмыс істейді деген сенімдемін, – деген облыс әкімі әрбір серіктестік жұмысының қорытындысымен жіті танысты. Археологтар облыс басшысына қазақстандықтардың ғана емес, шетелдік туристердің де назарын аудартатын нендей жәдігерлерді аршып, жарыққа шығарғанын жіпке тізгендей етіп баяндап, алдағы атқарылар іске қатысты өз жоспарларымен, ой-пікірлерімен бөлісті. Алғашқы болып сөз алған «Археологиялық экспертиза» серіктестігінің өкілдері өздеріне тиесілі болған ежелгі қалашықтың «Цитадель» бөлігіндегі көптеген жәдігерлерді сөз ете келе он тоғызыншы ғасырдағы қалашыққа тиесілі үлкен даңғыл жолға назар аудартты. Назар аударарлығы – оның нақ бойымен он екінші ғасырдағы қалашыққа тиесілі жол да тұп-тура бойлай салынған екен. Екеуінің де бағыты бір, айырмашылығы тек енінде ғана. Ал қалашықтың қорғаныс жүйесі мен қамал қақпасын зерттеумен шұғылданған т.ғ.д., профессор М. Елеуов басқаратын «Археолог» серіктестігі қала ішін бойлай аққан Талас өзенінің қос бірдей арнасын аршып, тарихтан сыр шертетін талай құнды деректерді келтірді. Сол өзенді бойлай тастан қаланып салынған жол кім-кімге де қызықты болары сөзсіз. Сонымен қатар, XI-XIII ғасырдағы қыз суреті бейнеленген қыш тәрелкенің көшірмесін жасатып, көпшілік назарына ұсынды. Ол алдағы күндерде кәдесый ретінде шығарылып жатса Таразды тамашалай келген кез-келген адамға тамаша естелік болары сөзсіз.

Сондай-ақ, қалашықтың «Рабат ІІ» және «Шахристан» бөліктерінде жұмыс жүргізген мердігер компания өкілдері де көптеген қызықты қазба деректерімен таныстырды.

Барлық баяндаманы тыңдап болған соң Әлкей Марғұлан атындағы археология институты Астана филиалының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, кеңестің тең төрағасы Зейнолла Самашев қорытынды жасады. Ол жұмыс қорытындылары бойынша баяндамалар бір ретпен жасалып, келесі кезеңдегі жұмыстарға жеңіл болуы үшін тиісті орындарға бәрі бірыңғай жүйемен жеткізілуі керектігін атап өтті. Атқарылған істер мен алда игерілетін қаржыны қайткенде шашау шығармай реттеу керектігі жөнінде өз кеңесін берді. Келесі жылдан бастап аспан асты музейін жасау жұмыстарына Қанат Тұяқбаев басқаратын «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлері де араласатын болады. Олар осы уақытқа дейін табылған тарихи жәдігерлерді көпшіліктің емін-еркін тамашалауына ыңғайлы әрі ол жәдігерлерге еш зиян тимейтіндей етіп арнайы архитектуралық құрылысты жүргізеді. Облыс әкімі келер жылы да атқарылатын істің ауқымды әрі тарихи маңызды жауапкершілігі бар екенін ескере отырып, кеңес отырысын қорытындылады.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».