- Advertisement -

Құрылыс жұмысына қатысушы барлық субъектілерге!

105

- Advertisement -

Құрылыс жұмыстарын қолданыстағы заңнама мен нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес жүргізу бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі болып отыр.

Құрылыс саласын реттейтін «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңы (әрі қарай – Заң) құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуге, адамның тіршілік ететін ортасын қауіпсіз етуге, елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамытуға бағытталған.

Заңның 68-бабына сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуына дейін құрылысты жүргізуге ниетті тұлғаға уәкілетті органдардан арнайы рұқсат құжаттарын алу талап етіледі.

«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР Заңына сәйкес, құрылысқа рұқсат беретін барлық құжаттардың болуы, оның ішінде жерге тиісті құқық беретін жергілікті атқарушы органның шешімі мен сәулет-жоспарлау тапсырмасының болуы, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті жобалық-сметалық құжаттардың сараптамадан өтіп, бекітілуі, құрылыстың заңды жүргізілуі мен пайдалануға қабылдануы құрылыс нысанының кейіннен пайдалану мерзімінде заңдылығын айқындайды.

Құрылысқа қажетті құжаттарды рәсімдеу кезінде елді мекеннің бас жоспарынының талаптарының сақталу қажеттігі бақылауда болуы шарт.

Заңның 47-бабына сәйкес, елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады. Бас жоспарда әлеуметтiк, рекреациялық, өндірiстiк, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдарды қоса алғанда, табиғи-климаттық, қалыптасқан және болжанып отырған демографиялық және әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар ескерiле отырып, елдi мекеннiң аумағын дамытудың негiзгi бағыттары, аумақты табиғи және техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту, елдi мекендi тұрақты дамытуды қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де шаралар белгіленедi.

Құрылыстарды орналастыру кезiнде ескеретін жайт, құрылыс салуды реттейтiн қызыл және сары сызықтардан немесе жер учаскесi шекарасынан шегiндiре отырып құрылыс салу шекарасын сақтау қажеттігі үнемі бақылауда болуы қажет.

Заңның 47-1-бабына сәйкес, бекітілген бас жоспар негізінде әзірленетін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы қызыл, сары сызықтар және құрылыс салуды реттейтін шекараларды, функционалдық-қала құрылысын аймақтарға бөлуді айқындай отырып, аумақты жоспарлаудың негізгі бағыттарын, халыққа әлеуметтік, мәдени және коммуналдық қызмет көрсету объектілерін орналастыруды, көше-жол желісін және көліктік қызмет көрсетуді ұйымдастыруды, инженерлік коммуникацияларды трассалау үшін аумақты резервке қоюды және тағы басқа шараларды белгілейді.

ҚР Жер кодексінің 44-бабына сәйкес, жер учаскелерiн объектiлер құрылысы үшiн беру кезінде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары елді мекен аумағының бекітілген бас жоспарларының не орналасу схемаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.

Жойқын жер сiлкiнiстерi, өзге де табиғи немесе техногендiк сипаттағы апаттардың салдарынан құрылыстардың қирап, үйiндiлерге (қиратындыларға) айналуы барынша мүмкiн болатын аймақтар шекарасында сары сызықты сақтау мәселесі де бүгінгі күннің басты талабы. Сары сызық үйлер мен ғимараттар арасындағы қашықтықты реттеу үшiн қолданылады.

Құрылысқа қажетті рұқсат құжаттарын алғаннан кейінгі кезекте, құрылыс нысанының сапалы салынуына қажетті жобалау құжаттамасын әзірлеу міндеті тұрады. Бұл құжат арнайы жобалау жұмыстарына лицензиясы бар нарықтағы заңды тұлғалармен келісімшарт негізінде әзірленіп, нысанның техникалық және технологиялық күрделілігіне қарай мемлекеттік немесе мемлекеттік емес сараптамадан өткізіліп, бекітілуі керек.

Сонымен қатар, құрылысты жүргізу үшін тапсырыс беруші тарапынан арнайы құрылыс саласында рұқсаттары бар мердігер ұйымды, техникалық және авторлық қадағалаушыны жалдау қажеттігі заң талабымен бекітілген.

Құрылысқа қажетті барлық құжаттар әзір болғаннан кейін, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органына құрылыс жұмыстарының басталуы туралы хабарлама жолданып, құрылыс салу жұмыстары басталады.

Мердігер тапсырыс берушіден рұқсат құжаттарды алғаннан кейін, құрылыс жұмыстарын жобалау құжаттамасына сәйкес орындайды, құрылыс барысында құрылыс нормалары мен ережелерінде көрсетілген барлық процестерді сақтай отырып, құрылыс жұмыстарының барлық кезеңін, оның ішінде жауапты конструкцияларды монтаждау және жасырын жұмыстарды куәландыру кезінде құрылыстың тіреу және қоршау конструкцияларының, қолданылатын құрылыс материалдарының қолданыстағы стандарттарға сай болуына үнемі өзіндік бақылау жүргізіп, техникалық және авторлық қадағалаушылармен бірге осы жұмыстардың нәтижесі атқарушылық техникалық құжаттамада рәсімделуін бақылауда ұстап отырады.

Техникалық қадағалаушылар ай сайынғы негізде құрылыстың жай-күйі туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бекітілген нысанға сай есеп ұсынып отыру тиіс. Есеп электронды түрде eQurylys.kz ақпараттық жүйесі арқылы ұсынылады.

Құрылыс нысанындағы инжинирингтік қызметтерді көрсететін техникалық және авторлық қадағалаушылар жұмыстардың бекітілген жобалау құжаттамасына, нормативтік техникалық құжаттамаларға сай салынуын қадағалап, мердігерге жіберілген кемшіліктерді жою туралы нұсқаулар береді, нұсқаулар орындалмаған жағдайда, тапсырыс берушіні және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органын хабарлайды.

Техникалық және авторлық қадағалаушылар өз міндеттерін нормативтерге сай орындамаған жағдайда, қолданыстағы заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқу болған жағдайда тапсырыс беруші ондай ауытқуларды жобалау ұйымымен келісуі тиіс. Мұндай келісім болмаса жұмыстар ауытқулар жойылғаннан кейін ғана қабылданады.

Құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң тапсырыс беруші мердігердің, техникалық және авторлық қадағалаушылардың қорытындылары негізінде пайдалануға қабылдау актісімен нысанды қабылдайды.

Тапсырыс беруші, мердігер, техникалық және авторлық қадағалаулар тарапынан осы рәсімдерді сақтау, құрылыс нысанының сапалы, қолданыстағы заң және құрылыс нормалары мен ережелеріне сай салынуы үшін басты талаптар болып табылады.

ҚҰРМЕТТІ ҚҰРЫЛЫСҚА ҚАТЫСУШЫ СУБЪЕКТІЛЕР!

Қаржыландыру көздеріне қарамастан қандай да болсын құрылыс нысандарының сапалы, сейсмикалық төзімді етіп салуына бірінші кезекте өздеріңіз жауапты екендіктеріңізді еске салғымыз келеді.

Осы орайда, құрылыс нысанының тұрақтылығын, сенімділігі мен орнықтылығын қамтамасыз етуде бірге жұмыс жасауға шақырамыз.

Құрылыс жұмыстарын сапалы орындауда жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support