- Advertisement -

Сан салалы жұмыстың сапасы маңызды

89

- Advertisement -

Облысымызда жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 57,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,6 миллиард теңгеге артқан. Ал, ауыл шаруашылығы дақылдары 770,4 мың гектарға орналастырылса, егістік көлемі 14,4 мың гектарға ұлғая түскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек айтты. Оның сөзінше, бүгінде өңірімізде қант өндірісін дамытуға ерекше көңіл бөлініп, биыл тәтті түбірдің көлемін арттыру мақсатында қосымша 5 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда.

– Қазіргі таңда облыста 10 аттестатталған субъекті жоғары репродукциялы тұқым өндіріледі. Шаруаларды сапалы жоғарғы репродукциялы тұқыммен қамту мақсатында ғалымдардың жетекшілігімен 12 түрлі күздік бидай дақылы 8 шаруашылықтың егіс алқабына себіліп, сынау тәжірибесі жүргізілуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге қаржы бөлінді. Жалпы, осындай ғылыми жұмыстарды жүргізе отырып, 2025 жылға облысты 100 пайыз жоғары сапалы тұқыммен қамтуды көздеп отырмыз.

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 89,8 мың тонна тұқым толығымен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстарға 6893 дана ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылды. Биылдан бастап қажетті дизель отынына өтінім Gosagro.kz жүйесі арқылы электронды түрде қабылданады. Шаруалардың назарына бір мәселені жеткізгіміз келеді. Алдағы уақытта мемлекетке қайтарылған жерлердің ашық және әділ бөлінуін бақылау үшін АGROSPACE (аргоспейс) ауыл шаруашылығы өндірушілерінің платформасы құрылатын болады. AGROSPACE жеке кабинет негізінде жайылымдардың жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Келер жылдан бастап шаруалар жерлерінің ресми құжаты болған кезде ғана мемлекеттік қолдау алуға өтінім бере алады.

Сондай-ақ, биыл облыстағы ауыл шаруашылығы техникалары 12 пайызға жаңартылады. Бүгінде барлығы 337 дана техника алынып, жаңару көрсеткіші 2,7 пайызды құрады. Мал шаруашылығы саласында ет өндірісі 2,1, сүт өндірісі 1,5 пайызға артты. Мал басы 4,8 миллион басты құрап, 2,1 пайызға өсті. Бұдан бөлек, 2023 жылы қолдан ұрықтандыру жұмыстарына пилоттық жобаға енген 10 ауданның 24 ауылдық округтеріндегі мүйізді ірі қара малдың аналық басын қолдан ұрықтандыру арқылы асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыруға 100 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл жұмыстар Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен бірлесіп атқарылуда, – деді Қанатбек Қамшыбекұлы.

Айта кетейік, бүгінде облыста 424 бас мүйізді ірі қара мал қолдан ұрықтандырылған. Ал, облыс бойынша қолдан ұрықтандырылатын жеке қосалқы шаруашылықтағы нақты мүйізді ірі қара малының аналығы 5 886 басты құрайды. Бұл жұмыстар сәтті жүзеге асқан жағдайда аналық мүйізді ірі қара малынан 70-75 пайыз асыл тұқымды төл алу жоспарланып отыр. Жалпы, биыл агро сала бойынша су үнемдеу технологияларын енгізу, сүт өнімдерін өңдеу және көкөніс сақтау қоймалары, бордақылау алаңдары, сүт тауарлы фермалары, құс, балық шаруашылығын дамытуға бағытталған 11 инвестициялық жоба іске асырылып, 225 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл жобалар аясында 2 көкөніс және 1 жеміс-жидек сақтайтын қойма салу жоспарлануда. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін сыйымдылығы 61,3 мың тоннаны құрайтын 27 қойманы іске қосу көзделуде. Қазіргі таңда қоймаларда 13,3 мың тоннаға жуық өнім сақталуда. Облыста суармалы егіс алқабын ұлғайту үшін ауқымды шаралар да мықтап қолға алынған. Спикер бұл мақсатта арнайы Жол картасы бекітілгенін атап өтті.

– Карта аясында 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделуде. Халықаралық қаржы институттары арқылы 40 миллиард теңге қаржы бөлініп, 33,9 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Сонымен қатар, 257 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы 54,9 мың гектар алқапты айналымға қосуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 11, республикалық бюджеттен 3 су қоймасының құрылысы жүргізілетін болады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы су тапшылығын жоюдың бірден-бір тетігі ретінде біз жерасты суы қорын пайдалануды қолға алдық. Айталық, 646 ұңғыма қазу жоспарланып, бүгінгі таңда оның 86-сы қазылды, – деді ол.

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің бастамасымен өңірде құс шаруашылығын кезең-кезеңімен дамыту қолға алынғаны белгілі. Мәселен, биыл 15,4 тонна құс еті өндірілген. Ал, 2026 жылы құс етін өндіру көлемі 70 тоннаға артады деп күтілуде. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 26 ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіру көзделуде. Осы жылы бұл мақсатта 24 миллиард теңге қаражат бөлінген. Атап өтерлігі, жоба басталғалы бері 18,3 миллиард теңге бөлінсе, 24 ауылдағы 4 мыңға жуық азамат өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алған. Облыс әкімінің орынбасары осы жобамен қамтылған ауыл тұрғындарының орташа табысы 44 мың теңгеден 113 мыңға артатынын атап өтті. Ол өз сөзінде алдағы 2024-2025 жылдары республикалық бюджет есебінен 45,5 миллиард теңгеге қалған 103 ауылдық округтегі 490 мың тұрғынды қамту жоспарланып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ, жиын барысында ветеринария, орман шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, сауда мен туризм салаларын дамыту мәселелері де кеңінен сөз болды. Ал, аймаққа инвестиция тарту күн тәртібінен түспек емес. Айталық, осы жылдың есепті кезеңінде өңірге 89,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 7,4 пайызды құраған. Жалпы, биыл өңірге 572 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Сонымен қатар, осы жылы 85,4 миллиард теңгеге 491 жұмыс орнын құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Ал, 2025 жылға дейін 1 триллион 900 миллиард теңгеге 4 мың жұмыс орнын құра отырып, 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға күш салынбақ. Брифинг соңында Қанатбек Мәдібек өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленгенін, апта сайын облыс әкімінің төрағалығымен инвестициялық штаб отырысы өткізілетінін атап өтті.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support