Күрделі мәселенің күрмеуі шешілмей келеді

36

Жайылым мәселесі бүгінгі таңда көптеген елді мекендердің «бас ауруына» айналған. Оған биылғы құрғақшылықты қосыңыз. Бұдан бөлек, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында қоныс тепкен елді мекен тұрғындарының мал өткелінің болмауы себебінен жолдың екінші бетіне мал айдап өтуі де қиын болып тұр.

Өңірімізден өтетін бұл күрежолдың жалпы ұзындығы 495 километрді құрайды. Ол облысымыздың Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі мен Қордай аудандарын кесіп өтіп жатыр. «Жолдың жайын жүрген білер» демекші, өңір тұрғындары соңғы жылдары толықтай пайдалануға берілген бұл қатынас жолының игілігін көруде. Әсіресе, жол-көлік тасымалымен айналысатын компаниялар мен жеке жүргізушілер тарапынан айтылған алғыста шек жоқ. Бірақ, кей тұстарында осы даңғыраған даңғыл жол қолға қараған төрт түлікпен күн көріп отырған тұрғындардың «оң жамбасына» келмей отыр. Өйткені, төрт түлігін жолдың екінші бетіндегі жайылымға шығара алмай отырғаны былай, елді мекен ішінде жолды кесіп өте алмай қалды. Мұндай мәселе бүгінде Т.Рысқұлов ауданына қарасты Ақыртөбе ауылында орын алып отыр.

Ақыртөбе ауылының қариясы Мейрамбек Оспановтың күрежол бойынан мал өткелі мен жаяу жүргіншілерге арналған жаяу жүргінші көпірін салу туралы мәселені көтеріп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болыпты. «Үш мыңға жуық тұрғыны бар елді мекеннің жайылымы мен жұмыс орнының басым бөлігі Алматы-Ташкент бағытындағы автомагистральдің келесі бетінде орналасқан. Ал, төрт түліктің жайылымға шығуы үшін бір ғана мал өткелі қарастырылған. Бұл ірілі- ұсақты 20 шақты шаруа қожалығы және жүздеген мүйізді ірі қарасы, мыңдаған қой-ешкісі бар ауыл тұрғындары үшін тым аз», – дейді қария.

– Қазір ауылда мал басы күн санап артып келеді. Ал, жайылымымыз автожолдың келесі бетінде орналасқан. Ауылдың бар малы бір ғана мал өткелінен өтеді. Оның айналасында ертелі- кеш ұзын-сонар кезек пайда болады. Жауын-шашынды күндері суға толып жатады. Табаны тек жаз айларында құрғайды. Ол арадан мал айдап өтудің өзі мұң болып тұр. Ұсақ мал суды кешіп өте алмағандықтан, қой-ешкі ұстауды қойдық.

Амалы құрыған шаруалар қойын жол үстімен айдап өтпек болғанда көлік қағып кеткен оқиғалар да аз болмады, – дейді Мейрамбек Оспанов.

Бүгінде бұл елді мекенде тұратын жұрттың жанайқайы, міне, осы мал өткелі мен жаяу жүргінші көпіріне қатысты туындауда. «Шындығында бір ғана өткел бір ауылға тым аздық етуде. Ауылдың келесі басындағы тұрғындар да малын жол бойымен қуып келіп, осы тұстан айдап өткізіп жатады. Өйтпеске амалдары жоқ. Өйткені, ауылдың барлық жайылымы қарсы бетте орналасқан. Кейде мүйізді ірі қара малы өткелден үркіп өтпей, елді әбден әбігерге салатыны тағы бар. Ондайда жан- жаққа бытырай қашқан сиырлардың жол үстіне шығып кететін де кездері жиі орын алуда. Жайылымға жетудің басқа жолы жоқ болғандықтан, малшылар түлігін жан-жақтан қаумалап, өткелге қарай тықсыра қуып, амалдап айдап өтеді. Бізге ауыл маңынан тағы бір мал өткелі қажет. Ол өткел тек мал үшін емес ауыл шаруашылығы техникаларына да арналып салынса. Біз Меркі ауданындағыдай үлкен көпір сұрамаймыз, ені алты, биіктігі төрт метр болса жетеді. Оған ыңғайлы орын ауыл маңында бар. Жолды үйіп, биіктетудің де керегі жоқ. Мал да, техника да өте берер еді сол өткелден. Осы мәселені он жылдан бері көтеріп келеміз», – дейді қария.

Тағы бір атап өтерлігі, бұрылыстарда жол-көлік оқиғалары жиі орын алып жатады. Тегіс автомобиль жолымен жүйткіген көліктердің жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғалары да көбейген. Сонымен қатар, бұрылыстарда жеңіл көліктердің жүк және ауыл шаруашылығы техникаларының астына кіріп кету қаупі жиілей түскен. Көбінесе орақ науқаны басталған тұста комбайн, К-700 сияқты алып техникалар, КПС жаткалы шөп орғышы, дән сепкіштер секілді ауыл шаруашылығы құралдары жол қозғалысына едәуір кедергі келтіріп, жолдың келесі бетіндегі алқапқа жету үшін бірнеше шақырымды айналып өтуге мәжбүр. Ал, айналма жол тұсымен малшылар малын еркін айдап өте береді.

– Біздің арызданбаған жеріміз қалмады. Бізге керегі – жол ортасынан өтетін аспалы көпір. Ол бар, бірақ аспалы көпір ауылдың ортасынан салыну керек болатын. Өкінішке қарай, ол ауылдың сыртынан салынғандықтан онымен ешкім мініп- түспейді. Әкімдерге есеп беру үшін салынған көпір ме деп қаласың. Бастапқыда ауылдың ортасынан салынатын көпірді ауылдың сыртына салдырған округ әкімінің ісін біз әлі күнге түсінбей жүрміз. Жоғарыда айтқанымдай, ол ауылдың орта тұсынан, аялдаманың қасынан түсу керек еді. Өйткені, сол тұстан арадан ары-бері өтетін, арғы беттегі газ орталығы мен басқа да мекемелерге жұмысына баратын адам қарасы көп. Бұл мәселемен қатар, жоғарыда айтқан мал өткелі әрі техникаға арналған көпір және жайылым үшеуі әлі күнге шешімін таппай келеді. Мәселе тезірек оң шешімін таппаса, Мемлекет басшысынан көмек сұрауға мәжбүр боламыз. Басқа амалым қалмаған сияқты, – дейді Мейрамбек Оспанов.

Күн сайын еліміздің дамып, өңірлердің өркендеп, аудандар мен ауылдардың жаңаша түлеуге бет алғанын көріп отырған ауыл тұрғындары өздері көтерген мәселенің оң шешімін табатынына сенімді. Егер жоласты өткелдері мен көпірлер, айналма жолдар салынса, қарапайым халық үшін тіршілік қауіпсіздігі де біршама арта түскен болар еді дейді олар.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support