- Advertisement -

Қордайдағы құрылыс қарқынды

95

- Advertisement -

Бұдан бұрын да Қордай ауданынан «Monterra Qasaqstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алып зауыты салынатыны жайлы ақпарат айтылған болатын. Алтын- күміс құрамдас Доре қорытпасын шығаратын зауыт іске қосылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, ел экономикасын ілгерілетуге үлкен үлес қосатыны белгілі. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына барған іссапарын құны 832 миллиард теңгені құрайтын жобаның құрылысымен танысудан бастады.

«Monterra Qasaqstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің болашақтағы тау-кен металлургия комбинаты Ноғайбай ауылдық округінде орналасқан. Серіктестіктің басшылығымен кездескен облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жобаның жүзеге асу барысы, экологиялық қауіпсіздігі, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қамтамасыз етуі жөніндегі мәселелерді талқылады. Зауыт бір жылда 5 100 килограмм алтын өндіруге қуатты. Серіктестіктің бас директоры Айдар Нұғмановтың айтуынша, жобаны іске асыру кезінде 800 адам жұмыспен қамтылады. Зауытқа қажетті мамандар осы аудандағы ауыл шаруашылығы колледжінде оқытылмақшы.

– Жұмысқа жергілікті тұрғындардың көптеп тартылуына көңіл бөліңіздер. Қажетті мамандар осындағы колледж базасында тегін оқытылып, шәкіртақы төленіп, тамақпен де қамтылуы керек. Оқуды тәмамдап, мамандық алған соң бәрі де осы зауытта жұмыспен қамтылсын. Жобаның жылдамырақ жүзеге асып, жоспарланған қуаты бойынша жұмыс істеуіне жергілікті билік мемлекеттік бағдарламалар аясында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Мемлекет тарапынан зауытты салу үшін көлемі 300,5 гектар жер телімі бөлініп берілген. Зауыт жұмысшыларына барлық қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлармен қамтылған вахталық шағын қалашық салынбақ.

Қалашықты абаттандыру аймағының алғашқы тал-дарағын облыс әкімі мен өзге де қонақтар отырғызып, жаңа іске сәттілік тіледі.

«Monterra Qasaqstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстың қоғамдық өміріне де белсенді атсалысатын болады. Бұл жөнінде толығырақ мәлімдеме жасаған серіктестік басшылығы 2019-2023 жылдар аралығында компания әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 103,4 миллион теңге бөлгенін жеткізді.

Іссапар кезінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аудандағы тағы бір құрылыс – аудандық және қалалық ішкі істер бөлімдері ғимаратының салыну барысымен де танысты. Қордай ауылы «Батыс» шағынауданындағы полиция бөлімшесінің құрылысын «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Өткен жылдың тамыз айында басталған құрылыс биыл жыл соңында аяқталуы тиіс.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Қордай ауданы

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support