- Advertisement -

Жас сарбаздар ант қабылдады

125

- Advertisement -

Жамбыл облысының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 85/395 әскери бөліміне елдің түкпір-түкпірінен келген 289 сарбаз қосылды. Жеңіс саябағында өткізілген іс-шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, Отан алдындағы борышын адал өтеуге ант берген жас сарбаздарға сәттілік тіледі.

– Туған жерін қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Ел қауіпсіздігі мен аумақтың тұтастығын қорғау үшін әрбіріміз әскери білім мен дағдыны, іскерлікті шеберлікпен меңгеруіміз қажет. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да: «Патриотизм дегеніміз – әке-шешеңді құрметтей білуің, ауыл-аймағыңды ардақтай білуің, өз ұлтыңды сүюің, ана тіліңді ардақтауың, өз халқыңның өткен жолы мен тарихын құрметтеп, оған тіл тигізбеуің мен өз Отаныңды жаудан қорғауың», – деп ұрпағына өнегелі өсиетін айтып кеткен. Отанды сүю, туған елге деген сүйіспеншілік – халқымыздың ежелден қаймағы бұзылмай келе жатқан тарихи дәстүрі, өмір ережесі. Жас сарбаздар, Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарып, отбасыларыңызға аман-есен оралуларыңызды тілеймін! – деген аймақ басшысы сарбаздардың елге қызмет етуде үлкен жетістікке жетуін тіледі.

Салтанатты жиынға қатысқан әскери бөлімдердің басшылары, ата- аналар ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ант қабылдаған сарбаздарға тілектерін айтып, сын сағатта сыр бермей, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаратындығына сенім білдірді. Жауапты рәсімге қатысушылардың бірі баласының, бірі бауырының ел қорғайтын азамат болғанын көріп, ерекше толқыды. Өйткені, бұл – мемлекет қауіпсіздігін қорғау үшін әскерге алынған әрбір ердің өміріндегі ең маңызды сәт.

Жас сарбаздар да дайындық мерзімінде алған машық-дағдыларын, қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын көрсетіп, көпшілік алдында салтанатты маршпен жүріп өтті. Бұл уақыт аралығында олар алдағы бір жыл бойы өткеретін қызметінің ережелері мен міндеттеріне, жалпы әскери жарғылардың өздеріне қатысты қағидаларына қатысты білім алды. Енді олар осы білімін тәжірибе жүзінде қолданады.

 

Гүлжан РАХМАН

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support