Облыс аудандарындағы мәдениет күндері Байзақ ауданында бастау алды
Облыс аудандарындағы мәдениет күндері Байзақ ауданында бастау алды
Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыс аудандарындағы мәдениет күндері басталды. “Мәдениет - асыл қазынам” тақырыбындағы іс-шара алғаш болып Байзақ ауданында өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов және бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты. Мәдениет күндерінің аясында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі, кәсіпкерлер тауарларының сатылымы, қолөнер, қылқалам шеберлері туындыларының көрмесі, әртүрлі этнос өкілдерінің көрмесі, ұлттық спорттық ойындар байзақтықтардың назарына ұсынылды. Айта кетейік, биылғы жылы мәдениет күндері аясында сараптау комиссиясы әр ауданның мәдениет саласы бойынша жетістігін бағалап, соңында қорытындысын шығаратын болады. Негізгі мәдени іс-шараға баға беретін қазылар алқасы құрамында Облыстық халық шығармашылығы орталығы, кітапхана, музей өкілдері мен музыка, би мамандары қамтылған. Нәтижесінде үздік деп танылған өнерпаздардың қатысуымен жыл соңында Тараз қаласында Гала-концерт ұйымдастырылып, бас жүлде иеленген ауданға автокөлік және жүлдегер аудандарға түрлі бағалы сыйлықтар табыс етіледі.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі