Экономика

ЖАЛТАРУҒА ЖОЛ ЖОҚ

ЖАЛТАРУҒА ЖОЛ ЖОҚ

Салықтық түсімдер – ел бюджетінің негізгі көзі. Тарихты парақтап қарайтын болсақ, сонау ықылым замандардың өзінде салық жүйесі қалыптасып, қазына қамы ойластырылып отырған. Яғни, салықсыз ел өмірінің берекесі болмайтыны бесенеден белгілі. Еліміздің салық саясаты қазір әлемдік тәжірибеден бір елі қалыспайды. Шүкір, бізде мемлекеттік бағдарламалар аясында бизнес секторына көптеген қолдаулар қарастырылып, кәсіпкердің күш алып кетуі үшін мүмкіндігінше салықтық жеңілдіктер жасалған. Бір сөзбен айтқанда елімізде салық жүйесінің отандық модулі қалыптасып келеді. Ол өз жемісін беріп те жатыр. Бұл бағытта республикада айтарлықтай оң нәтижелер бар. Сәйкесінше, облысымыз да мемлекеттік кірістер көлемін арттыру бағытында қолға алынуы тиіс шаралардың бәрін іске асыруда. Дегенмен, жұмыс бар жерде олқы тұстардың да орын алып тұратыны жасырын емес. Ондай жағдайда қол қусырып қарап қалмай, істің тетігін тапқан абзал. Өйткені, мемлекеттік бюджет елдің асыраушы негізгі құралы. Оған бей-жай қарауға тағы болмайды. 2014 жылдың 11 айлық қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің болжамы 97,3 пайызды құрады немесе болжам 59 105,4 миллион теңге болса, нақты түскені 57 527,3 миллион теңге, яғни 1578,1 миллион теңгеге жоспардан кем орындалып отыр. Республикалық бюджеттің жеткізілген болжамының орындалуы 100,3 пайызды құрады, болжам 24 366,3 миллион теңге болса, нақты түскені 24 442,1 миллион теңге. Алайда, былтырғы жылдың салыстырмалы кезеңімен салыстырғанда түсім 2745,8 миллион теңгеге төмендеп немесе 89,9 пайыз құрады. Республикалық бюджеттің орылдалмауының негізгі себебі, «Шымкент-Бейнеу» газқұбыры құрылысының аяқталуына байланысты «ЧППлБ Казахстан» ЖШС-ның түсімі былтырғы жылдың салыстырмалы кезеңімен салыстырғанда түсім 3,2 миллиард теңгеге төмендеді. Жергілікті бюджеттің болжамы – 34 739,1 миллион теңге, нақты түскені 33 085,2 миллион теңге, яғни 1 653,9 миллион теңгеге кем түсті немесе жоспар 95,2 пайызды құрады. Жергілікті бюджеттің орындалмауының негізгі себебі де сол «ЧППлБ Казахстан» ЖШС түсімі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда түсім 263,5 миллион теңгеге төмендеді. Сондай-ақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолдары жұмыстарының аяқталуына байланысты, биыл жергілікті бюджет 540,1 миллион теңгені жоғалтып отыр. «Алтыналмас» АҚ пайдалы қазбаларды өндіру аса бағалы металл көлемі кеміп, өткен жылмен салыстырғанда салық түсімі 39,5 миллион теңгеге азайған және жұмысшылар саны 113 адамға қысқарған. Экономикалық өсімді және тұрақтылықты орындау мақсатында мемлекет индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырды. Аумақтық деңгейде инвестициялық бағдарламаның «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты кіші, орта кәсіпкерлікті дамытып жаңа жұмыс орындарын ашу. Алайда, мемлекет бизнесті аталған бағдарлама бойынша қаржыландырғанымен олардан салық түсімі толық деңгейде түспеуде, бюджет болжамының орындалмауына кері әсерін тигізуде. Бюджет тапшылығы, оның жетіспеушілігі түрлі әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы, жалақының уақтылы төленбеуіне әкеп соқтырады. Осыған байланысты бюджеттің табыстық бөлігін уақтылы және толық орындау, салық салу базасын ұлғайту, резервтерді толығымен пайдалану мақсатында департамент кешенді шаралар қолдануда. Оның ішінде барлық ірі кәсіпорынды жабдықтаушылар, тауармен қамтамасыз етушілер, мемлекеттік сатып алуға қатысушылар, ірі сауда үйлері, қоғамдық тамақтандыру нысандары, жер қойнауын пайдаланушылар және тағы басқа нысандар бойынша талдау жүргізілуде. 2014 жылдың 9 айында республикалық және жергілікті бюджеттен 2446 салық төлеуші 99,7 миллиард теңгеге қаржыланды. Бақылау нәтижесінде бюджеттен қаржыланған мемлекеттік сатып алу шеңберінде салық салмағының үлесі төмен 97 салық төлеушілер сомасы 47,1 миллиард теңгеге анықталды. Талдау жұмыстары бойынша, салық құқығының бұзылуына әкеп соқтырғандар – көбіне өз қызметтерінің нақты түсімдерін және жалдамалы жұмысшылардың санын аз мөлшерде көрсетіп отырған кафе және мейрамхана сынды қоғамдық тамақтану орындары. Осының салдарынан, берілген жалақының нақты төленбеуі, жұмыс берушінің сақтандыру аударымын төмендетуі, міндетті зейнетақы қорына аударылатын төлемнің жасырын қалуы, еңбек зейнетақысын толық көлемде алынбауы азаматтардың конституциялық құқығының бұзылуына әкеп соқтырады. Тараз қаласындағы тамақтану орындарында салық есептілігінде жалдамалы жұмысшылардың орташа саны 1-2 адамнан ғана көрсетілген. Сауда үйлері бойынша, жеке алғанда «Алатау» сауда үйіне жүргізілген талдау жұмыстарының барысында анықталғаны, қызметін тоқтату жөнінде өтініш берген 13 салық төлеуші, қазіргі таңда аталған сауда үйінде қызметін жүзеге асырып отыр. Сонымен қатар, шаруа қожалықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер салық саласында елеулі жеңілдіктерді қолданып отырғанына қарамастан салық төлеуден жалтару үшін шаруа қожалықта жұмыс істейтін жалдамалы жұмысшыларын түгел жасыру байқалуда. Нақтылап айтсақ, 2014 жылғы 1 маусымдағы тіркелген шаруа қожалықтардың саны 16381 болған. Тапсырылған есептіліктері бойынша жұмысшылар саны – 18421 адам, оның ішінде жалдамалы жұмысшылар саны – не бары 2040. Яғни, үлкен жер көлемі болғанмен, шаруа қожалықтар, салық есептіліктерінде өзін ғана көрсетеді, яғни шаруа қожалық төрағасын, тек кейбір жағдайда ғана бір жалдамалы жұмысшыны көрсетеді. Жалдамалы жұмысшыларды анықтау үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жұмыстар жүргізіп, жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтан қосымша түсім түсіруді қамтамасыз ету қажет. Ең өзекті тақырыптардың бірі – жеке тұлғалардың мүлік салығына есептелген сомалардың анық еместігі, өйткені есептелген сома уәкілетті органнан алынған мүліктің бағалау құны негізінде есептеледі. Көбіне, тұрғын жайлардың бағалау құндары нақты құндарына сәйкес келмейді және нарықтық бағадан төмен болады. Ол тұрғын жайлардың бағалау құндары белгіленген құндарынан төмен деп есептейміз. Осыған байланысты, уәкілетті органға мүлікті бағалау әдістемесін өзгерту туралы мәселе көтеру керек. 2014 жылғы 1 желтоқсандағы жағдайға тоқталсақ, 69,8 мың жер телімінен 22,0 миллион теңге және 68 мың тұрғын жайлардан жалпы сомасы 104,2 миллион теңге бюджетке түсім түспей отыр. Бюджетке әрбір үшінші меншік иесі міндетті екенін айтпасқа болмайды. Әсіресе, бұл жұмыстар Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде дұрыс деңгейде ұйымдастырылмай отыр, яғни 56 тұрғын жайлар бойынша мүлік салығының берешек сомасы 102,1 миллион теңге және жер салығы бойынша 57 тұрғын жайлардың берешек сомасы 19,9 миллион теңгені құраған. Сонымен қоса аудандық мемлекеттік кірістер басқармаларының атқарылған жұмыстарының әлсіздігін де атап айтқым келеді. Қозғалтқышының көлемі 4,0 литрдан жоғары көлік құралдарының берешегін жою жұмыстары атқарылу барысында облыс бойынша осындай 988 көлік құралы тіркелген, оның ішінде Салық кодексі бойынша жеңілдік алған, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, көпбалалы аналар мен мүгедектерге тіркелген 598 автокөлік анықталды. Көлік салығын төлеуге тиіс 308 көлік құралы бойынша 82 салық төлеушінің 17,3 миллион теңге берешегі бар. «Көлеңкелі» жалақы жалдамалы жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ете алмайды. Осы бағыттағы жағдайдың жақсаруына мемлекеттік кірістер органына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, халықты әлеуметтік қорғау мекемелері, облыстық қоғамдық бірлестіктері ықпал көрсетуі қажет. Жалдамалы жұмысшыларының барлық негізгі аударылатын төлемдері мен толық жалақысын алуына қызығушылық танытқаны жөн. Бұл өздерінің болашақтағы әлеуметтік кепілі болып табылады.

Асқар ТЫНЫСБЕКОВ, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.