Саясат

Жемқорлықсыз қоғам - нұрлы болашақ кепілі

Жемқорлықсыз қоғам - нұрлы болашақ кепілі

9 желтоқсан - Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай өткен облыстық форумға қатысушы жастардың облыс тұрғындарына Ү Н Д Е У І

Құрметті облыс тұрғындары! Қымбатты жастар! Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз Тәуелсіздік жылдарында ешбір қиындыққа мойымай, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл – еліміздегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің, халқымыздың бірлігі мен ынтымағының, жалпы қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асты. Сондықтан да, Тәуелсіздік, саяси тұрақтылық, келісім мен бейбіт өмір сияқты халқымыздың ынтымақтастық қатынастарын нығайту, оны негізгі құндылықтар ретінде сақтап, қорғау – бүгініміз бен келешегіміздің алдындағы ортақ жауапкершілікті ісіміз. Бүгінде күллі әлем жаһандық дағдарыспен бетпе-бет келіп отырған сәтте, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев көрегендік танытып, мемлекетімізді осынау тығырықтан алып шығатын «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын жолдады. Онда еліміздің биік мақсаттары мен міндеттері айқындалып, яғни «Мәңгілік Ел» идеясы негізінде алға қарышты қадамдарды жасайтынымыз белгілі болды. Міне, осы жолда, еліміздің дамып, көркеюіне бағытталған қандай да бір істің жүзеге асырылуына басты кедергі болатын қоғамдық дерт – сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жоюымыз қажет. Елбасы атап өткендей: «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық – жай құқықбұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады». Нақ сондықтан біз, сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумға қатысушы жастар, барша облыс тұрғындары мен жастарды: – Облысымыздағы түрлі салаларда орын алып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресуге және оның алдын алуға бағытталған іс-шараларға пәрменді түрде қатысуға; – құқық қорғау органдарының жемқорлық әрекеттерге тосқауыл қоюға бағытталған іс-әрекеттеріне қолдау көрсетуге; – атқарушы билік тармақтары мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара байланысын нығайта отырып, жемқорлықпен күресті одан әрі жандандыруға; – жастардың бойында жемқорлық әрекеттерге деген төзімсіздік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында облысымыздың жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында «Жастар жемқорлыққа қарсы!», «Парасыз білім!» «Таза сессия», «Қарсы» акцияларының белсенді түрде өткізілуіне атсалысуға; – «Тәрбие бастауы – жанұядан» деген ұлағатты сөзді ұран етіп, жас ұрпақтың бойын жемқорлық қасиеттерден аулақ ұстау жұмысын өрістетуге; – бұқаралық ақпарат құралдарында жемқорлықпен күрес жолдарын жан-жақты насихаттап, парақорларды аяусыз әшкерелейтін материалдардың тұрақты түрде жарық көруіне өзіндік үлес қосуға шақырамыз. Халқымыздың «Жұмыла көтерген жүк - жеңіл» деген ұлағатты сөзін басшылыққа алып, жемқорлыққа қарсы күреске бір кісідей жұмылайық, жастар!

Еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Баласағұн» мәдениет сарайында «9 желтоқсан — Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне» орай «Жемқорлықсыз қоғам — нұрлы болашақ жолында» атты жастардың облыстық форумы өтті. форумға облыс әкімінің орынбасары тимур жанке қатысып отырды.

Басқосу оған қатысқан облыстағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттеріне, жастардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдеріне, мемлекеттік қызмет саласында істейтін жас мамандарға сыбайлас жемқорлыққа салынушылық пен оның әкелетін салдарлары туралы түсірілген бейнероликтерді көрсетуден басталды. Бұдан кейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсат Қожабаев жастарға сөз арнады. Ол нақтылы кезеңде халықаралық сипат алып отырған сыбайлас жемқорлық қылмыс және құқықбұзушылықпен күреске еліміздің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ жұмылғанын, сыбайластықты ауыздықтауға септесетін арнайы құқықтық базаны жасап нығайтқанын, соның нәтижесінде Елбасының бас болуымен тәуелсіздікке, бостандыққа, демократиялық құндылықтарға негізделген республикамыздың мемлекеттігін тарихи тұрғыда қалыптастыруға қол жеткенін, бүгінгі таңда, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған одан әрі даму стратегиясын жүзеге асыру үшін қарышты қадам жасап келе жатқанын, бірақ діттелінген мақсатқа жету үшін ең алдымен ұлт қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін сыбайлас жемқорлық қылмыс пен құқықбұзушылық көріністеріне тосқауыл қою қажеттігін тілге тиек етті. Департамент басшысы жемқорлықтың кейбір түрлерінің алаңдатарлықтай деңгейде артқандығына мысал ретінде, 2014-2015 жылдарға арналған бәсекеге қабілеттіліктің Жаһандық индексі бойынша бейресми төлемдер мен парақорлықтың таралуы жағынан Қазақстанның әлемдегі 144 елдің арасында 80-інші (2013 жылы 65-інші орын) орынға табан тірегендігі туралы деректі келтірді. Баяндамашы елдегі кадр саясаты мен жемқорлыққа қарсы іс-қимылды тиімді жүзеге асыруда мемлекет пен қоғамның күшін біріктіру мақсатында, Республика Президентінің Жарлығымен ағымдағы жылдың 29 тамызында жаңадан еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылғанын және агенттіктің жұртшылықтың жемқорлыққа қатысты сауатын арттыру мақсатында бірқатар бағдарламалық жобаларды қолға алғандығын жеткізді. Мақсат Аманқұлұлы, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан туындайтын кең ауқымды міндеттерді табысты жүзеге асырып, әлемдегі даму әлеуеті жоғары 30 елдің санатына қосылу үшін еліміздегі жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділік сапасын көтеру қажеттігін, бұл ретте 2015-2025 жылдарға дейінгі кезеңге арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын қабылдаған «Нұр Отан» партиясының, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша құрылған республикалық, аймақтық және аумақтық қоғамдық кеңестердің, барлық деңгейдегі депутаттық корпустардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының жемқорлық дерті жайлаған салаларға кең ауқымды қоғамдық бақылау орнатып келе жатқандығына тоқталды. «Сондай-ақ, осынау игі іске жемқорлыққа қарсы әрқилы дебаттар мен конкурстар және тақырыптық лекциялар өткізу, басқа да форматтағы іс-шаралар ұйымдастыру арқылы тиісті үлес қосып отырған жоғары оқу орындарының студенттері мен маңайына 14 мыңнан астам жасты топтастыра білген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының белсенділігін атап өткен жөн», деді баяндамашы. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы сөзінің соңында форумға қатысушы жастарға жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қоғамның сауатын арттыруға мүмкіндік беретін бірлескен жобалар жасауды, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, авторлық хабарлар ұйымдастыруды, құжатты фильмдер, әлеуметтік бейнероликтер түсіруді, сондай-ақ, өзара интерактивті қарым-қатынастың басқа да формаларын пайдалануды ұсынатындығын білдірді. Форумға қатысқан жастар атынан сөз алған облыстық «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Ғалия Елгембаева, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанаты атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Уәлихан Болатбек жастардың қоғамды жегідей жайлап алған жемқорлықтың кез-келген құбылысына қайыспай қарсы тұрып, жұртшылық арасында сыбайластыққа қарсы төзімсіздік көңіл-күй ауанын орнықтыруға өз үлестерін қосатындығына сендірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық жастар форумы облыс тұрғындарына арнап үндеу қабылдады. Форумда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті бірігіп, мемлекеттік қызметтің имиджін көтеруге арналған мемлекеттік қызмет саласы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген ең үздік жарияланымға жариялаған байқауының жеңімпаздары марапатталды. Соңынан форумға қатысушылар «Кешью» тобының және жергілікті өнер шеберлерінің қатысуымен қойылған концертті тамашалады.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».