Жаңалықтар

Қан майданда қан кешкен ердің дерегі табылды

Қан майданда қан кешкен ердің дерегі табылды

Күндей күркіреп өткен Ұлы Отан соғысында қолына қару алып, қан майданға аттанған талай боздақ жат жерде өлім құшты. Олардың қайсыбірінің дерегі әлі күнге беймәлім. «Ерлікпен қаза тапты» деген тілдей қара қағазды кеудесіне басып, қаншама ата-ана дүниеден озды. Келер жылы сол Жеңістің 70 жылдығы тойланбақ. Адамзатты фашизмнен құтқарып қалған Ұлы Жеңістің қарсаңында майданда хабар-ошарсыз кеткен атасының бір дерегін іздеген отставкадағы полиция подполковнигі Тоймахан Делімбетов Кеңес Одағы Қорғаныс министрлігінің орталық әскери мұрағатына жазып жүріп, Айтбек Делімбетовтің Смоленск облысы, Велижский ауданы, Дорожкино ауылында жерленгені жөнінде анықтама алды. Кебенек киіп майданға аттанған аталарының бір дерегін білген ұрпақтары енді алдағы жылы атасының сүйегі жатқан жерге барып, құлпытас орнатып, Құран бағыштап, туған жердің бір уыс топырағын салмақшы. Қызыл жауынгер Айтбек Делімбетов 1904 жылы бұрынғы Луговой (қазіргі Тұрар Рысқұлов) ауданы «Бірлес» ауылында туған. Ақыртөбе бекетіндегі төрт жылдық мектепті бітірген. 1922-1923 жылдары Әулиеата қаласында Файзул Рахманов деген кулактың қолында жұмыс істеген. Одан кейін Ақыртөбе бекетінде ауылдық тұтынушылар одағында қабылдаушы, сатушы болған. 1932-1933 жылдары «Бірлес» ұжымшары төрағасының орынбасары болыпты. 1932 жылы партия қатарына өткен. Заманның ағымына ілесе білген еті тірі азамат қызмет бабымен Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданына ауысады. Осында 1934 жылдан 1942 жылы соғысқа аттанғанға дейін әртүрлі басшылық қызметте болған. Алдымен Ташкенттегі қысқа мерзімді курсты аяқтап, аудандық партия комитетінде насихатшы, нұсқаушы қызметтерін атқарады. Сарғайған архив қағаздарының арасынан ауданның сол кезгі партия комитетінің бірінші хатшысы А. Торбуновтың саяси қызметкер Айтбек Делімбетовтің іскерлігіне, адалдығына, білімділігіне байланысты берілген мінездемесі сақталыпты. Бұл сол кезгі өлшем бойынша болашағы үлкен кадрларға берілетін мінездеме болатын. Айтқандай көп ұзамай аудандық партия комитеті А. Делімбетовке үлкен сенім артып, «Жаңатұрмыс» ұжымшарына төрағалыққа ұсынады. Төрағалық қызметінде ол ұжымшарды аудандағы озық шаруашылықтар қатарына қосады. Ел басына күн туған соғыс жылдары аудандық партия комитетінің бюросы оны «бронь» бойынша әскер қатарынан алып қалмақшы болғанына қарамастан, өзі сұранып 1942 жылы майданға аттанады. Витебск атқыштар дивизиясының құрамында қатардағы жауынгер ретінде соғысқа кіреді. Бұл дивизия Беларусь майданы құрамында болған. Смоленск, Витебск қалаларын неміс фашистерінен азат етуге қатысқан қиян-кескі ұрыстарда А. Делімбетов жан аямай шайқасады. 1943 жылдың 30 тамызында Смоленск қаласын жаудан босату кезінде ерлікпен қаза табады. Сүйегі Велижский ауданы, Дорожкино ауылында жерленген. Майданға аттанғанда есіл ердің 3 ұл, 1 қызы, жары Дәнегүл жаутаңдап артында қала береді. «Орнында бар оңалар» деген. Отанын қорғап опат болған ердің ұрпағы өсіп жетіліп, үлкен бәйтерекке айналды. Олар бүгінде Байзақ ауданында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Ел басына күн туғанда қолына қару алып, жат жерде опат болған аталарының ерлігін аңыз етіп айтады.

Есіркеп Серікбайұлы,

Байзақ ауданының Құрметті азаматы.