Қауырсын – қалам
Қауырсын – қалам
Тағдыр Мағжан Жұмабаевқа
Кімге айтады жан сырын ішіндегі, Ешкім оны өзіндей түсінбеді. Жан серігі қаламға шақты мұңын, Және әне бір аруға түсіндегі.
Сырлары сыздауықтай солқылдады, (Сәт екен адамды Алла қор қылмағы) Жартастарға соғылды күл-парша боп, Жаралы жүрегінің толқындары.
Шығармай шонжар заман шынжырынан, Зау көкке зулап ұшты, мұңды бір ән... Ақ сазандай алқынды ақын жүрек, Шоршып түсіп «Шолпының» сыңғырынан.
Қанаты қайырылған жаралы ақын, Ай мен күн, от пен судан нәр алатын. Шолпан жұлдыз тағдырын қайталады ол, Таң атпай көк жүзінен жоғалатын.
Өзек қылды ол өлімді өлеңіне, (Өлімді өлең қылып керегі не) Әр сөздің киесі бар дейтін еді, Сұм ажал тартып кетті тереңіне.
Кер заман алға баспай кері айналды, Әттең-ай, бүгінгіні ол көре алмайды. «Шолпанның күнәсінің» куәсі боп, Ақын кетті келмеске, тек ай қалды.
Ақжазықтан ұшып шыққан арман қыз
Ақжазықтан ұшып шыққан арман қыз, Білмедіңіз не күтерін алдан сіз… Алау қаның судай ағып алаңда, Жатсадағы «Ел» деп ұран салғансыз. Халқым деген қаракөзде жоқ жазық, Опасыздар ойран салды ор қазып. Қар астында қалған қызыл гүлдей боп, Үрзада үміт жатты үзіліп нәп-нәзік. Қор болдыңыз ит пен құсқа таланып, Қан жылады аппақ сүттей ар анық. Көзіңізден бұл-бұл ұшты ерке күн, Қолын бұлғап, қош дегендей балалық. Сіз жүргенде күртік қарға малтыға, Мәңгүрттердің мейманасы шалқыды-ә, Сере-сере ақ қар, көк мұз, аязда, Ұлт тағдыры түсіп жатты талқыға. Жылдар өтті жұлдызыңыз сөнгелі, Балғын тәнді қара жерге көмгелі. Қайсар елдің ерлігінің өлшемі, Бұрымды қыз бұғалыққа көнбеді. Тау суындай мөлдіреген Ләззат қыз, Ерлігі үлгі, есімі аңыз, ғажап қыз. Сіздер сыйға тартқан тәуелсіздікті, Шартарапқа мойындатқан қазақпыз!
Еркеназ ШӘРІПХАН, Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназияның 9 «Ә» сынып оқушысы. Тараз қаласы