- Advertisement -

Сұраныстағы табиғи өнім

71

- Advertisement -

Бүгінгі таңда ерекше қажеттілігі бар жандарға көмек көрсету,  жан-жақты қолдауға айрықша  көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Десек те, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлығы дерлік үкіметтен жәрдем күтіп, қол қусырып қарап отырған жоқ. Олардың арасында он екі мүшесі сау адамға үлгі боларлық іс атқарып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандары да бар. Сондай қайсар жандардың бірі – Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Бақтығали Құдайбергенов.

Қырық сегіз жастағы азамат бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Қимыл-қозғалыс мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан, жастайынан еңбекке ерте араласып, дәнекерлеу жұмыстарымен, ағаштан жиһаз жасаумен айналысты. Бірақ бір жарым жыл бұрын денсаулығына байланысты тапсырыспен жиһаз жасау кәсібін тоқтатып, мүлдем басқа салаға ауысып отыр. Қазіргі уақытта ол ауыл шаруашылығы саласында сұранысқа ие тыңайтқыштың бірі – биогумус өндіру кәсібін қолға алған. Яғни, Қазақстанға бейімделген калифорниялық қызыл шылаушынның көмегімен органикалық қалдықтарды (мәселен, төрт түлік малдың қиы, құс саңғырығы, қураған шөп, көкөніс сабақтары, арпа-бидай сабағы, тағы басқа) залалсыздандыра отырып, өңдеумен айналысуда.

Өткен жылы «Органикалық қалдықтарды өңдеу арқылы вермикомпост өндіру» курсынан өтіп, аталмыш саланың қыр-сырын үйренеді. Осыдан кейін үйінің ауласындағы 10 сотық жерде жауын құрты арқылы көңді өңдеу ісін бастапты. «Қазір мұнда 600 шаршы метр қызыл шылаушын бар», – дейді кәсіпкер.

–«Калифорниялық қызыл құрттардың қарапайым құрттан айырмашылығы–ұзақ өмір сүруінде. Олардың арнайы құжаты бар. Қызыл шылаушын осы көңмен қоректенеді, одан шыққан дүниені биогумус деп айтамыз. Бұл – еш қоспасыз табиғи өнім. Осы тыңайтқыштар арқылы таза, органикалық өнім аласыз. Шындығында, биогумустың артықшылықтарын мамандар бірауыздан қолдайды. Біріншіден, бұл арқылы шаруашылықтардағы көңді шығару мәселесі шешіліп отыр, екіншіден, одан таза, органикалық тыңайтқыштар алынады. Сондай-ақ, олар өнімділікті арттырып қана қоймай, жеміс-жидек, көкөністердің сапасына, дәміне оң әсер етеді.

Адамдардың өнімге деген қызығушылығы артып келеді. Әсіресе, диқандар арасында сұраныс жақсы. Қордай ғана емес, өзге аймақтардан да тапсырыс берушілер кездеседі. Өткен жылдың күзінен бері 30-35 текше метр тыңайтқыш өткіздім. Тағы 20 текше метр қалды, оны Алматыға жіберуге дайындап отырмыз. Әзірше дымқылдау болып тұр, 1-2 күнде кептіріп, жөнелтеміз. Ал жалпы биыл 100-150 текше метр өндіру жоспарда бар. Тыңайтқышты банкіге салып сатамыз, 1 литрі 100 теңгеден, – деп алдағы жоспарымен бөлісті маман.

Қазір ауданда вермикомпост өндірумен 46 адам айналысады. Қордай ауданында бұл істі алғашқылардың бірі болып бастаған Бақтығали енді ауданда осы сала мамандарының басын біріктіретін өндірістік кооператив ашуды жоспарлап жүр. «Негізі бұл тыңайтқыштар шетелде бұрыннан жоғары сұранысқа ие. Біздің елде енді- енді дамып келе жатқандықтан, үлкен қолдауды қажет етіп отыр. Алматы облысында отандық биогумус өндіретін ірі кооператив жұмыс істейді. Осындай кооперативті өзіміздің Қордайда да құрсақ деген мақсат бар. Сондай-ақ, бүгінде біздегі басты проблема – жер мәселесі болып отыр. Кәсіпті одан әрі кеңейтейік десек, жер тапшылығы аяққа тұсау болуда. Сондықтан, осы ісімізді қолдайтын инвесторлар немесе бірігіп жұмыс істеймін деушілер болса нұр үстіне нұр болар еді», – дейді ол.

Иә, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде де дәл осы тақырыпты қозғаған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл кәсіпкерлігін дамытуды ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керектігін, топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін баса айтқан-ды.

Әңгіме барысында Бақтығали Құдайбергенов өткен 2022 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен органикалықтың айтқыштарды субсидиялау жөніндегі пилоттық жоба жарияланғанын және оның кәсіп бастаймын деушілерге зор мүмкіндік екенін айтып қалды. «Диқандар, шаруа қожалықтары, ауыл шаруашылығы кооперативтері органикалық тыңайтқыш түрлері – биокомпост, биогумус, сұйық түрі биомиксті ең аз көлемде сатып алып қолданса, оларға жобаға қатысқандарын растайтын сертификат беріледі. Екіншіден, биогумусты қолдану арқылы алған өнімі жайлы мағлұмат беріп, келесі жылға да өтінім қалдырса, оның қанша өнім алғанына қарамастан 50 пайызын мемлекет төлеп береді. Жалпы, минералды тыңайтқыш өндіру ісі бабын білсеңіз өте тиімді кәсіп. Бұл салада ең бастысы, еңбек пен шыдамдылық қажет», – дейді кәсіпкер.

Бақтығалидың кәсібіне ұлдары және көрші тұратын бауырлары да қолғабыс етеді. Бақтығалидың ерік-жігеріне, таңдаған ісіне деген сүйіспеншілігіне таңданбасқа шараң жоқ.

 

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,

журналист.

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support