- Advertisement -

Құрылыс, жол мен энергетика салалары цифрландырылуда

87

- Advertisement -

«Жайлы мектеп» жобасы аясында алдағы үш жылда облыста 12 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Бұл мектептердің төртеуі Тараз қаласында салынса, қалғаны Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Шу аудандарында бой көтермек. Биыл оның 7-еуінің құрылыс жұмыстары басталып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кездесуде облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов мәлімдеді.

– Жайлы мектептердің басқа мектептерден айырмашылығы – оқушылардың қауіпсіздік шаралары артып, онда пәндік кабинеттер, зертханалар болады, бастауыш сынып пен жоғары сынып оқушылары үшін бөлек оқу блоктары, спорт залдары қарастырылады. Сонымен бірге, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қажетті жағдайлар да жасалады.

Ал, ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында екі жылда 30 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарлануда. Биыл 10 нысан салу көзделсе, алдағы жылға 20 нысан салу межеленген, – деді Ерболат Мақсұтханұлы.

Бұдан бөлек, ол өзіне қарасты құрылыс, сәулет, энергетика, автомобиль жолдары және цифрландыру салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Өткен төрт айдың қорытындысы бойынша, құрылыс саласы 147,3, тұрғын үй көлемі 105, байланыс 111,7, көлік және қоймалау 92,5 пайызға орындалған.

– Бүгінгі таңда облысымызда тұрғын үй кезегінде 35,8 мың адам тұр. Жыл соңына дейін 2 564 пәтерлі 45 үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, облыс аумағында әлеуметтік осал және көпбалалы отбасыларға арнап 797 пәтерді республикалық бюджет есебінен сатып алу көзделуде. Жалпы, биылдың қорытындысымен бюджет және жекеменшік қаражат есебінен 698,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 0,7 пайызға асыра орындау жоспарлануда.

Сонымен қатар, «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында 140 жасқа пәтер беру жоспарланып отыр. Өткен жылы 40 жас баспаналы болған еді. Бұдан бөлек, «Асар» жобасы шеңберінде 338 отбасы үйлі болса, биыл 105 отбасын баспанамен қамту көзделген.

Тұрғын үйлер мен аулаларды абаттандыру үшін Тараз қаласындағы 44 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізіледі. Облыс бойынша 42 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына балалар ойын алаңшалары орнатылады. Сондай-ақ, 77 жоба бойынша инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу мен 2 жаңа алқапта 869 жер телімін үлестіру жоспарлануда, – деді облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов.

Құрылыс жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында биыл құрылыс нысандарында 46 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 27 нұсқама беріліп, 77 әкімшілік іс қозғалып, мердігерлерге 21,6 миллион теңгеге айыппұл салынған.

«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 32 ауылдық елді мекендегі 31,3 мың тұрғын таза ауыз суға қол жеткізіп, көрсеткіш 92-ден 96,5 пайызға артпақ. Көгілдір отынмен қамту бойынша биыл 18 елді мекендегі 19,7 мың адамды табиғи газбен қамтып, тұрғындарды қамту үлесін 90,2 пайыздан 92 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Биыл жалпы 10,6 километр жылу жүйелерін ауыстыру жоспарланған. Нәтижесінде, жыл соңында тозу деңгейін 55,5 пайызға төмендету көзделуде. Биыл 46 километр жылу желілерін реконструкциялау бойынша 15 жоба әзірленуде.

Облыста 15 560 километр электр желілері мен 3581 дана трансформатор бар, олардың тозу деңгейі 72 пайыз, яғни 10 891 километрді құрайды. Электр энергиясын тасымалдаушы «Жамбыл электр желілері» ЖШС-мен 456 миллион теңгеге 85 километр электр желілерін қайта жаңарту жоспарланған.

Облыс аумағында ауыз су желілерінің орташа тозу деңгейі 23,2 пайыз. Биыл 5 елді мекеннің (Шу ауданы Төле би, Мойынқұм ауданы Хантау, Сарысу ауданы Ақтоғай, Тоғызкент, Саудакент) 81,173 километр ауыз су құбырлары қайта жаңартылатын болады. Бұл бағытқа республикалық және жергілікті бюджет есебінен 2,4 миллиард теңге қаржы қаралып отыр. Нәтижесінде жыл соңында тозу деңгейін 21 пайызға төмендету көзделген.

Газбен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 17 пайыз, яғни 1173 шақырым желілерді ауыстыру қажет.

Биыл жол салу ісіне 24,7 миллиард теңге бөлініп, әсіресе елді мекен көшелерінің жөнделуіне көңіл бөлінген. Былтыр 357 километр көше жөнделсе, биыл 550 километр көшеге жөндеу жұмыстары жүреді.

Бүгінгі күнде халықаралық «Әулие-Ата» әуежайынан әлеуметтік маңызы бар «Тараз- Алматы-Тараз» бағытында аптасына 7 рет (билет құны 12 000 теңге) әуе рейстері жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, халықаралық транзиттік жаңа бағыттар, яғни «Новосібір- Тараз-Пхукет», «Екатеринбург-Тараз-Пхукет» және «Внуково-Тараз-Дакка» әуе бағыттары бойынша аптасына 2-3 рет рейстер жүргізіліп отыр. Оған қоса, осы жылдың 1 маусымынан бастап аптасына 2 рет әлеуметтік маңызы бар «Тараз-Атырау-Тараз» (билет құны 25 000 теңге) бағытында әуе рейсі қызмет көрсетпекші.

Облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар 71 маршрутқа (36 қалалық, 6 ауданаралық, 26 ауданішілік, 3 теміржол бағыты) биыл 2,93 миллиард теңге субсидия қарастырылған. 2019 жылдан бері 154 бірлік автобус алынған. Биыл жаңа 23 бірлік үлкен сыйымдылықты автобустар қалаға сатып алынды. Жыл соңына дейін тасымалдаушылар 40 бірлік автобус алуды жоспарлауда. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қоғамдық көліктерде электронды билеттеу жүйесі негізінде облысымыз республикада 3-орында тұр екен. Тараз теміржол вокзалы «Қазақстан Темір Жолы» АҚ тарапынан 237,1 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өтті.

Облыстағы барлығы 371 ауылдың 191-і талшықты оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етілген. Мобильді интернетпен қамту көрсеткішіне тоқталсақ, бүгінде облыстағы 367 ауылдық елді мекеннің 73-і – 2G, 124-і – 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетпен қамтылса, 170 елді мекен жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген.

Өткен айда болған «ZHEIF-2023» (ЖЭИФ) халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында облыс әкімі және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы шеңберінде «2023-2027 жылдары Жамбыл облысының елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі» Жол картасы бекітілді. Жол картасына сәйкес, 2025-2027 жылдары 165 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру, 28 елді мекенді электр желілері мен антенна- діңгек құрылысымен, 155 елді мекендегі мемлекеттік мекемелерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен, республикалық және облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделген. Нәтижесінде 2025 жылы облысымыздың елді мекендері 100 пайыз 4G-мен қамтылатын болады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support