Террорлық әрекеттің алдын алу үшін жүктер тексеріледі
Террорлық әрекеттің алдын алу үшін жүктер тексеріледі
Көлік инфрақұрылымы нысандарының террористік тұрғыдан қауіпсіздігін күшейту мақсатында «Көлік туралы» Заңға толықтырулар енгізіліп, жолаушылар мен көлік инфрақұрылымы нысандарына (әуежай, темір жол вокзалдары, автобекеттер) келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарауды жүргізу бекітілді. Оны тексеріп қарауды көлік қызметі субъектісінің қызметкерлері не күзет қызметтерін көрсету жөнінде шарт жасасқан кезде күзет қызметі субъектісінің қызметкерлері жүргізеді. Тексеріп қарау кезінде техникалық құралдар қолданылады. Тексеріп қараудан, жеке тексеріп қараудан жалтаратын адамдар нысандарға жіберілмейді. Террористік қауіптіліктің қандай да бір қауіп деңгейі жарияланбағанда не қауіптің бірқалыпты («сары») деңгейі жарияланған жағдайда тексеру ішінара жүргізіледі. Қауіптің жоғары («қызғылт сары») және шекті («қызыл») деңгейі жарияланған кезде барлығының жүктері тексеріледі. Ондағы мақсат жолаушылардың терроризмге қарсы қорғалуын және олардың қауіпсіздігінің тиісті деңгейінің сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Осы Заңды жүзеге асыру мақсатында Көлік және коммуникация министрлігімен Үкіметтің келесі қаулылары дайындалып бекітілді: «Жолаушыларға және көлік инфрақұрылымы нысандарына келетін адамдарға, олардың алып жүретін заттарына, оның ішінде қол жүгі мен багажына тексеріп қарауды жүргізу қағидалары мен оған қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 16 қазандағы № 1102 қаулысы; «Көлік қызметі субъектілерін жолаушылар мен көлік инфрақұрылымы нысандарына келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарауды жүргізу тәртібі мен талаптарына сәйкестігіне аттестаттау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 шілдедегі № 816 қаулысы; «Тексеріп қарау жүргізілетін көлік инфрақұрылымы нысандарының, оларға қатысты тексеріп қарау жүргізілмейтін адамдардың, көлік инфрақұрылымы нысандарына әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдардың тізбелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 шілдедегі № 817 қаулысы; «Жолаушыларды және көлік инфрақұрылымы нысандарына келетін адамдарды, олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарау кезінде қолданылатын техникалық құралдарға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 маусымдағы № 742 қаулысы.
Шынар Әлібекқызы, журналист.