- Advertisement -

Құндылықтарға құлып салынбауы тиіс

29

- Advertisement -

Біз түркіден тарап, сақтар салған сара жолдың сарынымен, ғұндардың ғұрпын жалғаған қазақ ұлысы болғанымызды, Әулиеатаның текті топырағына хандықтың алтын қазығын алғаш қағып, еңселі ел болғанымызды мақтан етеміз. Себебі, оған негіз бар. Ол – өңірдің өшпес тарихын айшықтап тұрған құнды жәдігерлер, тарихи орындар. Ұлы Жібек жолының бойындағы Тараз шаһары жиырма ғасырдың жауһары екені де әмбеге аян. Мұнда тіпті қазақ хандығына ғана қатысты емес, күллі адамзат тарихына тиесілі жәдігерлер де жетерлік. Бірақ, сол барымызды қаншалықты бағалап, бағдарын бағып отырмыз?

Олай дейтініміз, соңғы жылдары елімізде орын алған аумалы-төкпелі жағдайларға, кешегі карантиндік кезеңге байланысты өңіріміздің ғана емес, еліміздің аумағында туризм саласы тұралап қалды. Десек те, екі мың жыл бойы сан нәубетті бастан кешіп, қабырғасы сөгіліп, жан-жағы жермен-жексен болса да шаңырағын құлатпай, тұрғындарын жоғалтпай, қарт тарихпен замандас болған қазыналы Тараз шәріне, оның тағдырлы шежіресіне деген төрткүл дүниенің қызығушылығы сарқылған емес. Өңір руханиятының шырағын сөндірмей отырған мамандардың айтуынша, өңірге туристердің қарасы жаз мезгілінде артатын көрінеді. Әсіресе, осы мамыр айының соңында ел аумағынан, шет мемлекеттен келетін меймандардың қатары молаяды. Бірақ, біз өзіміздегі құндылықтарды сырт көзге лайықты деңгейде көрсете алып жүрміз бе? Себебі, кешегі бес жарым ғасырлық белесімізді межелеген Қазақ хандығының мерейтойы қарсаңында есігін айқара ашқан бұрынғы көк базардың орнындағы ашық аспан астындағы қазба жұмыстары әлі де жалғасын тапқан жоқ. Аталған аумақтан табылған 4 мыңға жуық жәдігерді сақтайтын «Көне Тараз» музейінің де жағдайы мәз емес. Пайдалануға берілгеніне бес-алты жыл өтпей жатып жарамсыз болып қалды. Жағдайдың сол күйі қозғаусыз тұрғанына биыл сегізінші жылға кетіп барады. Археологиялық аумақта бірде тоқтап, бірде жалғасып отырған қазба жұмыстарының жалпы мерзімі 24 жылды құраған. Соңғы, яғни 2011-2017 жылдар аралығындағы қазба жұмыстары археолог-ғалым Жұман Смаиловтың жетекшілігімен жүргізілген болатын. Жоспар бойынша қалашықтың 10 гектары, яғни төрттен бір бөлігі қазылған. Жауаптылар былтыр қазба жұмыстары жалғасады деп сендіргенімен, бұл жұмыстар биыл да басталмады. Оған қоса, бірер жыл бұрын Жуалы ауданы аумағында екі қабатты ғимараттарымен табылған Баркуаб қалашығы да бұл күнде көне заманнан көрініс беріп, қайтадан ғайып болғандай халде. Мамандардың айтуынша, жұмыстың тоқтап тұрғанына тиісті қаражаттың бөлінбеуі себеп болып отыр. Қазба алаңының төбесі жабылмаса, ондағы аршылған жерлер жауын- шашынның салдарынан қайта үйіндіге айналуы мүмкін. Бұл мәселені былтыр да газетімізде сан мәрте көтерген болатынбыз. Күні кеше ғана облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуі барысында осы мәселені де атап өткен еді.

– «Көне Тараз» музейі ғимаратының жағдайы облыс басшылығының назарында тұрған мәселе. Нысан әлі күнге құрылыс басқармасының теңгерімінде. Сондықтан, аталған басқармаға жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша тапсырма берілген. Құжаттары әзірленсе, алдағы уақытта мәселе оң шешіледі. Оған қоса, Баркуаб қалашығына былтыр жергілікті бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді. Сол секілді қазір Жамбыл ауданында да қазба жұмыстары жүріп жатыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдарымен бірлесіп, Шу ауданындағы Ақтөбе қалашығына да қазба жұмыстарын жүргіземіз. Онда Ақыртастағыдай визит орталығы салынатын болады. Алдағы уақытта бұл аталған орындарды туристердің орталығына айналдырсақ деген жоспарымыз бар.

Бұл мәселе аудан әкімдіктерінің де тікелей бақылауында. Біз өз тарапымыздан бұл істі әлі де жүйелейтін боламыз. Ақтөбе қалашығының құжаттары биыл әзірленсе, оған қажетті қаражат облыстық бюджетте қаралатын болады, – деді өз сөзінде Еркін Құлымбайұлы.

Хош, қалашықтардың жұмысы жалғасады делік. Күні кеше ғана әлеуметтік желілерде Ақыртас кешенінің қақпасында құлып салынып тұрғаны көпшіліктің наразылығын тудырған болатын. Бұл жөнінде кешенге жауапты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи- мәдени қорық-музейінің директоры, фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов бүй дейді:

– Ақыртасқа байланысты «Халық үні» басылымының тілшісі Айнұр Шошаеваның жазбасын журналистік этикаға сай дүние деп есептемеймін. Бұл – білдей бір мекеменің абыройына нұқсан келтіру. Әрине, мұнысы дұрыс болмаған. Басылым халыққа ақиқаты анықталмаған ақпарат таратып алып, артынша жазбаны алып тастады. Қазір Ақыртас кешенінің көп жылдан бері бүтінделмеген құжаттары жасалып жатыр және ол жерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда қызметкерлер, жөндеу жұмыстарына орай, кесте бойынша қызметін атқаруда. Алдағы маусым айынан бастап тұрақты жұмысшылар болады. Қызметкерлеріміз құрылысқа қажетті заттарды алып келуге кеткен кезде жоғарыда аталған азаматша «кешен жабық тұр» деп жағдайдың байыбына бармай, жазба жариялап жіберген. Әйтпесе, кез келген келушіге кешеннің есігі күнделікті ашық. Оған қоса, өзім басшылыққа келген күннен бастап өңірдің рухани басты брендіне айналған Қарахан мен Айша бибі кесенелерінің есігін халыққа тәулік бойы ашқызып қойдым. Бұрындары тек халыққа сегіз сағат қызмет көрсетіп келді. Себебі, алыстан келетін зиярат етушілер кесенеге кешкі, түнгі уақыттарда жетеді. Сол секілді, күре жолдан бес шақырым жерде жатқан Ақтөбе- Баласағұн қалашығы үшін, сол жолдың бойынан визит орталығын салу бойынша тиісті орындарға ұсыныс берілді. «Қазқайтажаңғырту» мекемесіне арнайы барып, Ақыртастың құжаттары әкелінді. Қазір облыс аумағындағы тарихи орындардың құжаттарын қайта жасауды қолға алып жатырмыз. Мәселен, бұрын Ақыртастың аумағы 14 гектар жер болса, бұл күндегі қорғау аймағы көлемі 700 гектардан асады. Сол секілді, Құлан қалашығы бұрын 26 гектар болса, қазір 500 гектарды қамтиды. Себебі, сол қалашықтардың өмір сүрген кезеңінде маңайында обалар, басқа да қалашыққа тиесілі аумақтар болған. Оның маңына өзге құрылыс нысандарын салуға болмайды деген талап бар. Мекеме тарапынан соның барлығы ескеріліп отыр. Бұл істің бәрі болашақ ұрпақ үшін, тарихымызды толық бағдарлау үшін қажет болғандықтан солай жасалуы тиіс. Біздің басты міндетіміз – тарихи орындарды сақтау және қорғау. Жер аяғы кеңіген жаз мезгілінде тарихи нысандарға келушілердің саны арта түседі. Мекеменің кем-кетігін қамтамасыз ету үшін Министрлік бұйрығымен тарихи орындарға кіру үшін кассалық жүйе енгізілген. Бұл – жалғыз Жамбыл облысы емес, басқа облыстарда да солай. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын да халықтың игілігі үшін өз уақытында аяқтаймыз деген сенімдеміз. Бірақ оның нысанға келіп-кетушілерге кедергісі жоқ, – дейді Берік Мырзалыұлы.

Ал, күні кеше ғана Жамбыл ауданы аумағынан сақ дәуіріне тиесілі қазан табылып, бұл тарихи сенсацияға айналды. Біз бұл тұста археолог мамандардың да пікірін білдік.

– Қоладан жасалған қазан Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылынан оңтүстікке қарай 600 метр жердегі Ақтөбе зират орнынан, жердің жоғарғы қабатынан 1 жарым метрден табылып отыр. Бұл орынға мен ауыл тұрғындарының өтінішімен бардым. Қазан ерте темір дәуірінің сақтар кезеңіне жатады. Сол замандағы Тәңіршілдік сеніммен иесімен бірге жерге көмілген. Уақыты шамамен біздің заманымызға дейінгі III-V ғасырларды қамтиды. Біздің өңірде бұл кезең өте аз зерттелген. Кеңестік кезеңде Жетітөбе, Үштөбе, Берікқара обалы қорымдарында кішігірім зерттеу ғана жүрген. Әлкей Марғұлан атындағы археология ғылыми-зерттеу институты қазанды зерттеуге өз қызығушылықтарын білдіріп отыр. Ел аумағында Сақтар мәдениеті тек Шығыс, Орталық Қазақстан мен Жетісу өңіріне кең таралған деп келдік. Бізден табылуы мәдениеттің таралу аймағын кеңейтіп отыр. Мұндай дерек сирек кездеседі. Алдағы уақытта үлкен зерттеу жұмыстарын қажет етеді, – дейді белгілі археолог Сауран Қалиев.

Жасыратыны жоқ, құм астындағы мұндай құндылықтарды зерделеумен облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы айналысуы керек. Дейтұрғанмен, қазанды тапқан Ертай Оразбаевтың айтуынша, жәдігердің анықталғанына бір жетіден асып кетсе де өз еркімен қызығушылық білдірген Сауран Қалиевтен басқа бірде-бір маман атбасын бұрмапты. «Қазанды ауыл маңында қабір қазып жүріп тауып алдым. Саланың маманы болмағандықтан жәдігерді қайда жеткізетінімізді, не істеу керектігін білмедік. Мұндай жағдайда арнайы мамандар айналысуы керек қой. Оған жауапты мекеменің де бар екенін енді естіп жатырмыз. Бірақ әлі күнге анықталған жәдігер бойынша ресми мамандар келіп, зерделеу жүргізген жоқ», дейді ол.

Қорыта айтқанда, кім екенімізді және кімнен тарағанымызды айшықтайтын тарихи құжат, ол – осы жәдігерлеріміз мен тарихи орындар екенін түсінетін кез жеткелі қашан. Бірақ көздің қарашығындай сақтайтын құндылықтарымызды әуелі көзбен көріп, қолмен ұстап, лайықты бағасын бере алмай жүргеніміз өкінішті. Қалай дегенмен, өшпес құндылықтарымызбен ғана жер бетінде қазақ деген ұлы ұлт болып қалатынымызды ұмытпағанымыз абзал!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ  

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support