Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары анықталды
Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары анықталды
–Аталған конкурс жыл сайынғы дәстүрге айналған іс- шара. Оған қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ, тек кемінде үш жыл мінсіз мемлекеттік қызмет өтілі бар, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін шешілмеген әкімшілік жазалары және тәртіптік жазалары жоқ «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері жіберіледі. Бүгінгі өңірлік комиссия отырысында байқау талаптарына сәйкес берілген кейстік тапсырмаға мотивациялық эссе мен бейне жауаптарын уақтылы және сапалы жолдаған қатысушылармен сұхбат жүргізіліп, нәтижесінде өңірдің үздік мемлекеттік қызметшісі анықталады, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің бас маманы Фариза Төлентаева. Бір ай бұрын басталған республикалық байқауды әр аймақта әр білікті маманның бағын ашатын жемісті жоба деуге болады. Жалпы, биыл облыстың барлық мемлекеттік органдарынан 45 мемлекеттік қызметші конкурсқа қатысуға ниет білдірген. Олардың 7-еуі белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты конкурсқа жіберілмеді. Ал, қалған қатысушыларға бір мезгілде whatsapp арқылы елімізде шағын және моноқалаларды одан әрі қалай дамытуға болатындығы туралы кейстік тапсырма жолданды. «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсын ұйымдастыру және өткізудің әдістемелік ұсынымдарының талаптарына сәйкес жүргізілген өңірлік комиссияның отырысына аймақтың аты озған қызметкерлері жобаларын жасақтап кірді. Жалпы, тапсырма бойынша мотивациялық эссе мен бейне жауаптарын уақтылы берген 19 қызметшімен олардың кәсіби дағдыларын бағалау мақсатында әңгімелесу форматында құрылымдық сұхбат жүргізілді. Әрқайсысы елдегі моноқалаларды қалай дамытуға болады деген тапсырманы орындап, соған сай өздерінің жаңғырту жобаларын ұсынды. Жақында аталған конкурстың өңірлік комиссиясының қорытынды отырысы болып, республикалық кезеңге жолданатын жеңімпаздар анықталды. Комиссия шешімімен «2023 жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары болып Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптікке шендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық-аумақтық инспекциясының бас маманы Әйгерім Алсаева мен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының бас маманы Ақерке Пашанова танылды. Өңірлік кезеңнің қос жеңімпазы енді республикалық кезеңде бақ сынайды. – Мемлекеттік қызметші – елдің айнасы секілді. Себебі, ол – қашан да биліктің айқын бейнесін көрсетуші тұлға. Сондықтан, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – жауапты міндет. Өзім осы үдеден көрінуге тырысып келемін. Өңірдің үздік мемлекеттік қызметшісі атану мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Осы жетістігім жаңа Қазақстанның дамуына үлес қосуға, ел абыройы үшін аянбай қызмет етуіме үлкен күш-қуат береді, – дейді облыстың үздік мемлекеттік қызметшісі Әйгерім Алсаева.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП