Жамбылда не жаңалық?

Денсаулық – басты назарда

Денсаулық – басты назарда

Елбасы Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында ауқымды және зор міндеттер айқындалды. Жеті бағыт бойынша  инфрақұрылымдық даму жоспары белгіленген жаңа экономикалық саясаттың өзегі – көліктік, индустриялық, энергетикалық, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, әрі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты сумен және жылумен жабдықтауды жаңғырту болды. Осылардың ішінде, әсіресе,  денсаулық сақтау саласы қызметкерлері үшін  әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселесі назарға алынатындығы көңілімізге қуаныш ұялатады.

Себебі, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы дұрыс болмай, оның денсаулығы мықты болмайды. Елімізде қашан да адам капиталын дамыту – басты орында екендігі белгілі. Ұлт саулығын қалыптастыру – біздің табысты болашағымыздың негізі екендігі өткен жылдың бас құжатында да нақтылап айтылған болатын. Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы тарапынан өңірде халық денсаулығын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып отырған жұмыстар нәтижесінде халықтың медициналық қызметке деген қолжетімділігі артып келеді. Бүгінде облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау секторында 42 аурухана, соның ішіндегі 10 орталық аудандық аурухана және 7 ауылдық аурухана, 328 амбулаториялық-емханалық ұйым, соның ішіндегі 114 дәрігерлік амбулатория жұмыс істеуде. Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторында 12 аурухана және 25 амбулаториялық-емханалық ұйым бар. Облысымыздың денсаулық сақтау саласы жылдан-жылға ерекше қарқынмен дамып келеді. Оның бір айғағы – Жамбыл облысында денсаулық сақтау нысандарының құрылысын тұрғызу бойынша «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы аясында 7 нысан салу көзделіп, оған республикалық бюджеттен арнайы қаржы көзі бөлінген болатын. Осыған орай, жаңа инновациялық технологиялармен жабдықталған, жылына 15,0 мың литр қан құюға арналған облыстық қан орталығы, сондай-ақ, Тараз қаласының батыс бөлігінде орталық блокты біріктіретін 4 қабаттан тұратын, бір ауысымда 500 адамға қызмет етуге арналған №5 қалалық емхана, 200 орындық көп профильді облыстық балалар ауруханасы, 200 төсекке арналған қалалық көпсалалы балалар ауруханасы, Жамбыл ауданының Аса ауылында 250 келімге арналған аудандық орталық емхана құрылысы заманауи талаптарға сай жабдықталып, кең көлемді медициналық қызмет ету орны ретінде салынды. Соңғы төрт жылда облыста 63 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарына жедел медициналық көмек көрсету мақсатында соңғы жылдары санитарлық авиация қызметі де қалпына келтіріліп, көптеген аурулардың дер кезінде жоғары деңгейде дәрігерлік көмек алуына мүмкіндік кеңейе түсті. Бүгінгі таңда бұл бөлімше жаңа көліктер мен реанимобильдермен қамтамасыз етілген. Олардан басқа санавиация жүйесіндегі «АН-2» ұшағы да шалғай ауылдар мен ауылдық елді мекендер тұрғындарына жедел медициналық қызмет көрсету бағытында жұмыс атқаруда. Облыстық перинатальдық орталықтың жанындағы консультативтік-көлік бригадасының жұмысы күшейтілді. Облыстық емдеу мекемелерінің дәрігер-мамандары аудандық ауруханалармен (Байзақ және Жамбыл АОА-дан басқа) телемедициналық байланыс арқылы қажет болған жағдайда дер кезінде кеңес беріп отырады. Бүгінде телемедицина арқылы республикалық ғылыми орталықтармен (Алматы, Астана қалаларындағы) де байланыс едәуір жақсарды. 2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы шеңберінде 2013 жылдан бастап амбулаториялық-емханалық ұйымдарда, оның ішінде №7 және №9, №4 қалалық емханаларында, Меркі ауданында маммологиялық және онкологиялық кабинеттер ашылды. 2014 жылдың 1 қарашасынан бастап 20 онкологиялық, 15 маммологиялық және 1 проктологиялық кабинеттер халыққа қызмет көрсетуде. Осы жылдың 10 айында денсаулық сақтау саласында 2790 дәрігер және 9915 орта буын медициналық қызметкерлері жұмыс істейді, 10 мың адамға шаққанда 25,8 дәрігер және 87 орта буын маманы келеді. Аталған уақытта облысқа 114 жас маман келді, оның 92-сі ауылдық жерлерге жіберілді. Кадр тапшылығын төмендету үшін еліміздегі жоғары оқу орындарының 104 бітірушісімен алдын-ала келісім шарттар жасалды. Төрт ауданда тұрғын-жай бөлу мәселесі шешілуде. Мәселен, Т. Рысқұлов ауданында тұрғын-жай ақысы аудан әкімінің шешімімен төленетін болады. 2015 жылдан бастап жаңа тұрғызылатын дәрігерлік амбулаториямен қоса қызметтік тұрғын үйлер де соғылады. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың еліміздің басты байлығы халық денсаулығына, жалпы денсаулық сақтау саласын дамытуға аса зор көңіл бөліп отырғаны баршаға белгілі. Әсіресе, ауырғаннан ауырмаудың алдын-алуды жылда қадап айтып келеді. Саламатты өмір салтының жастар арасында қалыптасуының маңызы өте зор. Бұл бағытта жүргізілетін жұмыстар: ауру шақыратын факторлардың әсерін төмендетуге, ішімдіктің, темекінің, есірткінің зияндығына, қимыл-қозғалыстың аздығына, құнарлы тамақтанбауға қарсы жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстарына негіз салды. Денсаулықтың жоғары деңгейiне жетудiң ең маңызды мақсаты саламатты өмiр салтын және әр азаматтың өз денсаулығына деген жаңа көзқарасын қалыптастыру болып табылады, бұл әр адамның табиғи және iшкi қажеттiлiгiне айналуға тиiс. Саламатты өмір салтын ұстану – зиянды әдеттерден аулақ болып, спортпен айналысумен қоса, дұрыс тамақтана білу. Өкінішке қарай, халқымыз, көбінесе, дұрыс тамақтануға жеткілікті көңіл бөле бермейді. Адам майлы тамақтармен қатар, тұзды, қуырылған тамақтардан өзін шектеп отыруы қажет. Сондай-ақ құстың, балықтың, жылқының етін араластырып жеуді үйренуі тиіс. Яғни, дұрыс тамақтану – саламатты өмір салтын сақтаудың кепілі. Егер біз саламатты тамақтана білсек, бүйрек, қан-тамырлары ауруы мен ісік ауруларының азаюына мүмкіндік туар еді. «Ауру – астан» дейді. Сондықтан, саламатты өмір салтын ұстануды дұрыс тамақтанудан бастау қажет. Осы орайда үлкен бір қасірет бар екендігін де айта кеткен жөн, ол – арақ пен есірткі. Бұл екеуі талай үйдің есіл ерлерін адам қатарынан шығарып жібергенін, талай жанды бақытсыз күйге түсіріп, құт шаңырақты, ұйыған отбасын ойран етіп, ару жардың, сәбилердің өмірін өксіткенін айтып тауысу мүмкін емес. Спиртті ішімдіктер мен есірткі, алдымен, адам миына зиянды әсер етіп, орталық жасуша жүйесін зақымдайды. Аз мөлшерде қабылдағанның өзінде орталық жүйке жүйесіне бірден әсер етеді. Соның салдарынан айналадағы дүниені қабылдау қабілеті төмендейді, байқағыштығы нашарлайды, есту, көру сезімдері әлсірейді, уақытты шамалауы бұрмаланады. Осыншама зияндылығы болса да, оны тұтынатын жастардың да, үлгі болар ересектердің де саны бүгінгі таңда азаймай тұр. Есірткі мен ішімдік – адам болашағын бұлыңғыр етіп, бақытсыздыққа душар ететін үлкен қасірет. Көз тоймастай алтын басты ерлеріміздің бұл торға түсіп, қор болғанын көзіміз көріп жүр. Адам өмірі – Алланың оған берген үлкен сыйы және аманаты. Аманатқа қиянат жасауға ешкімнің қақы жоқ. Демек, біз өміріміз үшін, денсаулығымыз үшін жауаптымыз. Темекіден, ішімдіктен, есірткіден аулақ болып, саламатты өмір салтын ұстану арқылы баянды бақытқа, жарқын болашаққа, асқақ арманға жете аламыз. Бірінші байлық – денсаулықты бағалауымыз керек. Ол үшін, әрине, дәрігерлерге уақтылы қаралып, кезекті тексерулерден өтіп тұру қажет. Мемлекет басшысы ауырғаннан ауырмаудың алдын алу керектігіне, профилактикалық іс-шаралардың дер кезінде жүргізілуіне үлкен мән беріп, адамның өмір сүруінің ұзақтығы саламатты өмір салтын дұрыс ұстануына байланысты екенін қадап айтып келеді. Сол себепті, біздің негізгі мақсатымыз – тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін азаматтардың өз денсаулығына деген ынтымақты жауапкершілігін қалыптастыру, жастардың арасында дене шынықтыруды және спортты насихаттау, сонымен қатар, саламатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Дәрігерлердің біліктілігі мен білімділігі, медицинаның бәсекелестік тудыра алатын технологиялары барынша жетілгенімен, егер, адамдар өз денсаулығына өздері жауапты қарамаса, аурудың алдын-алуға әрекет жасамаса, ұлт саулығын қалыптастыру мүмкін емес.

Толқын ӨМІРБАЕВА,

облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз орталығының жетекшісі.